19
Пт,
апр

һижри

Наурызбай қажы Тағанұлы: ИСЛАМ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ҰЛЫҚТАЙДЫ

Мақалалар

Ислам дінінің адамзат өміріндегі орны ерекше. Әлемді ізгілікке үндеп, ілгері ниет, ілкімді ойға жетелер осынау дініміздің қадір-қасиетін ұғып, оны лайықты тұтынар жамағаттың қатары қалың. Десек те, кейбір келеңсіз әрекеттердің кесірінен Исламға орынсыз күйе жағылып, кінә тағылып жататыны бар. Осы орайда біз ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай ӨТПЕНОВКЕ жолығып, сауалдар қойған едік.

– Ислам дінінің қоғамымызды сауықтырудағы рөлі жөнінде не айтасыз?

– Қай заманда да Ислам дінінің қоғамға ықпалы, оның орны мен мән-маңызы жоғары болды деп айта аламыз. Бұған – тарих куә. Бүгінгі ғылыми жетістіктердің толысып, піскен, өсіп-өркендеген кезеңі Ислам өркениетіне, мұсылман халқынан шыққан ғалымдарға тиесілі.

Қазақтың таным-түсінігімен үйлесім тапқан Ислам дінінің ұлы даламызда өрісін кеңейтуіне еңбек сіңірген, абырой-беделі асқан дін ғұламалары мен қайраткерлері аз болмаған. Кешегі өткен осы дін қайраткерлері, имам-молдалар халықты жақсылыққа үндеп, ізгі қоғам қалыптастыруда үлкен рөл атқарғаны белгілі.

Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз, бізге тәуелсіздік ең үлкен нығмет болып оралды. Тәуелсіздігімізбен бірге ата дін, баба салтымен қайта қауыштық. Тарихта имам-молдалардың қоғамдық іс-шараларда, ел басқару істерінде белсенді қызмет еткенін білесіздер. Имам – қашанда қалың бұқараны бірлікке ұйытып, имандылыққа шақырушы тұлға. Қазіргі қоғамда имамдарды халық құдайы ас, діни рәсімдердің басы-қасынан ғана емес, алуан түрлі маңызды мәдени іс-шаралардан, ғылыми кеңістіктерден де жиі көреді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміз зайырлы қоғам қағидаттарын басшылыққа алғанымен, діннің қоғамнан бөлінбейтінін әрдайым айтып келеді.

Қоғам болған соң, сан түрлі мәселелер туындайды. Осы орайда имамдар мешіттерде, қоғамдық орындарда және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дәстүрлі дінімізді басшылыққа ала отырып, ақыл-кеңес, ұсыныстарын айтудан жалыққан емес. Қазір көп жастар құбылаға жүз бұрып, сәждеге жығылып жатыр, бұл, әлбетте, қуанышты жайт. Өйткені, иманды жас отаншыл, тәрбиелі, білімге құштар болып қалыптасады. Бұл ретте жастардың дұрыс бағыт тауып, дәстүрлі дініміз, яғни Матуриди ақидасы, Әбу Ханифа мәзһабы бойынша білім алуында имамдар үлкен міндет атқарады. Сонымен қатар, имандылық, Отанды сүю, ата-ананы құрметтеу сынды жалпы адами құндылықтарды насихаттау да маңызды деп ойлаймын.

– Бүгінгі таңда асыл дініміздің атына кір келтіретін түрлі жағымсыз әрекеттер жиі орын алуда. Мұның соңы неге апарып соқтыруы мүмкін?

– Иә, расында, әлемде және елімізде орын алған осындай жайттар бізді қатты қынжылтады. Жалпы, дін ұғымы адамгершілікке, игілік пен құндылықтарға негізделеді. Ал Ислам, түпкі мәнінде айтылып тұрғанындай, бейбітшілікті ту еткен дін ғой. Бұл турасында Алланың сөзі Құран аяттарынан, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өсиеттерінен сан мың мысал, айқын дәлелдер келтіруге болады.

Баршамыздың есімізде болар, экстремизм мен терроризм әрекеттері әлемді шарпи бастаған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев террористік әрекеттерді бейбітшіл Ислам дініне телімеу керектігін ашық айтқан еді. Біздің де айтарымыз, діннен терроризмді, терроризмнен дінді іздеп қажет емес. Әлемдік мұсылман қауымдастықтары бірауыздан мұндай зорлық-зомбылық әрекеттерінің кез келгенін қатаң айыптап, мәлімдеме жасады. Өз кезегінде бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жетекшілігіндегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, барша ел имамдары қоғамға қауіп төндіретін, елдің тыныштығын бұзып, іріткі салатын, дінді бетперде ететін барлық құбылыстарға қарсылық танытады және жастарды, жалпы халықты ата дін, салт-дәстүрімізге жат ағым идеологиясынан сақтандыру жұмыстарын одан әрі күшейтеді.

Бұл орайда қоғамның басты мәселесіне байланысты әлеуметтік ортаға жүктелер міндет те біртарапты емес, жан-жақты жүргізілуі керектігін айта кетуіміз керек. Жастарды жат ағымнан сақтау мақсатында мешіт мінберлерінде имамдар мен дін қызметкерлері тарапынан уағыз-насихат жұмыстары белсенді жүргізіледі. Мемлекетіміз де мұндай зиянды ағымдарға заң тұрғысынан тыйым салып, қарқынды қызмет етуде. Жат ағым құрығына ой-санасы бекіп, ақыл тоқтатып үлгермеген жастар жиі ілігетіндіктен, ата-аналар балаларының діни біліміне үлкен жауапкершілікпен қарап, бағыт-бағдар берсе, қажет жағдайда және кез келген уақытта дін мамандарына жолығып, келеңсіздіктің алдын алуға ұмтылса жөн болар еді. Жалпы, бұл мәселеде бүтін қоғам болып жұмылуымыз керек деп ойлаймын.

– Жат ағымның жетегінде жүрген жастарымызды дәстүрлі дінімізге бұру бағытында нендей нақты шаралар қолға алынып жатыр?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз құзыреті шеңберінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, Матуриди ақидасы, Ханафи мәзһабы негізінде қызмет етеді. Діни басқарма ел руханиятын көтеру, халықтың дәстүрлі діни сауатын арттыру мақсатында бірқатар ауқымды бағдарламаларды, жүйелі жобаларды қолға алып келеді. Төл мәдениетімізді жаңғыртып, дәстүрлі жолы­мызды жұртшылыққа жеткізу үшін бір­неше жылды қатарынан «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялап, осы кезеңде дәстүрімізді ұлықтап, дінімізді дәріптеген оңды шараларды өткізді. Биылғы жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» деп жариялауының да мәні ерекше болып отыр.

Біз өткенімізге көз салмай, тарихымызды танымай, болашаққа нық қадам жасай алмайтынымыз белгілі. Осы себепті біздің ата дініміз, салт-санамыз, мәдениетіміз қандай болған, оның тарихи сабақтастығы қандай болуы керек деген игі мұратпен діни басқарма еліміздің тарихына, дініміздің бастауына тереңірек үңіліп, оны халыққа насихаттауды жоспарлайды. Ал ҚМДБ жалпы өз жұмысын басты төрт бағытта: атап айтсақ, уағыз-насихат, жат ағымдармен жұмыс, діни сауат ашу және қайырымдылық істері бойынша айқындап алған. Осы бағыттарға сәйкес имамдардың жұмыстары жоспарлы һәм жүйелі түрде жүргізілуде. Біз халықты дәстүрлі діни білімді, Ислам құндылықтарын мешіттен ғана алуға, үйренуге шақырамыз. Ал діни мәселелерге байланысты туындайтын сұрақтарға діни басқармаға, мешіттерге қарасты ресми сайттар арқылы білікті мамандар жауап береді. Мешіт есігі де әрдайым жамағатқа ашық. Әр күн сайын кешкілік маңызды тақырыптар бойынша уағыз-насихаттар айтылады.

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР, 

«Егемен Қазақстан»

Поделиться: