Ел іші
Мекке аяттарының ерекшеліктері

Мекке аяттарының ерекшеліктері

Өздеріңізге мәлім, ең алғашқы түскен аяттар таухидке шақыру, өлгеннен кейін тірілуге иман келтіру, мүминдерді жәннатпен сүйіншілеу, кәпірлер мен бұзақыларды тозақпен қорқыту сияқты ақидаға байланысты мәселелер еді.

Бұл тақырыптарда әр түрлі дәлелдер келтіріп, адамдардың имандарын барынша күшейткеннен кейін, ендігі кезек қарым-қатынастарға байланысты үкімдер ене бастады. Өйткені адамдар батыл сенім мен әдет-ғұрыптарға көр-соқыр болып байланғандықтан, олардың бәрін сырып-тастау оңайға соқпады. Әсте-әсте, ақырын басып, абайлап әрекет жасамай адамдарды жаман әдеттерден бірден арындыруға тырысу, жек-көруге әрі Исламнан бет бұруға әкеп соқтыруы мүмкін.

Хазірет Айша анамыз былай дейді:

«Ең алғашқы түскен сүре «Муфассал»1 сүрелерінің бірі еді. Мұнда жәннат және тозақ жайында айтылған-ды. Халал мен харамға байланысты үкімдер тек адамдар Исламға толығымен бой алдырғаннан кейін ғана түсе бастады. Егер ең алғаш рет:

- Ішімдік ішпеңдер! - деген әмір түскенде адамдар:

- Біз арақты әсте тастамаймыз! –дер еді.

Сондай-ақ алғашқыда:

- Зина жасамаңдар! – деген бұйрық келгенде, адамдар тағы да:

- Зинаны әсте қоймаймыз! – дер еді.

Мен Меккеде ойын қуып жүрген бір бала кезімде Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с):

«Жоқ оларға уәде етілген (негізгі азап) уақыты (ол) Қиямет. Міне ол мезгіл, шынында да өте қорқынышты әрі тым ащы», (Қамар сүресі, 46-аят) (секілді иман мен қияметке байланысты) аяттар түскен-ді. (Қарым-қатынасқа байланысты үкімдерді қамтыған) Бақара мен Ниса сүрелері болса тек мен оның қасына барғанымда ғана (Мәдинада) түскен еді». (Бұхари, Фәдәилул Қуран6)

Меккелік сүрелер баяндау жағынан қысқа әрі нұсқа болып, ширк пен пұтқа құлдыққа қарсы нақты тойтарыс береді. Өйткені меккелік мүшриктер әрқашан әдеби сайыстар өткізіп тұратын шешендікке бір табан жақын адамдар еді. Оларды әсерге қалдыратын сөз әдеби бай әрі көркемдігі жағынан барынша мінсіз болу керек еді.

Алайда, Алла Тағала мүшриктердің әдебиеттегі артықшылықтары мен дәрежелерін жоққа балап, зейіндерінің быт-шытын шығару үшін сөзді бастағанда олардың үйреніп қалған әдістерінен тыс Хуруфул Муқаттаны қолданған. Бақара мен Әли Имраннан басқа, басында Хуруфул Муқаттасы бар сүрелердің барлығы да меккелік болып келеді.

Сондықтан да осындай ерекшеліктерге байланысты алғаш түскен аяттардың әдеби баянының әсерлілігі соншалықты, қарсы алдындағы адамның жүрегінің түбіне орын алып, әдемілігі мен көркемдігі тыңдаушының құрышын қандыратын-ды.

Меккеде түскен қасиетті аяттардың баяндау әдістерінің ерекше тұстарының бірі кейбіреулері ғана болмаса, көбісі «Әй, адамдар!» түрінде болып келеді.

Меккелік сүрелерде мүшриктердің қабыл ете алатын, үйреншікті түсініктеріне теріс келетін көптеген мәселелерді қабылдаулары үшін, олар қатты құрмет тұтатын күн, ай, жұлдыз, күн мен түн және осыған ұқсас жаратылыстар атына ант етілген. Өйткені ант етілген бұл жаратылыстар Алланың құдірет-күшін көрсетеді.

Осымен қатар Құран қиссаларының басым көпшілігі Мекке кезеңінде түскен. Өйткені «өткеннен ғибрат алу», меккелік аяттардың ең көп маңыз берген мәселелерінің бірі. Пайғамбарлар мен дүниеден өткен халықтардың қиссаларын атап айтсақ, Адам (а.с.) және Ібіліс қиссасы келтірілген сүрелер, көбіне-көп меккелік болып келеді. Бұлардан ерекше бөлініп тұрғаны ол Мәдинада түскен «Бақара» сүресі ғана.

Ежелгі халықтар мен қауымдардың басынан өткізген ғибратқа толы қиссаларының баяндалуы, меккелік мүшриктерге ақиқаттың ақтарылуында және де олардың әсте-әсте тура жолға келуінде өте-мөте маңызды рөл атқарған. Қиссалар баяндалған бұл аяттарда «таухид сенімі» әрқашан да алда тұрған.

Меккелік аяттар тәблиғшінің қалай, қайтіп дағуат жасау керектігін соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетеді. Оның бұл әрекеті дүниедегі өз құлқының қамы үшін емес, тек қана Алла Тағаланың ризалығын алу мақсатымен атқарылып, сый-сияпатын да тек қана Алладан күту керектігіне үйретеді. Сондықтан болар «Шұғара» сүресінде Нұх, Худ, Салих, Лұт пен Шуғайбтың (а.с.) қауымдарына әрдайым Аллаға мойынсұнуды әрі тақуалықты үгіттеп, өздерінің тек елші екендіктерін айтып:

«Мен бұл үшін сендерден ешқандай ақы сұрамаймын. Менің ақым, тек әлемдердің Раббысына ғана тән» дегендері нақыл етіледі. «Шұғара сүресі, 109, 127, 145, 164, 180 аяттар)

Құран аяттарының екінші жартысы көбінесе Меккеде түскен. Меккеліктердің көбісі тәкаппар болғаны үшін «жоқ, олай емес» сөзінің қайталануымен олардың жағдайы қабыл етілмей, бұл менменсінген кісімсымақтарды ескерткен. Осы себептен, «кәллә» сөзі өткен сүрелердің дерлік барлығы меккелі болып келеді. Осымен қоса, «кәллә» сөздері Құран Кәрімнің екінші жартысынан басталады.

Дәл сол секілді сәжде аяттарын қамтыған сүрелер де Меккеде түскен. Осылайша Алладан басқа нәрселердің алдында сәждеге барған адамдар Хақ Тағалаға сәжде етуге бағытталып, олардың іштен өзгерулеріне жол ашылған-ды.

Меккеде түскен бұл алғашқы аяттар бұрынғылардан қалған әдеттердің надандықтан туындағандығын, әрі түбегейлі батыл екендігін баяндайды. Осымен қатар баршаға тән, әлемдік деңгейде ахлақи дәстүрлердің негізін ортаға қойған-ды.

Меккелік аяттар иман, ахлақ және пікір жағынан мекем бір қоғамның негізін қалады. Бұл аяттарда ахлақи әмірлер мен үкімдер орын алды. Осылайша мүминдердің имандарын күшейтіп, сабырлылық, төзімділік, ыждахат-қайраттылық сияқты құндылықтарды үйретіп, батыл сенімдерден арындырған-ды.

Меккелік аяттарда құқықтық тақырыптар, намаздан басқа ғибадаттарға байланысты үкімдер де орын алмаған. Мысалы, Юнус, Рағыд, Ясин, Хадид сүрелері меккелік болғанымен, ахкам (үкімдер) аяттары еш кездеспейді. Бұл сүрелерде көбінесе иман негіздері, жаратылыс, Алланың сипаттары, пайғамбарлардың ғибратқа толы қиссалары және қияметке байланысты оқиғалар баяндалған.

  1. Муфассал сүрелер Құран Кәрімнің соңғы бөлімі. Басым көзқарас бойынша 50-ші сүре «Кәһф» сүресінен «Нас» сүресіне дейінгі бөлім. Қысқа болғандықтан әрі қайта-қайта Бисмилләмен бөлініп тұрғандықтан осындай есім берілген.

822 рет оқылды