29
Жұма,
Наурыз

һижри

Қазақстанның жетекші діни бірлестіктері басшыларының экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі үндеуі

Ел іші

Бүгінгі күнде бүкіл әлем берік­тік­ті сынауды бастан кешіруде. Адам­дарда бейбіт қатар өмір сүру мен адамгершіліктің рухани іргетасының әлсіреуінің себебінен Жер шарының жекелеген аймақтарында қақтығыстар шиеленісті. Жалған діни ұрандармен бүркемеленген экстремизм мен терроризм бүкіл адамзаттың қауіпсіздігіне қауіп төндіруде.

Қазақстан да өткен жексенбіде Ақтөбе қаласында адам өліміне әкелген сорақы сипаттағы зорлық актілерімен байланысты оқиғаны басынан кешірді. Осы зұлымдықты жасаған лаңкесшілер ең басты нәрседен қате жіберді – Қазақстан халқын лаңкестіктің ешқандай түрімен қорқыта алмайды. Бұндай әрекеттің мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының қарсаңында орын алғаны оның зымияндығын көрсетеді.

Адамгершілікке жат бұл әрекет ғасырлар бойы бейбіт және тату көршілікте өмір сүріп келе жатқан түрлі этностар мен мәдениет және дін өкілдерінен тұратын Қазақстан халқын одан сайын біріктіре түсті. Біздің еліміздің тарихы біздің қасиетті жерімізде ғасырлар бойы Қазақстанды туған үйі санайтын ислам, православие, католик және иудаизм өкілдері қатар өмір сүріп, еңбек етіп отырғанын дәлелдейді.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Өзіміздің ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Қоғамдағы бірлік пен елдегі тұрақтылық болмайынша біздің болашақ дамуымыз, барлық ойға алғандарымызды жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты маңызды басымдыққа ие болып қала береді», – деуі осыны аңғартады.

Елбасымыз халықаралық қауым­дастыққа «Әлем. XXI ғасыр» манифе­сін жариялай отырып, «Соғыссыз әлем» ортақ бағдарламасы шеңберінде әлем елдерін қазіргі таңдағы зама­науи дағдарысты еңсеру жолында күш-жігерін біріктіруге шақырды.

Адам – Жаратушының ғажап жаратылысы. Әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі өсиеттерінің бірі кісі өлтіруге тыйым салу болып табылады. Террористер мен экстремистердің қандай да діни мәтіндерді пайдаланып, қандай да жоғары беделді тұлғалардың аттарын жамылғанымен, олардың іс-әрекеттерінен өз айналасына қайғы-қасірет, азап және күйзеліс тарату арқылы зұлымдыққа қызмет ететіндерін көруге болады.

Осыған байланысты біз, Қа­зақ­станның жетекші діни бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері, Қазақстан Республикасы Президентінің әлемдегі бейбітшілікті сақтауға бағытталған бастамаларына толығымен қолдау білдіреміз.

Біз Ақтөбеде орын алған қылмыс­тық әрекеттерді үзілді-кесілді айыптай­мыз, сондай-ақ, экстремизм мен тер­ро­­ри­змнің кез келген көрініс­тері мен түр­лерін үзілді-кесілді қабылда­май­мыз, зорлық-зомбылықтың кез келген түрін діни тұрғыдан ақтау әрекеттерін айыптаймыз.

Дін мен экстремизмнің үйлес­пей­тінін мәлімдейміз, жазықсыз адам­дардың өліміне әкеп соғатын әлемнің түрлі аймақтарында орын алып жатқан қатыгез террористік әрекеттерге үлкен алаңдатушылық білдіреміз.

Біз барлық отандастарымызға: біздің ортақ құндылықтарымызға қарсы шыққан және әлемнің тұрақты дамуына қарсы бағытталған экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы тұруға, барлық адамзаттың қауіпсіздігінің негізі адамдардың бейбіт өмір сүру болып табылатындықтан, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға ықпал етуге, өз күшімізді Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы жасампаз еңбек пен адамгершілік мұраттарды ілгерілетуге жұмылдыру арқылы этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға жағдай жасауға үндеу жариялаймыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, 
бас мүфти Е.Маямеров, 
Қазақстан Республикасындағы Орыс православ шіркеуінің
басшысы,

Астана және Қазақстан Митрополиті Александр
Астанадағы Қасиетті Мәриям Архиепархиясының Архиепископы 
Томаш Пэта 
Қазақстанның Бас раввині Е.Коген

Бөлісу: