20
Сб,
апр

һижри

Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл.

Мақалалар

Ана тілі – адам баласына анасының сүті арқылы даритын тіл. Кез келген ұлттың өз ана тілі бар. Ал иісі қазақтың ана тілі ол – қазақ тілі. Қазақ тілі – ғажап тіл. Қазақ тілі – бай тіл. Десек те, біз осы өзіміз сөйлесіп жүрген қазақ тілінің кереметтері бар екенін түсіне бермейтін секілдіміз…

Қазақ тілі және Құран

Қазақша таза сөйлейтін пенденің Құранды да таза оқуға мүмкіндігі бар. Әрине, Құранның мағынасын түсінбесе де, оның әрбір махражын (шығу дыбысын) дұрыс шығарып, анық оқудың өзі бір еңбек. Ал бұған кез келген ана тілін білетін қазақтың қабілеті жетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтайық, қазақ тіліне тән дыбыстардың көбісі, мысалға: «ә, ү, қ, һ, ғ» дыбыстары, Құранның 29 дыбыстарының қатарында бар. Олардың ішіндегі «ү» мен «ә» дыбыстары араб әліпбиінің тізімінде дәл солай дыбысталмайды және жазылмаған. Бірақ кейбір сөздерде «у» дыбысы өзгеріп, жіңішке оқылатын жерлері бар. Сондай сөздерде «у» әрпі «ү» әрпіне дыбыстық өзгеріске ұшырап, жіңішке оқылады. Бұған мысал ретінде «әғүзү» сөзін алуға болады. Бұл сөз негізінде «ағузу» болып жазылады. Оның ішіндегі «ғ» дыбысы арабшада «айн-ﻉ» деп аталады. Араб әліпбиінде бір-біріне ұқсас «айн-ﻉ» және «ﻍ-ғайн» дыбыстары бар. «Ғайн» әрпі кәдімгі қазақ әліпбиіндегі «ғ» (ғарыш) әрпі секілді, өңештен шығып, жуан дыбысталса, «айн» әрпі өңештен төмен орналасқан тамақтың ортасынан шығарылады. Бірақ екеуінің дыбысталуы ұқсас. Жоғарыдағы «ағузу» сөзіндегі «ғ» әрпінің орнына «айн» әрпі дыбысталады. Одан кейін «у» әрпінен кейін орналасқан «з» әрпі сақау оқылады. Яғни, бұл әріп дыбысталғанда тілдің ұшы үстіңгі тіске, ал тіл ұшының асты астыңғы күрек тіске тиіп шықса, сақау дыбысталады. Ал, егер аталған сөздегі «у» дыбыстары сол күйінше жуан дыбысталса, әлгіндегі «з» әрпінің сақауша дұрыс дыбысталуы қиынға соғады. Ал егер де «у» әрпі «ү» болып дыбысталса, онда сөздің мағынасы өзгермейді, яғни сөздің дұрыс оқылуына жақынырақ. Анығын Алла біледі. «Ағузу» сөзінің басындағы «а» дыбысы да араб тіліндегі «ﺃ-әлиф» әрпінің орнына. Ал енді осы «алиф» әрпі де «ә» болып дыбысталмаса, кейінгі «у» дыбысы «ү» болып дыбысталуы, «з» әрпінің сақау дыбысталуы да қиындап кетеді.

Жоғарыда қазақ тілінің төл дыбыстары дедік. Сол қазақ тіліне тән дыбыстар Құран оқығанда көптеп кездеседі. Мәселен, арабшадағы «ﺃ-әлиф» әрпі жіңішке оқылатын жерлерде «ә» болады, «у» дыбысы да «ү»-ге айналады. Құранның «ﻖ-қаф» әрпі қазақ тілінің «қ» әрпімен бірдей дыбысталады. Қазақ тіліндегі «һ» (қаһарман) әрпі араб тілінің «ﮫ-һә» әрпінен кем дыбысталмайды, яғни бірдей шығады. Арабша «ﻍ-ғайн» әрпі қазақша «ғ» әрпі секілді дыбысталады. Демек кез келген тілі қазақша шыққан адам Құранды қателіксіз, қате болса да аздаған қателіктерге жол беріп оқи алады. Құран оқуға тілім келмейді деген сылтау сөз иісі қазаққа жарамайды. Тек тілін икемге келтірсе болғаны. Осы тұста Құранның қандай қасиетті кітап екендігін барша мұсылман біледі. Бір әрпін ғана оқысаң сауап сыйлайтын керемет дүниені кім оқығысы келмейді?! Құран деген кісі өлгенде ғана оқылатын нәрсе емес. Айтпағымыз, қазақ тілі мен Құран егіз дүние, әрине тіл дыбыстарының ұқсастығы жағынан. Мұны да қазақ тілінің кереметі деп біліңіз.

Қазақ тілі және дін

Тарихтың қай кезеңін алып қарасақ та, мұсылман қоғамында дін насихатына көңіл бөлінбеген кез болмаған. Өйткені, дін кез келген қоғамның негізін құрайды. Діні мықты қоғам діңгегі мықты ағаш секілді.

Әйгілі қазақ елінде дін көкжиегі қазақ тілі арқылы қанат жаюда. Қазіргі кезде халықтың дінге деген таным-түсінігін бұрынғымен салыстырып айтуға мүлде келмейді. Байтақ елімізде 2300-ге тарта мешіт бар. Ол мешіттерде білікті имамдар жұмыс жасайды. Бәрі де араб және қазақ тілінде білім алған. Қазақ тілінде уағыз айтады. Халықтың діни сауаттылығын арттыруда соңғы жылдары қазақ тіліндегі діни кітаптардың саны артты. «Дін – насихат» демекші, құрамына білімі жоғары білікті мамандарды алған еліміздің діни басқармасы 100 пайыз қазақ тілінде жұмыс жасайды. Дін мәселесі әрбір адамды қызықтыратыны белгілі. Соның ішінде қазақ, әрі мұсылман пенденің дін жайында білімі мен түсінігі терең болуы шарт. Сондықтан діни біліміңді тереңдеткің келсе, қазақша сөйле, қазақшаға жетік бол, қазақшаны жақсы түсіне біл. Осы шарттарды орындаған пенде өз елімізде жүріп-ақ діни білімін тереңдете алады. Көп адамның шетелге оқуға барып абырой таппасы белгілі.

Медреселерге, мешіттерге орыстанып кеткен қазақтар, дүңгендер, Ислам дінін қабылдаған өзге ұлт өкілдері келіп жатады. Келіп Құран оқытып, құрбан шалдырып, уағыз тыңдап кетуді жөн көреді. Сол кісілер дін талаптарын шамасы келгенше орындағысы келеді, ал бірақ өзінің тұрып жатқан елінің тіліне шорқақ. Сол бір келгенінде қазақша түсінсе қазақша, орысша түсінсе орысшалап уағыз тыңдап кеткенімен, діни мекемелерде таратылатын кітаптар, табақшадағы уағыздар қазақ тілінде болғандықтан оларға пайдасы көбіне тие бермейді. Ондай кісілер үшін біз орысша кітаптар мен уағыздарды көбейтіп емес, қайта оларды қазақшаға шақырғанымыз абзал.

Негізінде әрбір мұсылман адам өзі тұрып жатқан жердің дінін, тілін, дәстүрін құрметтеуі азаматтық міндеті. Егер тұрып жатқан жерінің діні басқа болса, соны қабылда деген сөз емес. Дінде зорлық жоқ. Ал тіл мәселесіне келетін болсақ, мұсылман болсын, басқа болсын, әрбір ұяты, адамгершілігі бар жан, сөзсіз ол елдің тілін жетік білуі тиіс. Себебі, тіл үйрену адамға зиян емес, пайда әкеледі. Сол елдің тілін білуі ол жерге құрметі, адалдығы болып есептеледі.

Қазақ тілі және өзге ұлт өкілдері

Қазақстанда 130-дан астам өзге ұлт өкілдері тұрады делінеді. Бірақ, солар қазақ тіліне қаншалықты құрметпен қарайды. Азы қазақша білгенімен, көбісі білмейді. Себебі, бізде қазақ тілін білуге қойылатын қатаң талап жоқ. Түрік түрікпен түрікше, өзбек өзбекпен өзбекше, кәрістер мен орыстар болса, өзара орысша сөйлескені былай тұрсын, қазақтармен де өз тілдерінде сөйлеседі. Ал, қазақ болса, біліп тұрса өзара орысша сөйлескенді жөн көреді. Орысша жетік білетіні сөйлей сөйлей, өз тілін ұмытып қала салады. Қазақтың әлсіз тұсы да осы.

Өзге ұлт өкілдерін қазақ жұрты шеттетпейді, кемсітпейді, бөлектемейді. Қайта құрмет тұтады. Отырмаса да, автобуста баратын жеріне тұрып бара алатын жасы үлкен орыс ағайға қазақтың баласы орын береді. Міне, бұл да қазақтың ұлтына қарап емес, жасына қарап сыйлайтындығының бір көрінісі.

Ғалымдардың пайымдауынша, бір елдің толыққанды ұлт болып ұйысуы үшін мына бес тұғыр түгел болуы керек екен. Олар: тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен. Рас, тіл – қай ұлттың, қай елдің де қастерлі құралы. Өйткені, тіл адамға ана сүтімен бірге еніп, өн бойында қалыптасады. Тіл – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып отыратын табиғи мұра. Демек, әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиісті. Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді», – десе, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тари-хымызды ұмыту», – деп айтқан. 

 

 

Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Поделиться: