20
Сб,
апр

һижри

Медресе түлектері диплом алды (ФОТО)

Мешіт тынысы

Кеше «Астана» медресесі түлектерінің бітіру кеші өтті. Салтанатты шараға ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғилымбек Мәжиев, «Астана» медресесі директоры Бекзат Ақжігітов, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі исламтанушы Ерсін Әміре, «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Қабылбек Әліпбайұлы және медресе ұстаздары қатысып, түлектерге ізгі лебіздерін арнады.

ҚМДБ наиб мүфтиі Н.Тағанұлы түлектерге білім жолының басты мақсат-міндетін айтып, ел дамуына қызмет қылуға шақырды. «Құдайға мың шүкір, тәуелсіздігіміздің келуімен біз ата дінімізбен, өз дәстүрімізбен қауыштық. Бұл бізге үлкен еңбекпен, қажыр-қайратпен келген күн. Сондықтан, сіздер, жастар білім алып, мамандық меңгеріп, ел үшін еңбек етуден жалықпаңыздар. Бүгінде білім-ғылым игеремін деген талапты жанға мүмкіндіктер, жағдайлар жасалған. Мемлекетіміздің қамқорлығымен жер-жерде мешіттер бой көтеріп, діни білім ошақтары, медреселер ашылуда. Діни басқарма медреседегі білім сапасын көтеріп, колледж дәрежесіне теңестірілді. Сіздерге берілген әрі жасалған осы жағдайларды дұрыс игеріп, ел мүддесі үшін қызмет қылыңыздар» деді наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұл кеште жырдан шашу шашылып, ақындар өлеңін арнап, түлектерге тілектерін білдірді. Қолына дипломы тиген түлектер енді еліміздің әр өңірінде дін жолындағы қызметтеріне кіріседі. Ал дін ілімін жалғастыруға ниетті жастар Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам университетіне жол тартпақ.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Поделиться: