29
Жұма,
Наурыз

һижри

Адам о дүниеге аттанғаннан кейін жыртыс, тәбәрік беру, киім тарату сияқты үрдістер орын алып жатады. Бұл шариғатқа қайшы емес пе?

Сұхбат

Қайтыс болған кісінің артынан жыртыс, тәбәрік, киім тарату қазақ халқының салт-дәстүріне сіңісіп кеткен үрдістер. Мұның бәрін мұсылман халқымыздың қайтқан кісінің атынан  садақа беру ниетімен жасайтындығы белгілі. Ислам діні бойынша, қайтыс болған кісінің атынан садақа беруге болады және оның сауабы өліге тиеді деп есептеледі.

Бір күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Менің әкем қайтыс болды. Артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниесін (пәлен жерге берілсін) деп өсиет етпеді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріле ме?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия» деп жауап қатады (Муслим, «Сахих»). Осы хадисте садақаның дүниеден өткен кісіге арналып жасалғанда сауабының оған жететіндігі айтылған. «Бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені ол жайында хадистер бар» деген (Сайд Сабиқ, «Фиқһус-сунна»).

Фиқһ ғалымдары садақа сауабының өліге тиетіндігін айтқан. Сондықтан жыртыс, тәбәрік, киім таратудың бәрі садақа ниетімен жасалғанда, сауабы өліге тиеді. Яғни бұл амалдар садақа ниетімен жасалуы қажет. Осындай ниетпен жасалғанда шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ, қайта керісінше, кұп көрінеді. Бірақ бұл амалдар шамасы келмейтін адамдарға жүктелмейді. Яғни шамасы келетін адамдар ғана жасауына болады, ал шамасы жетпейтіндерді дініміз бұған мәжбүрлемейді.

Ал қаралы үйде тамақ пісіруге келетін болсақ, ислам діні бойынша ол үйде тамақ пісіріп, қонақтарға дастарқан жаю емес,  керісінше көңіл айтып келген туыстары мен көршілерінің қаралы үйге тамақ ала келуі өсиет етіледі. Тіпті сахаба Жағфар қайтыс болғанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) айналасындағыларға «Жағфардың үйіндегілерге тамақ әзірлеңдер, себебі олардың басына бір қиындық туды» деген. (Әбу Дәууд, «Сүнән»). Алайда алыстан кісілер келгенде оларға тамақ берудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Бұл туралы Жәрир ибн Абдуллаһ: «Егер тамақ пісіру қажет болса, пісіруге болады. Себебі қаралы жерге жаназа үшін және көңіл айту үшін ауылдардан және алыстан келетіндер бар. Олар сол жерде қонақтап қалатын болса, онда тамақ пісіріп, оларды тамақтандыруға болады» деген (Уәһбатуз-Зухайли, «әл-Фиқһул-исламии»).

Алайда қазіргі кезде қаралы үйлерде «басқалардың алдында ұятқа қалмайық», «жұрт күлмесін» деген оймен той секілді дастарханды жайнатып тастайтын әдет белең алып барады. Өзі қара жамылып, қайғыға батып отырған шаңырақ дастарқандарын жайнатып қою үшін шығынға белшеден батып, кейбіреулері қарызданып, қайғысына қайғы жамайды. Бұл, әрине, дін тұрғысынан да құптарлық дүние емес. Сондықтан ауыл ақсақалдары мен молдалары ақылдаса отырып, осыны болдырмаудың жолын қарастыру қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған қатысты арнайы пәтуа дайындап, оны халыққа түсіндіру жұмыстарын барынша кең көлемде жүргізгені жөн.

 

 

А.Әділбаев

Исламтанушы

 

Бөлісу: