Ел іші
Адам болмысынан дінге мұқтаж

Адам болмысынан дінге мұқтаж

Асылында, әрбір дүниеге келген адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, тылсым күшке сену сезімі болады. Бойдағы бұл  сезім адамды ерте ме, кеш пе әйтеуір бір тылсым күшке сенуге жетелейді. Адамның ет пен сүйектен жаратылғаны айдан анық болса,  тән мен жан да сол адамдық ұғымның қос қанатын құрайды. Тән азығы ішіп-жеу мен басқа да нәпсілік жағдаяттармен байланысты болса, жан азығы – ең алдымен, Ұлы Жаратушыға құлшылық ету.

Тарихи деректерден қорытынды шығарсақ, дінсіз (яки, имансыз) адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі адам баласы сенімге мұқтаж. Ал сол мұқтаждық сезім, әу баста Алланы тану үшін берілген бір хикмет екенін ескере бермейміз. Алла адамзатқа жаратылысқа дейін рухтар әлемінде Өзінің Жаратушы Ие екендігін үйретіп, бізден Өзін Жаратушы Иеміз деп танитындығымыз турасында уәде алды. Атам қазақтың «әлмисақтан мұсылманбыз» деуінің төркіні де осында жатыр. Бұл жайында аятта былай дейді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде олар: «Әрине куәміз»,  деген. Қиямет күні: Бұдан хабарымыз жоқ демеңдер» (7. «Ағраф» сүресі, 172-аят).

Хазіреті Пайғамбарымыз да бір хадисінде адамның ислам дінімен дүниеге келетіндігін айтып өтеді: «Әрбір сәби (жаратылысында) мұсылман болып дүниеге келеді. Бірақ ол баланың әке-шешесі оны өз діндеріне кіргізеді. Яһуди болса яһуди, христиан болса христиан, мәжуси болса мәжуси етеді» (Бухари, Жәнайз 80; Муслим, Қадар 22; Тирмизи, Қадар, 5). Хазіреті Пайғамбарымыз осы хадисімен адамдағы діни сезімнің туа біткеннен болатындығын білдіреді. Осы тақырыпқа қатысты зерттеу жүргізген батыс әлеуметтанушылары адамдағы тылсым дүниеге, қандай да бір күшке сену сезімінің туа біткеннен болатындығын ғылыми тұжырымдармен дәлелдеген. Бірақ, адамдардың бәрі дерлік Ұлы Жаратушыға сеніп, оған құлшылық етпеген. Неліктен? Өйткені сенім жүре келе ортаға  қарай икемделіп, кім қандай ортада өссе солай қалыптасады. Біреулердің пұтқа табынып, келесі біреулердің от пен суға, жан-жануарларға табынып жататыны соның айғағы.

Адам бойындағы бұл имани сезімді діннен өзге ешбір жүйе қанағаттандыра алмайды. Мысалы, ғылым, өнер, спорт, т.б. осы секілді жағдаяттар адамды рухани тұрғыдан жетілдіре алмайды, белгілі бір дәрежеде жетілдіргенімен ол сезімнің ғұмыры шектеулі. Ал дінде, яки Жаратушы құрған жүйеде бұл сезімнің ғұмыры, әлбетте шексіз болып келеді. Иманның иләһи ләззатынан адамның ешқашан жалықпайтыны да сондықтан.

Адам оң-солын танығаннан кейін айналадағы тіршілікке көз салып, бір сәт өз болмысын ойлағанда: «Мен қайдан келдім? Қайда барамын? Өмірге не үшін келдім? Мені кім жаратты? Не үшін жаратты?  Мен өлген соң қайда барамын?..» дегендей сұрақтар санасын мазалап, жауап іздейді. Бірақ ақыл бұларға адамды қанағаттандырарлық толық жауап бере алмайды. Себебі аталмыш сұрақтардың түп-төркіні телегей-теңіз діни өлшемдерде жатыр.

Қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, әділеттілікті, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенген адам құлшылық ету үшін діни қағидаларды қажет етеді. Ғылым мен техника адамға құлшылық етудің, тақуалықтың қыр‑сырын үйрете алмасы анық. Сондықтан, «қоныс таңдағанша, өріс таңда» дегендей, адамдық болмысымыз өткінші һарекеттен гөрі, рухани өрісімізді кеңейтіп, мәңгілік бақытқа жетелейтін, иләһи өлшемдерге, дәлірегі дінге мұқтаж.

1170 рет оқылды