16
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Мансапқорлық маңдайға біткен сормен тең

Мақалалар

Бүгiнде қызметте тез өскен адамды жұрт табысты жан деп есептейдi. Жастардың көпшiлiгi карьералық өсудi өмiрлiк мақсаты етiп ұстанған. Өкiнiштiсi, бүгiнгi буын қарапайым жұмысшы мамандығын игерiп, адал еңбекпен өмiр сүрудi ар көретiн болып барады. Шетiнен директор, әкiм, депутат, прокурор, сот бола бермекшi. Әрине, терең бiлiм, жылдар бойы қалыптасқан тәжiрибе мен қажырлы еңбегiнiң арқасында басшы қызметке тағайындалып жатса, оған ешкiмнiң қарсылығы жоқ.

Бiрақ, қазiр бiздегiлердiң көбiсi мансабын өсiру үшiн қандай айла-шарғыға бармайды дейсiң. Көкесiн ортаға салу, пара беру, бiреудiң орнын тартып алу үшiн оған нақақтан жала жауып, арыз жазу, үлкен басшыларға жағымпаздану, тағысын-тағылардың ешқайсысынан тайынбайды. Сондағы ойы басшы болса мал-мүлiк жинап қалуға жол ашылады, қала бердi өзiнен төмендерге өктем сөйлеп, тiзесiн батыратын мүмкiндiк бар. Сол әуре жандар басшылық, билiк, күш-құдiрет және әдiлдiк атаулының бәрi жалғыз Аллаға тән екенiн бiлмейдi-ау. Олар шариғат бойынша адамның билiкке ұмтылуына нелiктен тыйым салынғанын түсiнбейдi, түсiнгiсi де келмейдi.

Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбардың бiр хадисiнде «Әкiмшiлiктi сұрама, егер (билiк) саған (өз) тiлегiң бойынша берiлсе, оның жауапкершiлiгi бiр саған жүктеледi (яғни, Алланың қолдауынсыз қаласың), ал, егер өз тiлегiңсiз берiлсе, онда бұл iсте Алладан медет табасың» делiнген. Менiңше, бұл хадисте ұлы нұсқау бар. Пенде лауазымды қызметке өзi сұранып, таласып-тартысып ұмтылмауы керек. Себебi, қателесу мен кемшiлiк жiберу пендеге тән нәрсе. Ертең қияметте өзiң ұмтылып-жығылып жүрiп иеленген лауазымыңда жiберген кемшiлiгiң мен қатең үшiн жауап беруiңе тура келедi. Ал, сен ұмтылмасаң да Алла нәсiп етiп, басшы болып жатсаң, онда Жаратушы Иемiз саған өзi жәрдем берiп, қызметтi абыроймен атқарып, қайыр мен береке табасың. Алда-жалда қателiктерге бой алдырсаң да аса қамқор, ерекше мейiрiмдi Алла қателiгiңдi кешiредi.

Билiкке өзiң сұранып, талас-тартыс арқылы келудiң тағы бiр қатерi бар. Мұндай жолмен билiкке келген адам өзiнiң Алланың алдында мүлде дәрменсiз, әлсiз екенiн ұмыта бастайды. Бәрiне өз күшiммен жеттiм деп ойлап, рахымды Алладан медет-жәрдем тiлеудi қойып, күпiрлiкке бой алдыруы мүмкiн.

Ханафи мазһабының негiзiн қалаушы хазiретi имам Ағзам Әбу Ханифаны бiлмейтiн мұсылман жоқ шығар. Сол кiсi шариғатқа, Құран мен сүннетке жетiк, әрi тақуалығы өте күштi бола тұрып, қазылық қызметтен бас тартқан. Өйткенi, жауапкершiлiгiнен қорқып, қиямет күнiнде жауап бере алмаймын деп ойлаған. Қазы дегенiңiз қазiргi судья ғой. Оның үкiмi адамдардың тағдырын шешедi. Қателессе бiр адамның обалына қалмақ. Бiр отбасының, тiптi, әулеттiң шаңырағын ортасына түсiрмек. Мұжтахид ғалымның өзi осынау жауапкершiлiгiнен қорыққан болса, қазiргi кейбiр адамдар судьялыққа таласып жатады.

Әрине, қазiр де басшылыққа Алланың қолдауымен, адал еңбегiмен келген жандар жетерлiк. Бәлкiм олардың лауазымы анау айтқандай жоғары да емес шығар. Есесiне, олар мемлекет пен халық өзiне сенiп тапсырған мал-мүлiк пен қазына қаржысына титтей де қиянат жасамайды, бiреуден бiр тиын алмайды, бастықпын деп өзгелерге өктемдiк жасамайды, әдiлдiк пен шындыққа ғана жүгiнiп, елге, айналасындағы адамдарға барынша пайдалы жұмыс iстейдi. Соған сәйкес, Алла олардың мәртебесiн биiк етiп қойған.

Ал, бiз тек сайлау сайын барын шашып депутаттыққа таласып жүргендер мен лауазымы өзiн жамандық атаулыдан сақтап, бақытқа жеткiзедi деп ойлап, креслосына табынып жүрген жандар бiр сәт ойланса деп едiк. Сiз сұрамай, Алланың өзi нәсiп етiп билiкке, басшылыққа келсеңiз, онда қызметiңiз сiздiң – бағыңыз. Әйтпесе, ұмтылып-жығылып жүрiп жеткен мансабыңыз сорыңыз болуы да бек мүмкiн.

Бүгiнде адамдардың билiкке таласуы қоғамда жемқорлық дертiнiң асқынуына әкелiп соғуда. Өзi қыруар ақшаны параға берiп қызметке тұрған басшы ендi сол ақшасын еселеп қайтарып алғысы келедi. Сондай озбырлардың салдарынан ең ақыры мектеп пен ауруханадағы еден жуушының орны да «сатылатын» хәлге жеттiк. Жемқорлық пен парақорлықтың дiнiмiздегi үкiмi – харам. Исламда бұған үзiлдi-кесiлдi тыйым салынған. Ол үлкен күнәлардан саналады.

Жалпы, кез келген мәселе Құран аяттары мен хадистерге жүгiне отырып шешiледi. Бұл жөнiнде Алла Тағала қасиеттi Құран Кәрiмде (Мәида сүресi, 42-аят): «Олар өтiрiкке құлақ салушы, арам жеушiлер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкiм бер, немесе олардан жүзiңдi бұр. Егер олардан жүз бұрсаң, олар саған ешбiр зиянын тигiзе алмайды. Ал, егер араларына үкiм берсең, тура үкiм бер. Шәксiз Алла турашылдарды сүйедi» деген. Аяттағы «арам жеушiлер» дегенi – өзгенiң мал-мүлкiн иемденiп, ақысын жегендер. Ал, тәпсiрнама деректерiндегi Сағид Бин Жубайр «Мұнда жемқорлық турасында айтылған» деп түсiнiк берген.

Ендi бiр аят жолында Алла Тағала (Бақара сүресi, 188-аят): «Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, бiле тұра адамдардың малынан бiр бөлiгiн жеу үшiн билерге апармаңдар» делiнген. Мұндағы аят жолында мағынасы ашық келген.

Дiннiң сыбайлас жемқорлыққа тыйым салғанына бiрден-бiр дәйек – осы аяттар. Парақордың табысы – арам екендiгiн пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бiр хадисiнен анық көруге болады. Әбу Хумайда әл-Сағидия (р.а) жеткiзген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Лауазымдық қызметтегi тұлғаға берiлген сыйлық – арам жолмен табылған жалақысы» деген екен. Ибн Бурайда (р.а) әкесiнен жеткiзген келесi бiр хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үш түрлi қазы болады, олардың екеуi тозақта, ал, бiреуi жұмақта. Өз дегенiн орындаймын деп үкiм шығарған және бiлiмсiз бола тұра үкiм шығарған қазылар – тозақта. Ал, әрдайым шындыққа жүгiнген қазы – жұмақта» деген.

Мiне, Алла Тағаланың жемқорлық пен парақорлыққа тыйым салып, оны үлкен күнәлардың қатарына қосқанына көз жеткiздiк. Арсыздыққа, ұятсыздыққа бой алдырып, қасиеттi кiтаптар арқылы жiберiлген әмiрлерге қарсы шығып, үлкен күнәлардан тыйылмаған қомғамдарға Алланың апат пен азап жiберiп жазалайтынын адамзаттың тарихы талай дәлелдеген.

Ислам дiнiнiң ғұлама ғалымдары Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерiнiң негiзiнде ақыр заманның, яғни қиямет күнiнiң жақындағанының түрлi белгiлерiн айтқан. Сол белгiлердiң бiрi – билiкке лайықсыз адамдардың келуi. Қоғам мен мемлекеттi жемқорлық жайлаған тұста билiкке лайықсыз адамдардың келетiнi рас. Билiк әдiл, адал, қарапайым халықтың, әлсiз жандардың қамын ойлайтын мейiрiмдi адамдардың емес, дөрекi, мәдениетсiз, имансыз, бар ойлағаны пайда табу болған адамдардың қолына өткен соң ол елде жақсылықтың бола қоюы қиын. Мұндай қоғамда күштiлердiң әлсiздерге зорлық көрсетуi, ұрлық пен ұятсыздық қалыпты құбылысқа айналып кетуi бек мүмкiн.

Үлкен басшылар халықпен тiкелей жұмыс iстесетiн төменгi буын басшылық қызметтерге нағыз лайықты адамдарды таңдап қойса, қандай керемет болар едi?! Бiрақ, бұл оңай емес. Себебi, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың бiр хадисiнде «Адамдар, негiзiнде, арасынан мiнiске жарайтын бiреуiн әзер табатын жүз түйе сияқты» деп айтылған. Бұл жерде Алланың елшiсi адамдардың көпшiлiгiнде түрлi кемшiлiктердiң болатынын, олардың арасында кемелдiкке жеткен немесе соған жақындаған адамдардың өте сирек болатынын айтып тұр. Яғни адамдардың арасынан лауазымды қызметке қоюға лайықтыларын табу оңай емес. Патшалар мен әкiмдердiң мықтылығы халықтың арасынан сондай сиректердi жазбай танып, билiктi соларға беруiнде болуы тиiс.

Ахыретiн ойламай бүгiнгi күнiмен ғана өмiр сүрiп жүргендердiң хәлi нендей аянышты. Лайым Алла олардың тура жолға түсуiн нәсiп етсiн. Жалған дүниенiң байлығы мен билiгiне елiтiп, өмiрдiң қызығы мен ойын-сауығына батып жүргендерге қасиеттi Құранда қатаң ескерту бар. Алла Тағалла Анғам сүресiнiң 70-аятында «Сондай дiндерiн ойын-сауыққа айырбастағандарды және дүние тiршiлiгiнде билiк пен байлық қуғандарды Құранмен ескерт. Бiреу қылығы үшiн зиянға ұшырамасын. Негiзiнен оларға Алладан өзге дос не жәрдемшi жоқ. Және олардан ешқандай төлеу алынбайды. Мiне, сондай қылықтарының салдарынан жанышталғандар үшiн қарсылықтары себептi қайнап тұрған судан сусын, әрi жан түршiгерлiк алау азабы бар» деп қатаң ескерткен.

Ойланайық, ағайын! Байлық жинап, мансап қуып, қызыққа батамыз деп жүрiп жаратқан жаббар Иемiздiң қаһарына ұшырап жүрмейiк.

 

Әбiлхайыр ҚОСУАҚОВ,

дiнтанушы.

Бөлісу: