Ел іші
«Нәбә» сүресі (6-16 аяттар)

«Нәбә» сүресі (6-16 аяттар)

6.Біз жерді төсеніш жасамадық па?

Келесі аяттарда Алла Тағала қайта тірілтуге құдіреті жететіндігін көрсететін тоғыз дәлел келтіруде. Ең біріншісі, жерді нәрестенің бесігіндей төсеніш етуі.

7.Ал, тауларды болса қазық...

8.Сендерді жұп-жұп етіп жараттық.

Жердің тепе-теңдігін сақтап әрі оны қимылдатпау үшін тауларды қазық еткені. Және барлық мақлұқаттар мен өсімдіктерді аталық және аналық етіп жұбымен жаратуы.

9.Ал, ұйқыдарыңды тынығу еттік.

Ұйқыны күндізгі дамылсыз іс-әрекетті тоқтату және тәнді демалдыру һәм рақат беру уақыты етуі.

10.Һәм түнді жамылғы қылдық.

Түнді жамылатын және бүркенетін ету.

11.Күндізді тіршілік мезгілі етіп жараттық.

Күндізгі уақытты өмір сүру және тіршілік қамын жасау уақыты еттік. Бұл – өмір сүру үшін табыс табу және несібе теру уақыты.

12.Үстеріңе жеті қат берік көк құрдық.

13.Жарқыраған күнді шырақ еттік.

Сендердің үстілеріңнен берік құрылыс етіп жеті қабат аспанды жараттық. Ал, күнді аспандағы шырақ сияқты етті.

14.Сығылысқан бұлттардан мол су (жаңбыр) жаудырдық.

15.Онымен дәнді дақыл, өсімдік шығару үшін.

Ақ және қара бұлттардан нөсерлетіп жаңбыр жаудырдық. Жаңбыр суымен адамдар үшін арпа-бидай және де басқа қоректі дәнді-дақылдарды, ал мал-жануарларға шөп сияқты өсімдіктер шығардық.

16.Және ну бақшалар.

Сонымен бірге, ағашы мол бау-бақшалар жаратты. Алла Тағала осы тоғыз дәлелді өзінің адамзатты және барлық мақұлықатты қайта тірілте алатындығын паш етіп, құдіретін көрсету үшін баяндауда. Өйткені, жоғарғы аяттарда айтылған құбылыстарды жарата алған құдірет иесі, өліп жоқ болып кеткен тіршілікті де қайта тірілте алады.

Серікбай Ораз. «Тәпсір тұнығы» кітабынан

1771 рет оқылды