Ел іші
Қонақжайлылық – ынтымаққа бастар жол

Қонақжайлылық – ынтымаққа бастар жол

Қонақжайлық – қазақ халқының бағзыдан келе жатқан өнегеге толы ұлттық салт-дәстүрінің бірі. Сонымен қатар, бұл дәстүр адамдар арасындағы түсіністік, бір-біріне деген құрметті, ағайындар ара қамқорлықты білдіретін, кісінің адамгершілігін, имандылығын шыңдайтын жақсы қасиет. Тіпті адамдардың иманын таразылайтын өлшемдердің бірі деп айтуға да болады. Себебі, бұл амалдың өзегінде асыл дініміз Исамның арда құндылықтары жатыр. Адамдарды нәсіліне, тіліне, дініне, ұлтына, ұлысына бөліп-жармай, ықылас пейіл көрсетіп, өз дастарханынан ас-дәм беру қонақжайлықтың басты белгісі.

Біздің халқымыздың пейілінің дархандығы, жат, жақын деп айырмайтын қонақжайлық қасиеті мен озық дәстүрлері қай қашанда шетелдік саяхатшылар мен ғалымдарды таң қалдырып отырған. Бұл туралы жазба деректер де көп кездеседі. Байырғы қазақ қоғамында әкенің балаға қалдыратын мұрасының белгілі бір бөлігі қонаққа тиесілі енші деп бөлінеді екен. Мұндай жомарттық басқа халықтарда өте аз кездеседі. Қазақ сахарасындағы кез келген жолаушының кезіккен ауылдан тамақтанып, тынығып алуына, қонып жатуына, құдайы қонақ болуына ешқандай кедергі болмаған. Әрбір үй иесі оны мейілінше сән-салтанатымен, дархан пейілімен қарсы алып, ақ бата ақ тілеумен шығарып салу өмірлік ұстаным есептелген.

Қазақ халқында кең таралған қонақ кәде дәстүірінің орны айырықша. Әр үйде қонаққа арналған сыйсияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Қонақ күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Кейде тіпті жеті кесік төлеткен. Болмаса, ат, шапан айып бергізген. Жоғарыда айтқанымыздай қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр.      

 عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген

Халқымыздың сөздік қорында «Құдайы қонақ» деген өте жақсы сөз сақталған. Яғни, күтпеген жерден қонаққа келген жолаушы кісіні. Мұндай қонақтар айырықша күтімделген-ді. Бұл да болса, бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен ынтымақтастығының көрінісі. Сайын сахарада көшіп-қонып жүрген еркін халық бірін-бірі танымаса да, міндетпен бас сұғуы мүмкін. Үй иесі мұнда хал сұрасып, жағдай айтысып, малын сойып, ет тартып, ағайын-туысын шақырып, әңгіме дүкен құрып, таныстығы мен таным-түйсіктерін алмастырып отырған. 

Қазақ дәстүрінде қонақтың басқа да түрлері болған. Мәселен, қонақты арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ деп төртке бөлген. Солардың ішінде құдайы қонақ үй иесі танымайтын бейтаныс жан, жолаушы. Яғни, мүлдем бейтаныс адам. Отағасы оны бұрын-соңды көрмеген адамын «Құдайы қонақпын» десе болды, құрақ ұшып, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Бұл бүгінгі адамды басты құндылық санаған "өркениетті" қоғамда да кездеспейтін асыл қасиет. 

Халқымыз қонақты қадірлеумен қатар, қонақжайлылықты ұрпақтан-ұрпаққа сіңіріп, келешек буынға жеткізіп отырған. Мәселен, халық даналығында қонақтың құрметін білдіретін «Қонақ келсе - құт», «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген мақалдар арқылы ұрпақ санасына осы бір озық дәстүрімізді насихаттап, сіңіріп келген.

Мейман бейтаныс болса да,  келген үйд төріне шығарылып жылы шырай көрсетіліп, арнайы ас-ауқат беріліп, құрмет көрсетілген. Қазақта қонақ болудың қатып қалған мерзімі болмайтын. Арнайы қонақтар апталап, айлап мейман болатын. Ал, құдайы қонаққа қатысты «Үш күнге дейін қонақ» дейтін қағида болған. Яғни, аса бір асығыстығы болмаса, көбінесе келген кісіні үш күн бойы мейілінше күтіп, оған дейін келген кісінің мақсаты сұралмайтын болған.

Тілге тиек етіп отырған аталмыш дәстүріміздің діннен алынғанына дау жоқ. Оған төмендегі риуаят дәлел болады.أ Әбу Шурейх Хуейлид ибн Амрдан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күнінен иман келтірсе, қонағының сыйын жақсылап берсін», – дейді. Сахабалар: «Оның сыйы не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Оның сыйы – бір күн және түн. Қонақ ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы», – деген. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

Қонақты күту, сыйлау мәселесі үйдің ас-суын қамдайтын, тамақ әзірлеп, дастархан жаятын әйел адамына қатысты болғандықтан қазақ әйелдері қонақты сыйлау, күтудің жора-жосынын терең меңгерген және оны бала тәрбиесінде катаң ұстанып, ұрпақтар сабақтастығын, дәстүр жалғастығын үзбей отырған. Егер, қонақ келгенде үйде ата-анасы болмаса да, балалары келген қонақты үйге кіргізіп, өз жосынымен дәстүрлі күту тәсілдерімен жөнелтіп отырған.

Сонымен қатар, қазақы ғұрпымызға сай келген қонақты үйге кіргізбей, сырттан қайтару үлкен ұят, сүйекке таңба боп саналған. Тіпті, сол ауыл мен әулеттің атына сын болған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығын қонақжайлылыққа да қатысты деуге болады. Қонақжайлылық арқылы да баласын тәрбиелеп отырған. Яғни, қонақтың өнегесін үйренуіне, әр елдің дәстүрі мен мәдениетін дастархан басынан, айтылған сөз бен қонақтың әдебінен меңгеруіне аса мән берген. Сондай- ақ, әйел адам қонақ келген кезде бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі, қонақ отырғанда баласына ұрыспайды немесе дауысын көтеріп сойлемейді. «Қонағын сүймеген, баласын ұрады, не үйін сыпырады» деп, қонақ күтудің де айрықша үлгісі мен мәдениетін дәріптеп отырған.

Үйімізге құдайы қонақ келе бергей, олармен бірге отбасымызға ырыс-құт та ене бергей!

 

Рашид Алпысбаев,

"С.Ғылмани" мешітінің наиб имамы

1461 рет оқылды