Ел іші
Құрсақ той

Құрсақ той

Жас келіннің аяғы ауыр екені белгілі болған соң, оның абысын-ажындары, енелері әйелдерді шақырып, құрсақ тойын (кей жерде «құрсақ шашу» дейді) жасап, оның аман-сау аяқ-қолын бауырына алуына (яғни босануына) тілеу білдіріп шашу шашып, дастарқанды түрлі дәмге толтырып, сауық жасайды.

Ғұрып бойынша бойына бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады. Бұл сөздің мәнісі жас келін қысылып, ұялмасын, тіл-көздің сұғынан сақтасын деген ойдан шыққан. Жас келін бала біткен соң бойына ас бітпей құса береді. Әлдеқандай тағамға көңілі шабады. Мұны «жерік» болды дейді.

«Бәйбіше келді алаңдап,

Жас бөріше жалаңдап,

Жерігі қанбай сандалды».

(Алпамыс)

Мұндай жұрт, үй іші жерік әйелдің көңілі қалаған асын табуға тырысады. Жерігі қанбаған әйел басы айналып, ауыра береді. Мұндайды «ит жерік» дейді. Қалаған асын тауып жерігі қанған әйелдің құмары тарқап, ерекше сезімге бөленіп, денсаулығы жақсара бастайды. «Жерік асын жегендей қуанды» деген сөз осыдан шыққан. Жеріктікті басудың тек анаға ғана емес, іштегі сәбидің денсаулығына да зор әсері бар. Бала ернінің қоянжырық болып тууын анасының анасының жерігі қанбағаннан деп жору халық арасында жиі айтылады.

Жас келіншектің екіқабат кезінде оған ерекше күтім, назар аударылады, үлгі-өнеге көрсетіледі. Ол ауыр жұмыс істемейді, түнде суға бармайды, шошытпайды, ренжітпейді, тіпті өкпелетпейді де. «Көз тиеді» деп далаға да көп шығармайды. Дәмді, жеңіл тамақтар жасап береді. «Мезгілінде тумайды» деп түйе етін жегізбейді, «нәресте кіндігіне оратылып қалады» деп арқан аттатпайды. Түнде далаға жалғыз шығармайды. Дәсүр бойынша жас келін босанғаннан кейін оның анасы әдейі келіп, қызының жанында болып, қуанышқа ортақтасуы қажет. Бұл – ананың басты парыздарының бірі.

 

 

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары»

156 рет оқылды