20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Адамдық аты өшпесін

Ғибратнама

Хазіреті Омардың халифалығының дәуірі болатын. Бір күні қаладан жырақта тұратын бір жас жігіт асау атпен түс мезгілінде Мадина қаласына келді. Қалаға кірмей тұрып, құрма бақшасының көлеңкесіне жатып, атымен бірге тынығып алғанды жөн көрді. Осы кезде ат байлаулы тұрған жерінде жұлқынып, құрманың бұтағын сындырып жіберді.

Мұны көрген құрма бақшасының иесі жерден үлкен тас алып атқа қарай лақтырып жібереді. Тас аттың шекесіне тиіп, ат сол жерде өлді. Жігіт ашуға булығып, әлгі қарияны атты ұрған таспен қойып қалады. Қария да тиген кезде-ақ жерге омақаса құлап, тіл тартпай кетті.

Сол мезетте қарияның ірі денелі екі баласы жетіп келеді. Әкелерінің өлгенін сезген үлкен баласы таспен ұрып жүріп, жігітті ұстап алады. Сөйтіп халифаның алдына байлап алып келеді.

Жігіт адам өлтіргенін мойындайды. Хазіреті Омар адам өлтіргеннің жазасы деп, оны да өлтіріңдер деп үкім шығарады.

Жігіт шығарылған үкімге ешқандай қарсылық білдірмейді. Бірақ бір өтінішін айтады. Әкем дүниеден өтер шағында, ініме тастаған мирасты маған аманат етіп тастап кеткен еді. Оны бір жерге жасырып қойған болатынмын. Жасырған жерімді менен басқа ешкім білмейді. Егер мені осы жерде өлтіретін болсаңыздар, мен әкемнің аманатын орындай алмай қаламын. Оның үстіне інімнің жағдайы не болады. Сондықтан маған үш күн мұрсат беріңіздер, ініме берілген мирасты сенімді біреуге тапсырып келсем. Осы үш күннің ішінде адамдық атымен кепілдікке бір адамды тапсырсам қалай болады? – дейді. Ол жердегілердің ешқайсысы үндемей тұрып қалады.

Жігіттің қатты қиналып тұрғанын көрген Әбу Зәр:

-Мен саған кепіл боламын. Бар да жұмысыңды тындырып кел, - дейді. Ол жердегілердің барлығы аң-таң боп қалады.

Хазіреті Омар Әбу Зәрға бұл істің ешқандай әзілі жоқ екенін, егер жігіт қайтып келмесе, орнына оны асатындығын түсіндіріп айтты. Әбу Зәр:

-Ей, Омар! Қалауың болсын! – деп келісімін берді. Сөйтіп жігітті босатып жібереді.

Оның келетініне ешкім сенбейді. Барлығы Әбу Зәрға іштей жанашырлық танытып, аяушылықпен қарайды. Берілген үш күн өткенге дейін, әлгі жігіттен ешқандай хабар-ошар болмайды. Айтылған мерзімнің уақыт сәті келіп жетеді.

Істің басы қасында болғандардың барлығы атақты сахаба Әбу Зәрдің өлімнен құтылатын ешқандай шарасы жоқ екенін жақсы білетін. Дау көтеріп келген қарияның екі баласы да шешімдерінен кері қайтпайтындай еді. Хазіреті Омардың да шығарған үкімін орындамай қоймайтындығы түсінікті болатын.

Адамдардың барлығы не болар екен деп, абыржып тұрған кезде, әлгі жігіт шыға келді. Ол халифаға былай дейді:

-Мені көпшілік адам келмейді деп ойлады. Бірақ мен уәдемде тұрдым. Ал енді шығарылған үкімді орындауларыңызға болады.

Ол Әбу Зәрға шын көңілімен ризашылығын білдірді. Жігіттің уәдесінде тұрып, шыншылдық танытқанына разы болған шағымданушы екі жігіт шағымдарын қайтып алады.

Кейбіреулер Әбу Зәрға:

-Ей, Әбу Зәр! Кепіл болған адамың жайлы айтып берсеңші. Ол қандай қауымнан шыққан, - деп сұрады. Сонда Әбу Зәр:

-Мен ол жайлы ешнәрсе білмеймін. Танымаған адамым жайлы не айтайын..., - деп жауап береді.

-Олай болса, танымайтын адамыңа не үшін кепіл болдың. Анау-мынау емес, ақыры өліммен бітеді ғой, - деп сұрақ қойғанда, Әбу Зәр былай жауап қайырады:

-Бұл жігіт әкесінің айтқан өсиетін ойлап қиналып тұрды. Ол өз сөзінде адам аты үшін деп кепілдік сұрап, адамдықты еске түсіріп, мұңлы көзбен қарады. Бірақ ешкімнен үн шықпады. Егер мен де шықпайтын болсам, «Адамдық пен қайырымдылықтың аты өшкен екен ғой» дейтін еді. Мұны қайта жаңғырту үшін, танымайтын жігіттің орнына кепіл болуға разы болдым.

Бөлісу: