19
Жұма,
Сәуір

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келуі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Әбділмүттәліптің тәуекелі мен Аллаға шын берілгендігі, Әбраха мен әскерінің басынан өткен жағдайлар ауыздан-ауызға тарап аңызға айналды.

Елдің санасы оянып, хазірет Ибраһим мен хазірет Исмайылдың дұға етіп, жалбарына жүріп салған Қағбасына ешкімнің қол тигізе алмайтыны баршаға сабақ болады. Міне, енді әлем осы дұғалардың қабыл болып, орындалатын уақытына дайындалып жатты.

Соңғы нәбиге жүкті кезінде хазірет Әмина аяғы ауыр басқа әйелдер секілді қиналмады. Жанын рақым самал желпіп, жүктілік мерзімі жеңіл өтті. Оның үстіне кейде соншалық жағымды үнмен құлағына бір дауыс келіп сыбырлайтын. Бір күні ол дауыс: «Сен үмбеттің басшысына жүктісің. Сәбиді залымның жамандығынан бір Құдайға тапсырамын де, атын «Мұхаммед» деп қой» деп аян береді.

Әмина қатты толқыды. «Үмбеттің басшысы болады» деген не сөз? Оның үстіне «Мұхаммед» деген есім де ерекше көрінеді. Ол кезде бұл есім көпшілікке таныс емес еді. Бүкіл Хижазда тек үш адамның есімі «Мұхаммед» болатын. Үшеуінің де әкесі – патша сарайларындағы әһли кітап иелері. Барлығы да әйелдері жүкті кезінде өмірден өткен. Қайтыс болардан бұрын егер ұл бала дүниеге келсе, атын «Мұхаммед» деп қоюды әйелдеріне өсиет етіп кеткен, өйткені олар ақырзаманда келетін соңғы нәбидің аты да «Мұхаммед» болатынын және оның жұлдызының туатын кезі жақындағанын да білетін. Міне, осы жағдай енді хазірет Әминаның басынан өтіп жатты.

Құрсағындағы аманаты туралы түстерді жиі көретін, осыдан кейін жүгі жеңілдегендей болды. Бір күні Әмина түсінде денесінен бір үлкен нұрдың шыққанын көреді және осы нұр арқылы Басра мен Шам өлкелерінің сарайларының нұрланғанына куә болады.

Бес жүз жетпіс бірінші жылдың жиырмасыншы сәуірі болатын. Піл оқиғасынан арада елу күн уақыт өткен. Ай күнтізбесі бойынша рабиуләууәл айының он екісі, дүйсенбі күні. Таң енді қылаң бере бүкіл қараңғылықты жарыққа қауыштыратындай керемет жағдай болды. Хазірет Әминаның қасында Әбдірахман ибн Ауфтың анасы Шифа деген әйел мен Осман ибн Әбул Астың анасы Фатима бар еді. Айы-күні жетіп отырған хазірет Әмина босанып, ғасырлар бойы ауыздан-ауызға жалғасып, аты аңызға айналған соңғы сұлтан Мұхаммед (с.ғ.с) жарық дүние есігін ашты. Өмірге келген Әминаның баласы басқа балаларға мүлдем ұқсамайтын. Еріндері қимылдап, бір нәрселер айтатын. Шифа хатун назар салып тыңдаса, «Алла саған рақымдылық етсін!» дегенін естиді. Бөлменің іші бір сәтте нұрланып сала берді, шығыс пен батыс осы нұрмен нұрланды. Тіпті, осы нұр грек сарайларында да байқалды. Фатима Хатун куә болғандай, үйдің барлық бұрышы нұрға бөленіп, сәуле шаша бастайды. Дәл бір көктегі жұлдыздар жақындап келіп, үстіне төгілердей болып көрінген еді.

Дереу Әбділмүттәліпке хабар жіберілді. Қағбада құлшылық жасап жатқан атасы әбігерге түсіп, асығып үйіне келді. Әлем күткен нұрды құшағына алған кезде қуанғаннан сақалы жасқа шыланды. Қос жауырынының арасындағы белгі баршаның назарын аударды, өйткені бұл дін ғалымдары айтқандай, келетін соңғы нәбидің пайғамбарлық мөрі болатын.

Әбділмүттәліп Жаратушы Раббысына алғысын білдіру үшін немересін алып, Қағбаға барады. Сол жолы алғаш рет Қағба өзінің сыңарымен қауышқан еді. Абдуллаһтың баласына неге мұндай ат қойғанын сұрағандарға Әбділмүттәліп: «Түсімде күміс алқа көрдім, ортасынан бір тірек пайда болып, бір жағы көкке, екіншісі жерге кіріп, бір жағы шығысқа, екінші жағы батысқа қарап көтерілді. Бір кезде ол бір ағашқа бет бұрып, содан ұстауға ұмтыла бастады», - деп жауап берді.

Түсін жорытқанда олар «тегіңнен шығатын бір адам шығыс пен батысқа сүйеу болып, барлығы соның жолын ұстанып, артынан ереді. Көк пен жердегілердің барлығы оны пір тұтатын болады» деп жорыды. Әбділмүттәліп бұларды хазірет Әминаның айтқандарымен ұштастырып, немересінің есімін нық сеніммен «Мұхаммед» деп қойды.

Арада жеті күн өткеннен кейін арабтардың дәстүрлі салты бойынша Әбділмүттәліп те Абдуллаһтың баласын сүндетке отырғызды.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір апталық кезінен бастап Әбу Ләһәбтің күңі Сүәйба емізді. Немере інісінің туылғанын айтып сүйінші сұрағанда Әбу Ләһәб бұл күңді азат еткен болатын. Немере інісінің Исламды уағыздауына қарсы болып, ат құйрығын кесіскен көкесінің тек осы күңді азат еткен игілікті әрекеті үшін ғана ақырет азабынан аз да болса құтылатыны туралы айтылады. Қайтыс болғанына бір жыл өткеннен кейін бауыры хазірет Аббастың түсіне кіріп, өкініштен зар илеген Әбу Ләһәбтан:

-  Саған не болды? – деп сұрағанда:

-  Сендерден кейін қайырлы еш нәрсе көрмедім, тек Сүәйбаны азат еткенім үшін бір жұтым су алу мүмкіндігім болды, - деп жауап береді.

Сүт ана Сүәйба одан бұрын Әбділмүттәліптің тағы бір баласы және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ағасы хазірет Хамзаны да емізген. Осы тұрғыдан хазірет Хамза мен Алла Расулы(с.ғ.с) емшектес бауырлар болып саналады.

Бөлісу: