Ел іші
Үнемшілдік - экономика тірегі

Үнемшілдік - экономика тірегі

Исламның құқықтық нормаларындағы бірқатар тыйымдар мен белгіленген шектеулер – қоғамның сан саласында өз жемісін беретін құнды заңдылықтар. Осы тектес тыйымдардың барлығы Алла Тағаланың белгілеп берген өмір сүрудің дұрыс нормалары екенін білеміз. Ендеше, ислам қағидаттарындағы соншама көп тыйымдар мен әртүрлі амалдарға байланысты белгіленіп қойылған шектердің астарында жеке өміріміз бен әлеуметтік қоғам үшін аса қымбат құндылықтар жатарында еш шүбә жоқ.

Ислам өмірдің барлық жақтарын қарастырумен қатар, экономикалық мәселелерді де жіліктей, нақтылай сараптайды. Зекет, садақа әлеуметтік қиындықтарды шешуге бағытталған «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» болса, үнемшілдік, шектен шықпау, ысырап жасамау секілді нормалар жеке немесе отбасылық экономиканы реттеп, кедейшілік пен таршылықтың болмауын тудыратын басты нарықтық қағидаттардың бастауы деуге болады.

Мәселен, Құран Кәрімде «Ағраф» сүресі, 31-аятында:

كُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ


«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген.

Бұл тыйымның астарында неше түрлі хикмет бар екенін аңғарамыз. Дана халқымыз «Соға берсең, еселеп табағыңа, Уға айналар құдайдың тамағы да» деп бекер айтпаған. Артық ішіп-жеу экономикалық тұрғыдан ысырапшылдық болса, ал адам денсаулығы үшін өте зиян екенін қазіргі заманауи медицина дәлелдеп отыр. Ал, адамның рухы үшін де тоя тамақтану аса зиянды әдетке жатады. Яғни, үнемі тоя тамақтанып жүру адамның жаттау қабілетін әлсіретіп, ұйқышылдық, жалқаулық, ғапылдық, т.б. жаман әдеттерге жол ашады.

Асыл дінімізде үнемшілдік тек ішіп-жеу мәселесінде ғана үнемшіл болуды дәріптеп қоймайды. Қайта, өмірдің барлық сатысында, әртүрлі формадағы, адамдар ең көп ысырап жасайтын мәселелердің барлығында үнем жасау талап етіледі. Яғни, мұсылман адам ішіп-жегенде, киінгенде, үй-жай салғанда және уақыт жұмсағанда барынша үнемшіл болу дәріптеледі.

Бүгінгі жастарымыздың қалтасына қарамай тапқан ақшасының бәріне мейлінше қымбат бағалы киімдер киініп, жұтаң тұрмысы мен жалаң руханиятына көңіл бөлмейтіндерін жиі байқаймыз. Әрине, жақсы киім киінгенді Ислам діні де құптайды. Бірақ, өз отбасының нәпақасы мен бар ырыздық-несібесін бағалы, шетелдік киімдерге жұмсау - ысырапшылдықтың басы, отбасылық экономиканы құлдырататын нашар әдеттерден.

Жоғарыдағы аяттың толық нұсқасында Алла Тағала былай дейді:

يَا بَنِي آدَمَ قَدْ أَنزَلْنَا عَلَيْكُمْ لِبَاساً يُوَارِي سَوْءَاتِكُمْ وَرِيشاً وَلِبَاسُ التَّقْوَىَ ذَلِكَ خَيْرٌ ذَلِكَ مِنْ آيَاتِ اللّهِ لَعَلَّهُمْ يَذَّكَّرُونَ

«Ей, Адам ұрпақтары! Сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім түсірдік әрі сәндік киімдерді де. Ал, тақуалық киімі (Ибн Касир мұны ізгі амалдар деп түсіндіріледі) – қайырлы. Бұл олардың еске алуы үшін Алланың белгілерінен», – деп бұйырған. Бүгінде бұл нормаларды ескермей, кредитке киім алып, қарызға той жасап жатқан ағайынның қиналысы оқта-текте байқалып қалатынына куәміз. Яғни, үнемшілдік жасамаудың зардабын тартып отырған отбасы аз емес.

Үй алу, қымбат машина міну, тіпті ұялы телефон қолданудағы бәсекелестік бізге үнемшілдікті ұмыттырып жібергендей. Тіпті, бұндай жаман әдет жылдап төлейтін өсімді қарызға ұрындыруда.

Бүгінгі қазақ қоғамындағы осындай ысырапшылдықтың зияны ел экономикасына да өзіндік кері әсерін тигізуде.

Әлемді шарпыған қазіргі дағдарыс заманында ысырапшылдыққа тосқауыл қойып, үнемшілдікке бетбұрыс жасаудың маңызы зор.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде үнемшілдік мәселесін ортаға қойып; «Ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуге тиіс... Мерейтойларды және оған кететін бюджет қаражатын қысқарту керек», – десе, тағы бір сөзінде үй сатып алу мен көлік мінудегі артық бәсекелестік пен ысырапшылдықты сынға алған еді.

Ал, мүбәрак мәтінді хадис шәріптердің бірінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Күн көрісте үнемдеу – пайғамбарлықтың жиырмадан бірі», – деген (Әбу Дәуіт). Демек, өмірдің әрбір сәтінде үнемшілдік жасау - ол біздің жеке басымыз үшін Пайғамбарлық өнегеден алған қымбатты құлшылығымыз болса, ал тәуелсіз Отанымыз үшін ұлттық экономикамызды қарыштатып, бай, қуатты елге айналуымызға жасалған ізгі қадам болмақ.

 

 

Мамлюк МҰСАЕВ,

«Сәдуақас қажы Ғылмани»

мешітінің наиб имамы 

478 рет оқылды