Ел іші
Мұхиддин Исаұлы, дінтанушы: «Балгерлер талай отбасының шырқын бұзып жатыр»

Мұхиддин Исаұлы, дінтанушы: «Балгерлер талай отбасының шырқын бұзып жатыр»

Халық арасында кеңінен тараған, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдар, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Мысалы, болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу  (дәстүрден гөрі кәсіп дегеніміз дұрыс болар) қазақ халқында ежелден бар. Қазақтың хан сарайында болжаушы, кеңесші ретінде балшылардың болғанын тарихтан білеміз.

Бұл ел басқарып отырған патшаның өзі бақсыларға жүгініп, болашағын болжап отырғандығының айғағы.  Бақсы, шамандар қай кезеңде де  ел арасында қорқыныш тудырған. Қолдарына аспаптарын ұстап, ұзынша киініп, жұрт кезген бақсы, шамандардан ел аяқ тартынып жүрген. Себебі, мұндай адамдарға жолай қалсаң ел басына қара түнектің төніп тұрғанын айтып, адам нанбас жорамалдарын айтады. Халық арасында бақсы, балгерлер Ібілістің достары, сыбайластары деген көзқарас та қалыптасқан. Дегенмен, балгерлердің сөзіне Құдайдай сеніп,  оларды ерекше құрмет тұтатындар да кездеседі.  Әдетте адамдар көбіне құпия нәрсеге құштар болып келеді. Білгенін емес, білмейтінінің сырын ашуға әуес. Мәселен, өз болашағы туралы, өмірі жайлы. Сондықтан кейбір жандар балгер көрсе, өмірінен бір үзік сыр білгісі келіп, оларға жұғыса кетеді.

Бүгінде екінің бірі тәуіп, балгерге айналды десек қателеспейміз. Ақ жаймасын жайып, құмалағын, картасын  ашып, базарды, көшені жағалап отырған тәуіптерді қала көшелерінен көптеп кездестіруге болады. Сол базар жағалап, нәпақасын тауып отырған құмалақшылардың алдынан адам үзілмейтін болды әйтеуір. Кейбір отбасы бір балгерді «меншіктеп» алғанын да көріп жүрміз. Қазіргі таңда «бал ашамын», «жол ашамын», «жоғалғанды табамын», тіпті, «дуа жасаймын»  деген секілді жарнамалар да қаптап жүр.  «Аңқау елге арамза молда» демекші, Алланың атынан сөйлеп, бұқара халықтың аңқаулығын өз әжеттеріне жаратып, балгерлікті пайда табудың көзіне айналдырып алғандар бар. Оның үстіне түрлі діни секталар, теріс пиғылды ағымдар қаптаған заманда тәуіптерден де сақтану қажет-ақ. Себебі, көшеде «бақытты да, баянды» өмірді насихаттап жүрген өзге ағымның өкілдері құмалақ арқылы елдің басын айналдырып жүрмегеніне кім кепіл?!

Қасиетті Құран Кәрімде: «Көктегі және жердегі құпияны Алладан басқа ешкім білмейді», — делінген. Яғни болашақты болжау, пенденің алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын білу адамның қолынан келмейді, ол Аллаға ғана аян. Ендеше, балгерлік, көріпкелдік күпірлік пе және олар шынымен де Ібілістің достары ма? Қасиетті Құранда былай дейді: «Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі» және  «Расында шайтандар сендермен тартысу үшін өз сыбайластарына сыбырлайды. Егер оларға бой ұсынсаңдар, серік қосушылардан боласыңдар»,- делінген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жамағатты балгер, көріпкел, құмалақ ашатын және сол сияқтыларға барудан қайтарған. «Кімде-кім ондай адамдарға барып, олардың ісін дұрыс десе, діннен шығып, кәпір болады. Сенбегеннің өзінде барғаны үшін қырық күндік ғибадаты қабыл болмайды. Шайтан адамдардың арасына от салуды қалайды»,- деген. Яғни бақсылықпен айналысу, олардың ісін дұрыс деу шариғатымызға қайшы келетін әрекет. Ал сіз көріпкелдерге сенесіз бе?

Мұхиддин Исаұлы, дінтанушы:

«Балгерлер талай отбасының шырқын бұзып жатыр»

Бал ашу, көріпкелдікпен айналысу – Ислам дінінде тыйым салынған амалдардың бірі. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімнің біраз жерінде ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді деп айтқан. Сондықтан ғайыпқа қарай ұмтылуға адам баласына тыйым салынған. Оларға сену жұлдызшыларға сенумен бірдей. Әрине, мүмкіндік болса олардың жұмысына тосқауыл қойған жөн. Өйткені, олар бөгде біреудің тағдырларымен ойнайды. Құмалақшылардың айтқанына сеніп, дұрыс жолдан бұрыс жолға адасып, олардан көмек, ақыл сұрағанша саналы, жөн білетін кісілерден кеңес сұрап, жағдайын айтып,  көкейіндегі проблемаларын шешкені жөн. Негізі қазір балгерлер «Аңқау елге арамза молда» деп елдің аңқаулығын, әсіресе, жастардың пәктігін пайдаланып, олардың санасындағы түйткілдерін, түйіндерін шешудің орнына, одан әрі байлауда.

Мұндай бақсылар адамдардың көңілдеріне әлдекімдер жайлы  күмән ұялатады, тіпті, бұлар екі жақынның, ерлі-зайыптылардың бөлінуіне де әкеп соқтырып жатады. «Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» дегендей олардың айтқан сөздері талай отбасының шырқын бұзып, достардың арасына іріткі салып, бір-біріне деген сенімсіздіктерін үдете түседі. Сол себепті кез-келген жерде отырып алып, адамның тағдырын ойыншыққа айналдырып отырған балгерлерді бетімен, бейберекет жіберіп алуға әсте болмас. Задында мешіт мінбелерінде бұл мәселе жайлы кеңінен айтылып келеді. Тәуіптерге қатты сенетін, олардың айтқандарынан шықпай жүрген мұсылмандардың көзін ашуымыз керек. Бұған дін өкілдері, мешіт қызметкерлері атсалысып келеді. Алайда, өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасының дін еркіндігі туралы заңы бойынша, имамдар мешіттің сыртында уағыз жұмыстарын жүргізе алмайды.  Олар тек мешіт аумағына енген адамға уағыз айта алады. Сондықтан халыққа мәселені кеңірек түсіндіріп олардан бойларын аулақ салып жүрулерін БАҚ беттерінде кеңірек насихаттаған абзал деп есептеймін.

Айнұр Оңғарбаева

2692 рет оқылды