Ел іші
Ата-ананы құрметтеу –  имандылық белгісі

Ата-ананы құрметтеу – имандылық белгісі

Ата-ананың қадірін білмеген,
халықтың қадірін білмес. 
 
(Ғ. Мұстафин)

Алдымен имандылық дегеніміз не? Мағынасына үңілсек. Бұл араб тілінде - الإيمان - «әл-Иман» деген сөз, қазақша «сенім», «наным» деген мағынаны білдіреді. Шарғи мағынасы иман келтіру, илану, Алланың жалғыз екендігіне, Оның пайғамбарларына, түсірілген кітаптарына т.б ақиқатқа шынайы сену болып табылады. Аллаға және Оның Пайғамбарларына иман келтіру дегеніміз Құран аяттары мен Алла Елшісінің сөздеріне бойсыну дегенге саяды. Сонда айтылған әмірлер мен тыйымдарды шүбәсіз орындау имандылықтың белгісі екендігін аңғартады. Иманмен адам Жаратушысын, не үшін жаратылғандығын, жақсылық пен жамандықты ажырата білетіні хақ. Ал, жақсы мен жаманды ажырата білген адам кімге болса да қиянат жасамасы анық. Сондықтан халқымыз тәрбиелі, инабатты да ибалы, адамгершілігі мол кең пейілді жандарды иманы жүзіне үйірілген әдепті кісі екен деп жатады. Алла Елшісі бір хадисінде:

لا يؤمن أحدكم حتى يحب لأخيه ما يحب لنفسه

«Сендердің ешқайсыларың өздеріңе қалағандарыңды басқа бауырларыңа қаламайынша имандарың толық болмайды» - деген.

Демек, иманды болу өзін жамандықтан тыйып, жақсы амалдар істеу ғана емес,  басқа бауырларыңды да жақсылыққа үндеп, өзіңе қалаған жұмақ жолын өзге де мұсылман бауырларыңа қалау болып табылады. Ал, әке-шешеге деген жақсылықтың орны мүлдем бөлек. «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, оның алдындағы перзенттік қарызыңды өтей алмайсың» деген ұлағатты сөз халық арасында кең таралған. Осы бір ауыз сөздің өзінен-ақ, ата-анаға деген сый-құрметтің ислам тұрғысында өте жоғары екендігін аңғаруға болады.  Ата-анамызға лайықты ізет көрсетіп, Алла әмірлерін орындайтын, иманы толық Алланың сүйікті құлдарының қатарынан табылайық. 

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:  «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме, (кейіс білдірме) сондай-ақ, ол екеуіне зекіме, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» - деген.

Осы аятқа амал етіп, иман келтірген түрде ата-анамызға кейіс білдірмей, керісінше сый көрсетіп жатсақ имандылық әдептерінің бірін жүзеге асырған болар едік. Себебі имансыздықтың қоғамға да, қоршаған ортаға да тигізер кері әсері өте зор.

Иман – фәни дүниедегі ризығымыз, ақыреттегі жемісіміз. Иман арқылы Алланы танып, мейіріміне бөленеміз. Бұл жалған дүниеде иманымыз толық болмаса, онда мәңгілік жәннат мекенге бағыт алуымыз оңайға соқпасы анық. Ата-ананың қызметінде болып, разылығын алып, оларға сый көрсетуді өзімізге берілген перзенттік міндет деп білуіміз шарт. Қазақтан шыққан кемеңгер ойшлы, дана Абай атамыз: «Атымды адам қойған соң, қайтіп мен надан болайын», - деген емес пе еді?! Ендеше, Алладан берілген бойдағы адамдық қасиетімізді надандықпен ауыстырып алмай, шариғат үкімдеріне даналықпен қарайық. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Даналық – мүміннен адасып қалған нәрсе, оны қайсыбір жолмен тауып алса, сол даналыққа өзі лайық болады», - деген өнегеге толы ғибратты сөзін әсте естен шығармағанымыз жөн.

 

 

Мерей Жақия, Астана қаласы

«Әлжан Ана» мешітінің наиб имамы.

414 рет оқылды