Ел іші
Ислам – парасаттылық діні

Ислам – парасаттылық діні

Ислам әлемдік діндердің ішіндегі Алланың бекіткен хақ діні болғандықтан барша асыл құндылықтарды қамтыған.  Асыл дініміздің алғашқы әмірі «Оқы» деп басталуы шариғатымыздың әуелгі қатарда барша адам баласын білімділікке үндеу, білімсіздіктен қайтару екенін байқаймыз. Сол арқылы адамзат қоғамына зиянды, пайдасыз істердің барлығынан қайтару ақиқат дінінің мұраты болып саналады.

Ислам дінін тереңдеп білген сайын, Алла Тағала мұсылмандарға оқып, ең алдымен білім алуды міндеттегенін көреміз. Құран Кәрімнің алғашқы түсірілген «Алақ» сүресінің бес аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен» деп әмір еткен. Яғни, Құрандағы алғашқы әмір  «Оқы» деп басталады.

Алла Тағала ақыл иелеріне ерекше мейіріммен оқудың маңыздылығын нұсқап, көркем мінезді кемел адам болуға шақырады. Жалпы, ата дініміз ілім мен ғалымдарға көркем қарым-қатынаста болуды, асқан әдептілікпен құрмет көрсетуді құптайды.  Себебі, Құран аяты мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегеге толы асыл хадистері білімнің ең маңызды мәселе екендігіне және ғалымдардың мәртебелеріне көбірек тоқталып, адамзаттың назарын аудартады.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде отандастарымыз арасында дініміздің асыл қайнарларын басшылыққа алудың орнына, көшедегі көлденең көк аттының айтқанымен жүретін, болмаса, өз көңіл-қалауы мен эмоцияларды басшылыққа алатындары аз емес. Бұл – өте қате түсінік. Мұсылман адам діни мәселелер турасында  сөз айтудан бұрын немесе дінде бір нәрсені істеуден алдын, ол туралы қажетті нәрселердің барлығын біліп болмайынша пікір өрбітіп, іс бастаудан өзін алыс ұстауы керек. Себебі, білімсіздікпен жүрдім-бардым жасалған негізсіз амалдар өзіне де, өзгеге де орасан зор зиян шектіреді. Тіпті, адамдардың тура жолдан жаңылысып, адасуына алып әкеледі.

Мұсылман білімді болумен қатар, жұмсақ мінезді болуы қажет. Бұл Құран Кәрімнің асыл өнегесі болуымен қатар, соңғы Пайғамбардың (с.ғ.с.) бүкіл мұсылманға қойған талап-шарты. Қазақ мұсылманды «момын» деп атайды. Ой жүгіртіп, мән бере білсек бұл сөздің астарында үлкен көркем мағына бар!

Реті келгенде жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру шариғатымызда аса қасиетті, киелі Қағбаны бұзғанмен бірдей. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның өзі» деп, осы шындықты айқындап берген. Яғни, өзінің өнегесін алып, тура жолда болуды қалаған адамға көркем мінез-құлықты болуға үндейді. Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойындағы тұнып тұрған кемел мінез-құлық – Оның пайғамбарлығының  белгісі мен нышаны екені хақ.

Сәбит ЕРЕЖЕПОВ

506 рет оқылды