Ел іші
"Нәбә" сүресі (17-40 аяттар)

"Нәбә" сүресі (17-40 аяттар)

17. Расында Төрелік күні – белгіленген бір мерзім

Есеп-қисап күні – Алла Тағала құзырында белгіленген күн. Қиямет күні ешбір ілгерілмейді және кейінге қалдырылмайды. Шын мәнінде, қияметтің мерзімі барлық жаратылысқа билік етуші Алла Тағалаға ғана аян.

Қияметтің «бөлу, төрелік ету» күні деп аталуының себебі, ол күні Алла Тағала пенделерінің арасында төрелік етіп, жақсы мен жаманның арасын бөледі.

18. Сүр үрілген күні, сендер топ-топ болып келесіңдер.

Сүр екінші рет қабірдегілерді тұрғызу үшін үрленген кезде, пенделер қабірден топ-тобымен және тайпа-тайпа болып тіріліп келеді.

19. Көктер ашылып, есіктер пайда болады.

Келесі аяттарда қиямет күнінде орын алатын қорқынышты жағдайлардың көрінісі суреттеледі. Төбедегі көк аспандар жарылып, көптеген есіктер пайда болады.

20. Ал, таулар жүргізіліп, сағымға айналады.

Таулар өз орнынан жылжытылып, қарағанда сағым сияқты қалқып тұрады.

21. Расында, тозақ күтіп тұрушы

Тозақ, өз дұшпанынан есесін алу үшін тасада аңдып тұрған адамдай, кәпірлерді бақылап, күтуде. Тозақ Алла Тағаланың дұшпандарын жалындаған отымен азаптау үшін күтеді.

22. Шектен шыққандар үшін оралар жер.

Шындығында, тозақ шектен шыққандардың барар жері.

23. Олар онда ғасырлар бойы қалып қояды.

Олар тозақта мәңгі шектеуі жоқ уақытқа тұрақтайды. Құртуби: «Кәпірлер тозақта ғасырлар бойы қалады. Бір ғасыр кетсе, артынан тағы бір ғасыр келеді. Өйткені,ақырет уақытының шегі жоқ», -деген.

24. Олар онда салқынды да, сусын да татпайды.

Олар тозақта жантүршіктірер ыстықтан қорғайтын салқынды да, шөлді басатын сусынды да сезіне алмайды.

25. Бірақ қайнап тұрған су және ірің ішеді.

Сусын етіп тек қатты қайнап тұрған су және тозақта азапталушылардың бойынан аққан ірің беріледі.

26. Қылмыстарына сай жаза ретінде.

Бұл олардың дүниедегі істеген күнәлары мен күпірлігіне тиісті «сыбағасы».

27. Шындығында олар, есепке тартылуды ойламаған еді.

Тозақтағы кәпірлер тіршілігіндегі істеріне есебін береміз деп ойламады. Олар Алла Тағала құзырына баратындығына сенбеді. Сондықтан да,оларға берілген жаза әділ.

28. Ал, аяттарымызды болса өтірікке шығарған еді.

Сондай-ақ, кәпірлер Алла Тағаланың қайта тірілтуді көрсететін белгілерін жоққа шығарып, Құран аяттарын өтірік деп мойындамады.

29. Біз әр нәрсені жазып, есепке алып сақтадық.

Әрине, олардың бұл жасаған қылмыстары мен күнәларын, айтқан сөздерін, істеріне лайықты жаза беру үшін амал дәптеріне жаздық.

30. Енді татыңдар, ал енді сендерге азаптан басқа еш нәрсені еселемейміз» (делінеді)

Тәпсіршілер: «Құран Кәрімде тозаққа түскендерге бұл аяттан ауыр келетін аят жоқ. Олар бір азаптан сақтауды сұрап жалбарынған кезде, екінші азаптың түрімен жауап беріледі"1, - деген екен. Бұл аяттарда тозаққа түскен бақытсыздардың жағдайы бейнеленген.

31. Негізінде тақуалар үшін құтылу бар.

Алла Тағаланың әмірін орындап, тыйымынан сақтанған ізгі тақуалар тозақтан құтылады. Және жәннат нығметтеріне қол жеткізеді. Бұл нығметтер келесі аяттарда айтылады.

32. Бақшалар һәм жүзім бақтары бар.

Оларға түрлі жемісті баулар, гүлдер мен жүзімдік алқаптар бар. Адам құмартқан жүзімнің сан-түрі беріледі.

33. Және жас құрдас, толық омыраулы қыздар бар.

Және жастары құрдас жап-жас тұла бойында мін жоқ хор қыздары.

34. Толы кесе бар.

35. Олар онда (жұмақта) бос сөз және өтірік естімейді.

Жәннатта адамдар пайдасыз бос сөз және жалған сөз естімейді. Өйткені, жәннат – амандық мекені. Сондықтан, жәннаттағы әрбір нәрсе жалған және кемшілік атауынан аман болады.

36. Міне, бұл – Раббыңнан толық бір сыйлық.

Алла Тағаланың оларға уәде еткендей мол сыйлықтар бар. Сондай-ақ, сый-сияпаттарын үстемелеп асыра береді.

37. Көктер мен жердің әрі ол екеуінің арасындағы барлық нәрсенің Раббысы – Рахман Алла. Оған (рұқсатсыз) ешкім тіл қата алмайды.

Бұл пәрмен аспандар мен жердің һәм арасындағы барлық жаратылыстың Раббысы барлығын өз мейірімділігіне бөлеген Алла Тағаладан. Ешкім сол күні басынан пәлекетті кетіру және азаптан құтылу үшін үн қатуға шамасы келмейді.

38. Ол күні Жәбірейіл (а.с.) және періштелер, сап түзеп тұрады. Рахман Алланың рұқсатынсыз ешкім сөйлемейді әрі дұрысын ғана айтады.

Үрейлі Қиямет күні Жәбірейіл (а.с.) және періштелер қорыққан күйде сап түзеп тұрады. Олардың ешқайсысын Мейірімді Алла шапағат етуге рұқсат бермейінше сауапты көбейту немесе азапты азайтуды сұрай алмайды. Сауи: «Періштелер жаратылыстың ең абзалы бола тұра, Алла Тағаланың рұқсатынсыз ешкімге шапағат ете алмайды. Періштелерге рұқсат етілмеген нәрсе басқаларға қалайша рұқсат етілсін?!», - дейді.

Әрі шапағат сұраушы ақиқатты әрі шындықты айтуы керек. Шапағат етілетін жан бір Аллаға иман еткен адам болуы тиіс.

39. Сол күн – хақ. Ендеше кім қаласа, Раббысына барар жол тұтсын.

Бұл күн сөзсіз келетін Қиямет күні. Ал, кімде-кім Алла Тағала құзырына иманмен, ізгі амалдармен қайтуды қаласа, қамдансын. Бұл үндеу және ынталандыру сөздері.

40. Негізінде жақын бір азапты ескерттік. Ол күні алдын ала не істегеніне қарайды. Сол шақта кәпір: «Әттең! Топырақ болып кеткен болсам ғой», - дейді.

«Ей, қайта тірілуді жоққа шығарушы құрайыш кәпірлері. Расында біз сендерді таяуда келетін ақырет азабынан сақтандырудамыз. Қияметті «жақын күн» деп айтуының мағынасы, әрбір келе жатқан күн жақын екенін білдіреді. Ол күні адам өзі жасаған жақсы да жаман ісінің амал кітабына бекітілгенін көреді. Міне, сол күні кәпір мүлде жаратылмаған және құлшылық міндетін алмаған болуын қалап: «Әттең, есеп-қисап астында қалмау үшін топырақ болып кетсем ғой» - дейді. Тәпсіршілер: «Қиямет күні Алла Тағала жан-жануарларды тірілтіп, тоқал жануар мүйізді жануардан өз ақысын алады, соңынан жан-жануарлар түгелімен топыраққа айналады. Міне, сол кезде кәпірлер де азаптан құтылу үшін топыраққа айналып кетуді қалайды», - деген.

Серікбай Ораз. «Тәпсір тұнығы» 

945 рет оқылды