20
Сб,
апр

һижри

Имамдар Бурсада білім шыңдайды (ФОТО)

Ел іші

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Түркияда білім жетілдіру курсына жолдама алған республика өңірлерінің имамдарымен кездесті.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркия Дианетімен (Дін істері басқармасы) дін саласында әріптестік қарым-қатынас орнатып, бірқатар ортақ меморандумға қол қойған болатын. Өзара ынтымақтастық байланыстың нәтижесінде дін саласында еңбегі сіңген 26 имам Түркияның Бурса қаласында имамдардың білімін жетілдіру орталығында білім шыңдап, тәжірибе алмаспақ.

Аймақ имамдарымен өткен жиынға Түркияның Қазақстандағы елшісінің діни істер жөніндегі кеңесшісі Ибраһим Йылмаз қатысып, жүрекжарды тілегін білдірді. Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы білім жолындағы сапардың салмағы ауыр екенін айта келе, елшілік өкіліне алғыс айтты. «Бауырлас екі елдің ынтымақты қатынасы көптеген иігіліктерге бастап отыр. Әсіресе, руханият саласында, дәстүрлі дінімізді дәріптеуге, дамытуға деген сіздердің ынта-ықыластарыңызға қуаныштымыз. Ілім жолы қашанда үлкен жауапкершілік жүктейді. Ел руханиятына аянбай еңбек еткен бұл имамдарымыз Бурса орталығынан мол тәжірибе жинайды деп білеміз. Алла тағала дін қызметкерлеріне білім биігінен көрінуді нәсіп қылғай» деп наиб мүфти тілектестік білдірді.

Түркияға аттанғалы отырған дін қызметкерлері Бурса білім орталығында 2 ай білім шыңдамақ. Бурса қаласы өз дәуірінде Осман империясының орталығы болған тарихи шаһар. Онда XV ғасырда негізі қаланған Ұлы Жәми және Жасыл мешіт сынды ерекше сәулетті ғибадатханалар күнгі бүгінге дейін түркі жұртының игілігіне жарап тұр.

 

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Поделиться: