17
Ср,
апр

һижри

Діни басқарма қасиетті сапарға шақырады

Ел іші

Барша мұсылманның асыл арманы болған ұлы құлшылық, қасиетті қажылық сапарына да санаулы күндер қалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық парызын өтеуге ниет білдірген отандастарымызды Алланың қонағы болуға шақырады.

Еліміздің қажылары биыл Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан Жидда (яғни, Мекке қаласына) бағыты бойынша тікелей рейс арқылы ұшады. Бұл – Қазақстан қажылары үшін мол мүмкіндік, үлкен жеңілдік.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2016 жылдың басында Сауд Арабия Корольдігі (САК) Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына орай, еліміздегі қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында алғаш рет ашық КОНКУРС жариялаған болатын. Ашық конкурсты жариялаудағы негізгі мақсатымыз қажылық сапарының сапасы мен қызметін жақсартып, жерлестеріміздің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету.

ҚМДБ жариялаған конкурс нәтижесінде 10 турфирма іріктеуден өтті. Оның тізімі төмендегідей:

1. «Хидаят нұр»;

2. «Яссауи»;

3. «Атлас туризм»;

4. «Хикмет тревель»;

5. «Дельта тревель»;

6. «Қызмет саяхат»;

7. «Әл-маруа»;

8. «Санабль»;

9. «Аңсар круиз»;

10. «Нұр-Қазақстан».

Қалған компаниялар тізімде көрсетілген 10 фирманың құрамына енді. Атап айтқанда, «Сембекова и К» фирмасы «Яассауи» компаниясымен бірікті. «Кәусар саяхат» компаниясы «Дельта тревель» фирмасының құрамына енді. «Имантревель» фирмалары – «Әл-Маруа» компаниясымен, «Робинзон» – «Санабль» фирмасымен, «Ордабасы» – «Ансар круиз» фирмасымен, «Мина тур», «ТВВ тур» компаниялары «Нұр Қазақстан» фирмасымен бірікті.      

Биыл еліміздің қажыларына 3000 квота бөлінді. Қажылық қызметі елімізде жылдан жылға жолға қойылып келе жатыр. Қызмет көрсету сапасы да артуда.

Елімізде қажылық парызын өтеуге мол мүмкіндіктер жасалған. Бұл Алланың халқымызға берген ұлы сыйы. Кейбір елдерде мұсылмандар қажылыққа бару үшін кезекке тұрады. Өйткені, бөлінген квота саны шектеулі. Тіпті, кезегі келмей, дүние салатын адамдар да бар. Ал, елімізде Аллаға шүкір мұсылмандар емін-еркін кезексіз қажылық парызын өтеп келуде. Бұл Алла Тағаланың мемлекетімізге, халқымызға берген шексіз нығметі.

Пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) ізі қалған, құтты мекен, қасиетті жер, Жаратушының нұры жауған Мекке мен Мәдина шаһарын зиярат етуге асығайық, бауырлар!

Биылғы қажылық маусымы тамыз айының 30-ынан басталып, қыркүйек айының 22-інде аяқталады.

Сауд Арабиясы Қажылық министрлігінің бекіткен ережелері бойынша қажылық сапарына қатысты құжаттарды қабылдау 10 тамызда аяқталады. Осы санаулы күндерді сәтті пайдалануға кеңес береміз.

Жерлестеріміздің таңдауына орай, биылғы қажылық маусымының ең қысқа мерзімі – 14 күн. Бұдан да ұзақ мерзімді таңдайтын азаматтар үшін 25 күнге жоспарланған арнайы рейстер ашылғанын хабарлаймыз. Қолайлы мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар.

Жылдағы дәстүр бойынша ҚМДБ Қажылық миссиясының мүшелері – білікті, жоғары санаттағы дәрігерлер қажыларымыздың денсаулығын 24 сағат бойы бақыласа, 10-нан астам дінтанушы-ғалымдар мен тәжірибелі имамдар ұлы сапарда туындаған сұрақтарға жауап беріп, діни рәсімдердің дұрыс атқарылуына жіті көңіл бөледі.

ҚМДБ Қажылық миссиясы қажылық маусымында ұйымдастыру жұмыстарын, үйлестіру шараларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүдделі.      

Қажылық – қаржылық мүмкіндігі бар мұсылман баласына парыз етілген амал. Өйткені, Алла Тағала Құранда «Әли Ғимран» сүресінің 97-аятында: «Мұнда келуге шамасы келген адамның бәрі Алла үшін сол үйге (Қағбаны) қажылық жасауға міндетті», –деп бұйырған.

Қажылық – мұсылман үмбетінің бірлігін айқындайтын, барша адамзатты ұлы мақсатқа үндейтін, пендені рухани кемелденуге бастайтын мол мүмкіндіктер мен сансыз сауаптар маусымы.

Қажылық – Алланың адамзат баласына берген ұлы сыйы, шексіз нығметі, берекесі мол теңдессіз құлшылық.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) барша мұсылман қауымын: «Кімде-кім Алла Тағаланың ризалығы үшін қажылық жасап, жаман сөз бен жат амалдан аулақ болса, анасынан жаңа туған сәби секілді пәк күйінде күнәларынан тазарып, еліне қайтады», – деп сүйіншілеген. Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат! Сондықтан қажылыққа барудың ерте-кеші болмайды. Балиғат жасына толған кез келген адамның шамасы келсе қажылыққа баруына тосқауыл жоқ.

Жаратушы Иеміз қажылық сапарын абыроймен атқарып, Отанымызға сауап арқалап оралуды жазғай! Әумин! 

ҚМДБ Қажылық миссиясы

Поделиться: