20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Оқырманға ой тастаған кездесу

Ел іші

Кеше Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Омар Жәлелұлымен кездесу өтті.

Ғалымның жуырда ғана жарық көрген монографиялық және зерттеу мақалалары енген  «Харекет» атты  еңбегінің жарыққа шығуына орай ұйымдастырылған кездесуге Астана қаласының жоғарғы оқу орындарының, медресенің  шәкірттерімен қатар  кітапхана оқырмандары қатысты.

«Харекет» кітабы Абайдың «Адам бол – мал тап» қағидатына негізделген. Адамға еңбек етуге, жігерленуге сонымен қатар,  адами болмыс-бітімін, ар-абыройын сақтап қалудың жолдарын нұсқайды.  «Еңбек – рух» және «Таным – таразы» деген екі бөлімде де қазақы дүниетанымның қайнарынан қанып ішкен ғұламалар Ясауи, Бұқар жырау, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім шығармашылығындағы Жаратушы мен пенденің, пенде мен дүниенің, пенденің өз-өзімен табиғатын тануға ұмтылған ғылыми мақалалар мен зерттеулер енген. 

«Харекеттің бір қырын Шәкәрім қажы өзінің «Мал жимақ» өлеңінде ашып береді:

Үйде отырып салғанмен сары уайым,

Тілегенің тұра ма саған дайын.

Жүріп-тұрып, ойланып істеп көрсең,

Харекеттің білесің сонда жайын.

Ендеше, таным-таразымыз жақсы мен жаманды, пайдалы мен пайдасызды айыруға үйреніп, нәпсімізді жеңген рухымыз еңбекке бастаса – Қазақ елі көркейіп, болашағы зор, бақыты баянды болады деп сенемін», дейді автор.

Кездесу барысында жастардың жалқаулықтан алшақ, еңбек пен білімге құштар болуы мен бүгінгідей нарық заманында ар сатпай мал табу турасында да жақсы дүниелер айтылды. Оқырмандар да өз ойларындағы сауалдарын қойып, ойларымен бөлісті.

Дереккөз: E-Islam.kz 

Бөлісу: