18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Мәзхаб туралыққа бастайды

Мінбер

Ислам дінінің өрісі кеңейіп, түрлі тайпа мен қауым өкілдері арасында тарала бастаған уақытта, мұсылмандарда үнемі дінге қатысты азаматтық, қылмыстық, экономикалық, саяси мәселелерге байланысты сұрақтар туындап отыратын. Соның әсерінен қоғамдағы түрлі әлеуметтік түйіткілдерді ретке келтіріп отыру үшін Құран мен сүннетке сай келетін заңнамалық жүйе қалыптастыру қажеттілігі алға шықты. Уақыт өте Құран мен сүннетке сай келетін заңнамалық жинақ бір сөзбен – шариғат (тура жол, тура бағыт) деп аталып кетті. Шариғаттың іс жүзінде көрініс таба бастаған кезден бастап мұсылмандардың күнделікті өмірлеріндегі жүріс-тұрыстарын жан-жақты толық қамтыды.

Ислами заңнамаларды қарастыру мәселесі алғаш рет Мәдина қаласында бастау алды. Кейіннен, ислам діні басқа аймақтарға жайылған сайын, мұсылмандар арасындағы мәселелерді шариғи ретке келтіру орталықтары Ирактағы – Куфа, Басра, Бағдат сияқты қалаларда да ашылды. Бағдат шаһары көп ұзамай Мәдина сияқты ислами ірі орталықтың біріне айналды. Сондай-ақ, ислам құқығының негізі дәл осы Бағдатта құрылғаны тарихтан белгілі.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мен халифалар дәуірінде мұсылмандар арасында ағымға бөліну құбылыстары болмаған. Уақыт өте келе мұсылмандар бірте-бірте түрлі ағымға бөліне бастады.  Жік-жікке бөліну Әлидің мұсылмандар халифі болып тұрған тұсында көрініс тапты. Ислам дінінің таралуы араб түбегімен ғана шектелмеген еді. Ислам діні жеткен аймақтарда барлығы бірдей діни қағидаларды толық түсіне алмады. Сондықтан, қоғамда дінді дұрыс түсіне алмаған себепті орын алған діни, саяси, әлеуметтік проблемалар, мұсылмандардың ағымдарға бөліне бастауына әкеп соғады. Мәселен, 661-750 жылдар арасында тарихта Умея әулеті билік құрған уақыты болғаны белгілі. Сол тұста Умеялықтар қоғам арасында билікті тиімді жүргізе алмағандықтан, басқару жүйесінде кемшіліктер жіберуі салдарынан ағымдар саны көбейді.

Сонымен қатар, Құранды түсіну ерекшеліктеріне байланысты да шариғи ауытқушылықтар бой көрсете бастады. Бір ғалымдар Құрандағы аяттардың сыртқы мағынасы бойынша түсінгендіктен захириттер, ал ішкі астыртын мағынасымен түсініктеме бергендер батиниттер деп аталып кетті. Арабтарда және дінді енді қабылдаған ұлт пен ұлыстар арасында әсіре ұлтшылдық пен нәсілшілдік те байқала бастады. Оның үстіне, түрлі саяси топтар билікке таласты. Мұсылмандардың кейбіріне философиялық ілім әсер етсе, енді біріне  керітартпалық пен асырасілтеушілік ықпалын тигізді. Осман ибн Аффан халиф болған тұста және одан кейінгі уақыттан бастап мұсылман қоғамы арасында хауариж, шиитер, мұғтазилә, жәбрия, қадария, муржия секілді ағымдар пайда бола бастады. Осылайша, пайғамбар Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бастап, Әли өмір сүрген уақыт арасында шариғи заңнамалар қалыптасып, халифалық дәуір өткен соң көп ұзамай мұсылмандық төрт құқықтық мектеп құрылды.  Бұл құқықтық мектептер кейінірек мәзхаб деген атқа ие болып, күнделікті тұрмыстағы мұсылмандар арасындағы түрлі жағдайларды реттеп, ағымдардың алдын алуға бейімделе бастады. Мәзхабтың төртеуі де аббасидтер басқарған дәуірінде алғашқы жүз жылдығында пайда болды. Ол төрт құқықтық мектеп – мәзхабтардың негіздерін қалағандар Әбу Ханифа, Мәлик ибн Әнас, Мұхаммад әш-Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал болды. Кейін мәзхабтардың атаулары, негіздерін қалаған ғұламалардың есімдерімен ханафи, малики, шафиғи, ханбали деп аталып кетті.

Аталмыш мәзхабтардың ұстанымдары бір болғанымен, кейбір құқықтық мәселелерге қатысты айырмашылықтар бар. Сенім жағынан ешбір айырмашылықтары жоқ. Мәзхабтар саны төртеу болуының себебі, сол кезде мұсылман қоғамында болған атақты ғалым-ғұламалардың арасында Әбу Ханифа, Мәлик ибн Әнас, Мұхаммад әш-Шафиғи, Ахмад ибн Ханбалдардың артынан ерушілер саны көбірек болғандықтан. Қалған ғалымдардың артынан ергендер саны аз болған соң, олардың білімдері өздері тұрған мекендерінен алысқа жайыла қоймады. Ғалым кісі әрбір фәтуа-үкімді дәлелге сүйеніп айтады. Бірақ бір ғалымның берген фәтуасына басқа ғалым келіспеуі мүмкін. Келіспеу деген сөз қарсы шығу дегенді білдірмейтінін де түсіну керек. Әрбір ғалымның өзінің дәлелі мен діни үкім шығару тәсілі бар. Сондықтан, исламда бір мәзхабтікі дұрыс, екіншісі бұрыс деуге болмайды.

«Мәзхаб» сөзі араб тіліндегі «зәһәбә» (бару) етістігінен шыққан, «жүрілген жол», «баратын жер», «бағыт» және «көзқарас» деген мағыналарды білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын «мәзхаб» деп атайды. Сонымен қатар діни мәселелерге байланысты түрлі үкімдер беретін топты – мәзхаб деп атайды. Құран мен сүннетті негізге ала отырып қалыптасқан құқықтық мектептердің бар болуы мұсылмандар үшін аса маңызды. Мұсылман үмбеті арасында мәзхабтардың қалыптасу тарихынан хабарсыздар арасында «мәзхаб ұстану қате және бидғат (діндегі жаңалық)» деген көзқарастар орын алуда. Бұл орайда олар сахабалардың кезінде мәзхаб болмағанын алға тартады. Алайда, төрт мәзхабқа дейін ешбір мәзхаб болмады деген сөзбен исламдағы ғалымдар келіспейді. Олардың айтуынша, мәзхаб ұстану сахабалар кезінде де болған, тек мәзхаб деген атқа ие болмады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың қасында үнемі жүріп, одан үлгі-өнегені бойына жақсы сіңірген сахабалар, кейбір жағдайларда жекелеген мәселелерде халық арасында фәтуа мен үкім беру міндетін атқарды. Ондай сахабалар өзгелерге қарағанда исламды тереңірек білген. Олар түсіну қабілеті, зейіні мен мінез-құлқының ерекшеліктері жағынан жан-жақты таңдалған адамдар, ұзақ уақыт бойы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбармен замандас, дос болған адамдар еді. Мұсылмандар арасында қандай да бір сұрақтар туындап жатса, олар ең әуелі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға барып үкімін сұрап отыратын. Ал Мәдинадан алыс жерде тұратындар болса, жергілікті ислами білімі терең сахабаға барып фәтуа сұрайтын. Үкім беруге лайықты саналған сахабалар қатарында Салман Фариси, Абу Сәғид Ал-Хұдри, Умму Салама, Абу Хурайра, Әнас сияқтылар болды.

Ханафи, малики, шафиғи, ханбали мәзхабтардың пайда болып қалыптасуы – ислам дініндегі алған орны ерекше болып табылады. Мәзхабтар – қоғамда жік-жікке бөліну, дінді бұрмалау мен үкімдерді өзгерту сияқты теріс әсер тигізетін құбылыстардың болуын тоқтатты. Мұсылман қоғамы халифалық кезеңнен кейін бөлініп ыдырай бастаса, төрт мәзхабтың келуімен мұсылман қоғамы бастарын біріктіре бастады. Дегенмен, төрт мәзхаб пайда болып, ағымдардың жойылғанымен олардың кейбір сенім-идеологиялары әлі күнге дейін сақталып келеді. Мәзхабтар әдістемесінде ислами мәселелер «Муттафақун алайһ» және «Мухталафун фиһ» деп екіге бөлінеді. Біріншісі – нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденген барлық ислам ғұламаларының бір көзқарастағы мәселелері. Мысалы, Алланың жалғыздығына, соңғы пайғамбардың Мұхаммед (с.ғ.с.) екеніне, намаз, зекет, қажылықтың т.б. парыз екендігіне барлық мұсылмандар арасында еш талас-тартыс жоқ. Мұсылмандардың бір көзқараста болған осындай мәселелеріне қарсы шыққан адамға: «Сенікі дұрыс емес, сен адасудасың», - деп айтуға болады. Бірақ «Мухталафун фиһ», яғни мұсылмандардың әу бастан әр түрлі көзқараста болған кейбір мәселелерінде белгілі бір көзқарасты таңдаған адам басқа бір көзқарастағы адамға: «Сендердікі дүрыс емес, тек қана біздікі дұрыс, біздің жол – ақиқат жолы, сендер адасып жүрсіңдер», - деп айта алмайды. Тек «Менің таңдағаным, меніңше дұрысырақ», - деп қана айта алады. Осы орайда, ханафи, малики, шафиғи, ханбали мәзхабтар өз уақытында біраз ағымдарға тосқауыл бола алғаны анық.

Мәзхабтардың негізін қалаған Әбу Ханифа (80-150 хижри/699-767 миләди), Мәлик ибн Әнас (93-179 хижри/712-795 миләди), Мұхаммад әш-Шафиғи (150-204 хижри/767-820 миләди), Ахмад ибн Ханбал (164-241 хижри/780-855 миләди) ғалымдардың әрқайсысының соңынан ерген шәкірттерінің арасынан мықты ислам ғұламаларының шыққаны тарихи деректерден белгілі. Әбу Ханифа ұстаздық ғұмырында мыңға жуық шәкірт оқытып шыққан. Сол шәкірттерінің ішінен 28 шәкірті қазылық ететін, 6 шәкірті фәтуа бере алатын, 2 шәкірті қазыларға сабақ беретін дәржеге дейін жеткен. Ең танымал шәкірттері Имам Әбу Юсуф Яқуб ибн Ибраһим әл-Куфи, Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбани, Әбу һузәйл Зуфар ибн Һузәйл ибн Қайс әл-Куфи, Хасан ибн Зияд әл-Лулу болды. Деректер бойынша, Әбу Ханифаның әлем бойынша бірнеше аймақтарында шәкірттер дайындады. Олар Куфа, Басра, Бағдат, Бұхара, Самарқанд, Хорезм сияқты жерлерде өмір сүрген. Ханафи мәзхабы қазақ жеріне Умея халифаты (VII-VIII ғ.) тұсында шығысқа жасаған жорықтардан кейін тарала бастады. Қақақстандағы мұсылмандарының барлығы дерлік ежелден ханафи мәзхабын ұстанып келеді. Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ханафи мәзхабында.

Мәлик ибн Әнас Құранды толық жаттап, көп ғалымдардан дәріс алады. Ғылым жолында әбден шыңдалады. Ол Мәдина қаласына туылып, сол жерде ғұмыр кешті. Мәлик ибн Әнас қаншама көп ұстаздардан тәлім алған болса, соншама шәкірттерді де дайындаған ғалым. Имам Мәликтің шәкірттері Мысырда, Солтүстік Африкада кеңінен тарады. Солардың қатарында ең танымал: Әбу Абдуллах Абдуррахман ибн Қасым, Әбу Мұхаммед Абдуллах ибн Уахб ибн Муслим, Асбағ ибн Фәраж әл-Әмәуи т.б. бар. Қазіргі кезде Мәлики мәзхабын Сауд Арабия, Мысыр, Тунис, Марокко сынды мемлекеттерде көбірек ұстанады.

Әбу Абдуллах Мұхаммед ибн Идрис әш-Шафиғи Ғазада діни сауатын ашады, Құранды толық жаттайды. Меккеге барып хадис ілімін меңгереді. Хадис және фикһ ілімдерін арнайы ғалымдардан үйренеді. Имам Шафиғи 20 жасына толғанда өз бетінше фәтуа шығару дәрежесіне жетеді. Бірақ білімге деген құштарлығы себебінен, қазилық қызмет атқаруға асықпайды. Сол тұста, мұсылман әлемінде мұғтазила ағымы белең ала бастаған болатын. Имам Шафиғи болса олардың бағыттарын мүлдем құптамай қатты сынға алды. Ғалым соңынан өзі жазған көптеген еңбектерді қалды. Сонымен қатар, Мекке, Бағдат, Мысырда көбірек болып, әр жерде біраз шәкірттер оқытып дайындады. Танымал шәкірттерінің қатарында: Әбу Бәкір әл-Хумайди, Әбу Али Карабиси, Әбу Яқуб Юсуф ибн Яхия әл-Бууәйти, Хармәлә ибн Яхия ибн Хармәлә т.б. бар. Қазіргі таңда шафиғилер Мысыр, Сирия, Йемен, Оман, Бахрейн секілді біраз мемлекеттерде тараған.

Ахмад ибн Ханбал хадис пен фиқһ ілімдерін Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуфтан үйренеді. Ол өзінінің аса тақуалығымен, сабырлығымен танымал болды. Он бес жасында хадис іліміне көбірек ден қояды. Бағдатта ұзақ жыл дәріс алады. Ахмад ибн Ханбал сахабалардың фиқһына және табиғин ғалымдардың фәтуаларына қызығушылық танытады. Фәтуа мәселелерін, фиқһи жағдаяттарды жақсылап меңгеріп, кейіннен үйренген әдістерді қолдана отырып өзі де фәтуа беру дәрежесіне жетіп қалады. Қанша білімді болғанымен, қырық жасына дейін шәкірт дайындамайды фәтуаны да  бермейді. Ханбали мәзхабының дамуы VII және IX ғасырда Хижаз бен Ирак аймағында дами бастады. Мәзхабтар  жағынан, ханбали мектебі хронологиялық тұрғыдан алғанда қалған үш мәзхабтардан кейін пайда болды. Имам Ахмадтың шәкірттері аз болмады. Танымал шәкірттерінің қатарында Әл-Әсрам Әбу Бәкір Ахмад ибн Мұхаммед ибн Һани әл-Хорасани, Харб ибн Исмайыл әл-Ханзали әл-Кирмани және үлкен ұлы Салих ибн Ахмад ибн Ханбал мен ортаншы ұлы Абдуллах ибн Ахмад ибн Ханбалды атап көрсетуге болады. Имам Ахмадтың тәпсір, хадис, ақида, фиқһ ілімдерінен біраз еңбектер жазып қалдырды. Ханбали мәзхабы ислам әлемінде өзге үш мәзхаб сияқты кеңінен тарамады. Қазіргі ханбали мәзхабын ұстанатындар Сауд Арабия, Кувейт, Катар, Ирак, Сирия, Мысырда кездеседі.

Ислам мәзхабтары – бөлінуге емес, бірігуге бастайтын құқықтық мектептер. Құран мен сүннетке негізделген ханафи, мәлики, шафиғи және ханбали секілді мәзхабтар мұсылман азаматтар өмір сүрген қоғамдарда береке-бірліктің орнығуына, ішкі тұрақтылықтың сақталуына  өзіндік септігін тигізген. Мәзхаб ғұламалары діннің шеңберінде қоғамның этникалық ерекшелігін, менталитеті мен жағдаятын, уақыт пен кеңістікке байланысты туындаған жайттарды ескере отырып, кейбір мәселелерде түрлі үкімдер шығарған. Мәзхабтардың қалыптасуы осындай қарапайым шарттардан орын алған. Егер кейбір мәселелер әртүрлі қоғамдарда бірегей шешімдерге ие болғанда, мұсылман үмбетінде көптеген қиындықтар туындауы айқын еді.

Дегенмен, қазіргі қоғамдағы мұсылмандар арасында мәзхабсыздықты қолдайтындар кездеседі. Мәзхаб ұстанбайтындардың пікірінше, әр мұсылман шариғатты өзі оқып үйреніп алу керек. Әр адам араб тілін үйреніп алса болғаны, Құранды, сүннетті өз бетінше меңгере алады. Ешқандай мәзхабтың артына ермей тек Құран және сүннетпен ғана жүру керек дегенді айтады. Кезінде мұсылмандар қауымы ескі мәдениеттің ықпалынан шыға алмай, тылсымды тануда бір-бірімен тартысып, түрлі наным-сенімдерге еліктеп, діннің ұғынылуын дұрыс түсінбеу себебінен исламда түрлі ағымдар пайда болғаны белгілі. Осы орайда, бұл кереғар ағымдармен күресуде, оның алдын алу жолында мәзхабтардың алған орны ерекше болғанын айту керек. Ислам діні тәпсір, хадис, фиқһ, ақида (сенім) басқа да салаларды зерттейтін ілімдерді қамтиды. Бұл ілімдердің әрқайсысының артында тарихта ізін қалдырып кеткен ғалымдары бар. Мәзхабтардың негізін қалаған Әбу Ханифа, Мәлик ибн Әнас, Мұхаммад әш-Шафиғи, Ахмад ибн Ханбалдар өз кезінде ағымдарға төтеп беру үшін, мұсылман қоғамы арасында түрлі мәселелердің алдын алуы үшін қызмет еткендері тарихтан мәлім. Мәзхаб ғұламалары діннің шеңберінде қоғамның этникалық ерекшелігін, менталитеті мен жағдаятын, уақыт пен кеңістікке байланысты туындаған жайттарды ескере отырып, кейбір мәселелерде түрлі үкімдер шығарған. Егер кейбір мәселелер әртүрлі қоғамдарда бірегей шешімдерге ие болғанда, мұсылман үмбетінде көптеген қиындықтар туындауы айқын еді. Ислам дінін ұстанушы қазіргі ғалым-ғұламалардың айтуларынша, мәзхабсыздық адасуға, қателесуге, дінді дұрыс түсінбеуге, дінді бұрмалауға алып барады. Ғасырлар бойы қалыптасқан, барлық сұрақтарға жауап берген, өмірдегі түрлі мәселелерді оңай шешкен мәзхабтарға еруді мұсылман қауымының барлығы дерлік қолдайды.

Жанақ БЕРІКБОЛ,

 «Әлжан ана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: