Ел іші
Адасқандардан абай болайық!

Адасқандардан абай болайық!

Жаһандану жағдайында еліміздің ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтау үшін өзіміздің ұлттық және рухани құндылықтарымызды жаңғырту, діліміз бен дінімізді тану заман талабы. Елбасы Н.Ә. Назарбаев егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн екені туралы ойын «Тарих толқынында» шығармасында ашық айтқан болатын.

Осылай Қазақстан халқы діни жаңғыра бастады бірақ, діни жаңғыру тек Қазақстан үшін ғана емес, постатеистік және посттоталитарлық елдерге де тән құбылыс болды. Сондықтан ұзақ жылдар бойы ұлттық және рухани құндылықтарынан ажыраған елдер өзінің тегінде өрнектелген тамырларына қайта оралуы табиғи жағдай еді. Қазақстан да ұзақ жылдар бойы ұмыт бола жаздаған ұлттық құндылықтарына, мәдени мұрасына және дініне орала бастады. Бұған соңғы кездерде қазақстандық қоғамның өсіп келе жатқан діндарлығы да айғақ. Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы ұйымдастырған 2011 жылғы социологиялық зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес соңғы 3 жыл ішінде әр оныншы адам діндарлау бола түсіп, бұрын өздерін дінсіздер қатарына жатқызған адамдардың тағы 4,5% Құдайға сене бастаған. Бұл бірнеше жыл бұрынғы көрсеткіш, ал бүгін де діндар адамдардың қатары арта түспесе кеми түспегені анық. Мен бұл статистиканы не үшін келтіріп отырмын? Міне, осындай халықтың дінге деген қызығушылыңын өздерінің теріс мұрат-мақсаттары жолында тиімді пайдалануды көздеген небір келімсектер мен адасқан діни ұйымдар, ағымдар жауыннан кейін шыққан саңырауқұлақтар сияқты қаптап кетті. Бұлардың көздегені қазақ халқын біріктіру емес, ыдырату, бейбітшілік емес, қақтығыс. Олар қоғамда бүліктің болғанын қалайды. Ал шынайы дініміз Ислам бүлікті қолдамайды, мұсылмандардың арасындағы бірлік пен ынтымақты олардың екі өмірдегі игілігі үшін парыз етеді: «Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаныңдар да, бөлінбеңдер!» (Əли Имран: 103) және «…Əрі ізгілік пен тақуалық жолында ынтымақтасыңдар, күнə мен дұшпандық жолында сыбайласпаңдар!» (Мəида: 2).

«Ештен кеш жақсы» демекші кеш болса да осындай адасқан мен адастырушы діни ұйымдар мен ағымдардың елімізге тигізетін зардабын түсінген құзіретті органдар тиісті шара қолдануға кірісті. Осылай соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік деп бірқатар діни ұйымдар танылды. Бұлар тұралы толығырақ ақпаратты ҚР МСМ Дін істері комитетінің сайтынан көруге болады (www.din.gov.kz).

Расында да, бұл діни ұйымдар қоғамның бірлігі мен тұрақтылығы үшін қауіпті. Олар қолдарынан келгенше шынайы исламды бұрмалап, қоғамда бүлік шығаруды көздейді. Мысалы, бұлардың арасында сопылық мектебін жамылып, қазақ жастарын адастырып, әбден әлекке салған, «оқымаймын» дегендерді оқшаулап, жер төресіне қамап, «ілім беремін» деп зорлық-зомбылық еткен «Сенім. Білім. Өмір» діни ұйымы да бар. Халық арасында бұл ұйымның мүшелерін «Зікіршілер» немесе «Исматуллашылар» деп те атайды. Зікіршілер мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп отырған саясатына, ҚМДБ-на қарсы жұмыс жасаумен әлек болды. Қазақтың дінге деген құрметін пайдаланып, Абай, Шәкәрім, Жүсіп Баласағун, Бекет Ата сияқты т.б. қазақтың дара тұлғаларын өз мүдделері үшін бүркеніп, өздерін ғана хақ жолда екенін айтып, қоғамды өздері және «басқалар» деп топқа бөлді. Сол себепті де олар дәстүрлі исламды ұстанған азаматтарды және оларға сын айтқандарды «адасушылар» деп таныды. Негізінде Исматулланың мақсаттарының бірі сопылықты жамылып, қазақ халқының ежелден ұстанып келе жатқан «аһли сунна уәл жамаға» ақидасын бұзып, оларға ирандағы қадариттік ақиданы үйрету болатын. Оның бұл мақсаты біраз іске асқан да сияқты. Өйткені, Исматулланың шәкірттерінен тағдыр мәселесі жайында сұрасаң, олар қадариттер сияқты жауап береді. Мысалы, «Ахли сунна уәл жамаға» ақидасы бойынша тағдырға иман келтіру - парыз. Сондықтан қазақ тағдырға сенген: «маңдайына жазған», «пешенесіндегі осы», «тағдырдан қашып құтыла алмайсың» сияқты т.б. сөз тіркестері осының дәлелі. Ал қадариттер бұған сенбейді. Олар бұл парызды мойындамайды. Қадариттердің пікірінше Алла Тағала пенденің іс-әрекеттерін алдын-ала білмейді және олардың жүзеге асуына араласа алмайды. Сөйтіп, олар Алла Тағаланың Білуші, Құдіретті, Көруші, Естуші деген сияқты есім-сипаттарына күпірлік келтіреді (астағфирулла). Бұл өз кезегінде Құрандағы мынадай көптеген аяттарға қарсы келген болып саналады:

«Алла – Білуші және Дана» (Нұр: 18); «Шын мәнінде Алла барлық нәрсеге Құдіретті» (Нұр: 44).

Біз, яғни аһли сунна уәл жамағат өкілдері: «Жақсылық та, жамандық та Алладан» деп иман келтірсек, қадариттер жақсылық Алладан, жамандық адамнан дейді. Сонда қадариттерге сәйкес әлемде екі жаратушы болғандай. Біріншісі, жақсылықты жарататын Алла, ал екіншісі жамандықты жарататын адам (астағфирулла).

Қалай болғанда да егер бұл ұйым Қазақстан аумағында бұдан әрі жұмысын жалғастыра бергенде, онда мұсылман қоғамы бүлікке белден батып,  аһли сунна мен тағдырға иман келтіруді парыз деп білмейтін қадариттер болып қырық пышақ болар еді. Құдайға шүкір бұл ұйымға заңмен тыйым салынды. Бірақ, арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Зікіршілердің көсемдері жазасын өтеп, абақтыда отырғанымен олардың мүридтері әлі де болса ғаламтор желілерінде, «қоғамдық, ағартушылық» ұйымдарында астыртын жұмыс жасауда. Қазақ: «Жалтырағанның барлығы алтын емес», - демекші, «сопымын» дегеннің барлығы да шынайы сопы емес екенін естен шығармаған жөн. Олардың кезінде еліміздегі БАҚ-ның бірқатар бөлімін жаулап алғандары әлі есімізде.

Сонымен қатар еліміздің аумағында террористік және экстремистік деп танылып, әрекетіне тыйым салынған ұйымдардың арасында «Хизб әт-Тахрир», «Тәкфир уәл-Хижра», «Братья мусулмане», «Тәблиғи жамағат» сияқты т.б. діни ұйымдар бар.

Жоғарыда аталған діни-экстремистік ұйымдардың бастауы сонау уаһабшылық идеологиядан жалғасатыны баршаға аян. Осылардың ішінен «Тәкфир уәл-һижра» ұйымын мысалыға алайық. Қазақтың қара көзді балаларына қару ұстатып, бауырды бір-біріне, ұлын әкесіне, қызын анасына қарсы қойған дәл осы экстремистік ұйым. Бұлар уаһабшылар сияқты мәзһабты мойындамайды. Олардың сенімдері бойынша намаз оқымағанның барлығы кәпір. Біз кәпірстанда ғұмыр кешіп жатыр екенбіз. Сондықтан басқа мұсылман мемлекетіне көшуіміз парыз. Сирия жеріне барып, соғысу, жиһадқа шығу да парыз. Бұл сенің мұсылмандығыңа дәлел әйтпесе, кәпірсің. Адасқан бұл экстремистік ұйымның қиялына сенген қанша қазақ отбасы ұлы мен қызынан айырылды, қаншасы Сирияға соғысқа аттанды. Бұл ұйымның да мақсаты – бірлігі жарасқан қазақ қоғамын «мұсылмандар» мен «кәпірлерге» бөліп, елдің құтын қашыру. Тіпті, керек болса қолға қару ұстап, билік жүйесіне қарсы шығу. Елдің жағасын ұстатқан аймақтарда орын алған жарылыстар осының дәлелі. Адасқан, терроритсік және экстремистік бұл ұйымдарды келтіруімнен мақсат жастарымыз біліп, ғибрат алса екен деймін. Бұлардың әрекеті Қазақстан аймағында заң жүзінде тыйым салынып, өкілдері абақтыға қамалғанымен олардың жақтаушылары, «жанашырлары» әлі де арамызда жүруі әбден мүмкін.

Қарап отырсаңыз жоғарыда айтылған адасқан топтарды мынадай ортақ сипатпен көрсетуге болады:

– тек өздері ғана хақ жолында, басқалары адасқан;

– өздерінің көсемдерін ғана (тақсыр, шейх) тыңдау керек;

– өздерімен пікірлес азаматтар, туған бауырларынан жақын тұрады;

– басқалардың пікірімен санаспау;

– ҚМДБ имамдарын мойындамау;

– мемлекет саясатына қарсы пікір тудыру, өздерін оппозиция іспетті етіп көрсету;

– дін жанашыры болып көрініп, қатарларына адамдар тарту және т.б.

Ал енді бұл жалпы адасқан ағымдар мен діни-экстремистік ұйымдар адам санасын қалай жаулайды дейтін болсақ, онда оның әдістері мен тәсілдері, жолдары көп. Бұлардың кейбірін атап көрсетуімізге болады. Мысалы ғаламтор желісі: Бүгінде жастарымыздың басым бөлігі әлеуметтік желілерде отырады (ВК, Фейсбук, Ватсап және т.б.). Аталмыш діни ұйымдардың өз парақшалары, сайттары бар. Қазақстан Республикасының аймағында 632 сайт экстремистік деп талынылып, тыйым салынды.

Келесі әдістердің бірі, діни насихат айтып, адамды имандылыққа тартқан болып, бірақ, аят пен хадистерді бұрмалап өз идеологияларына сәйкес түсіндіру. Әдетте, мұны шәкірттер біле бермейді. Ұстаздары, шейхтері олардың арқасынан қағып, өтірік мақтап қойса болды, олар соған мәз болып жүре береді. Әдетте адасқан ұйымдардың жиі қолданатын әдістерінің келесі тәсілі – дөңгелек үстелдер, түрлі кездесулер мен диспуттар ұйымдастыру. Олар осында келген белсенді, алғыр жастардың діни түсініктерін улайды. Ұйымдастырушылар өздерінің идеологтарына сөз беріп, аудиториянын назарын соған аударады. Мұндай кездесулер мектепке қарағанда жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің арасында жие болып тұрады.

Теріс ағымдарға қарсы барлығымыз бірігіп күресуіміз қажет. Мұндай жағдайды болдырмау үшін дінді, исламды, имандылықты үйренгісі келген әрбір азамат мешітке, имамға барып үйренгені дұрыс. Мешіттеріміз үздіксіз араб тілі, Құран, тәжвид, ислам тарихы пәндерінен тегін курстарын ұйымдастырып келеді. Оқимын деушілерге есігіміз айқара ашық.

Бағдат АБДУКАРИМОВ, 

«Әл-Ғани» мешітінің бас имамы,

Астана қаласы

1474 рет оқылды