Ел іші
Парсы жеріндегі әбігер (Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінен )

Парсы жеріндегі әбігер (Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінен )

Сол замандағы екі үлкен мемлекеттің бірі Парсыдан келген хабарлар да өте қызықты еді. Кисра сарайларының тұрған жері қатты шайқалып, сарайдың теңдессіз мықты деп мадақталатын он төрт бағанасы жермен-жексен болады. Бір түнде қасиетті деп танылған Сауа көлінің суы тартылып қалады. Сондай-ақ, парсы императоры сол түні түсінде араб жылқыларының семіз түйелерді соңына ертіп Дижладан өткенін, сол жерден елінің барлық аумағына тарағанын көреді.

Қатты үреймен шошып оянған патша мұның тегін емес екенін іштей түйеді. Уәзірлеріне түс жоритын адам табуды тапсырады. Міне, дәл осы кезде Истахрабад деген жерде бір жылдан бері еш сөнбей жанып тұрған және адамдар тауап ететін оттың да сол түні сөнгені туралы хабар тарайды. Патша қасындағы бірінші уәзіріне бұлардың барлығы не мағына беретінін сұрайды. Білгір уәзір:

-Арабтардың жерінде үлкен бір оқиға болғаны анық, - дейді.

Иә, үлкен оқиғаның болғаны айқын, алайда олар оның не екенін тап басып айта алған жоқ. Уақытты жоғалтпастан Хира әкімі Нұғман ибн Мунзирге хабар жіберіп, бұл туралы зерттеуді және бұлардың не мағына беретінін білетін біреуді тауып әкелуді тапсырады. Жағдайдың маңыздылығын түсінген әкім тағы бір білгір әрі атақты көріпкел Сатыхтың жиені Абдулмәсихті нағашысына жіберіп, бұлардың барлығының нені меңзейтінін біліп келуін сұрайды.

Сөйтіп, Абдулмәсих нағашысы Сатыхқа барып болған жайттар туралы баяндайды. Бойынан қуаты қайтып, қарға адым жермұң болған Сатых қартайып, дәм-тұзы таусылуға жақын еді, сондықтан Абдулмәсих тезірек бұлардың не мағына беретінін сұрап білгісі келді. Болған жағдайлар туралы естігеннен кейін есін жиған Сатых қиналып, әзер дегенде былай дейді:

-Ей, Абдулмәсих, жер бетіне соңғы пайғамбар келді, енді иләһи уахи үкімін жүргізеді! Сәмауа даласы қозғалып, Сауа көлінің тартылғанына және парсылардың өшпес оты сөнгеніне қарағанда, енді араб түбегінде Сатыхқа орын жоқ деген сөз. Нағыз үстемдік Иесі осылай болуды жазды және ең соңғы пайғамбардың келуімен пайғамбарлық міндеті де осымен тамамдалады. Бұл жерлерде бұдан былай патшалар билік құрады. Айтқаныма сен, осының барлығы жүзеге асады.

Бұл сөз Сатыхтың соңғы сөздері болды. Құлды бірнеше жыл бойы осы сөздерді айту үшін шыдап келе жатқандай еді. Енді міндетін орындаған соң жаны жай тапқандай тынышталып, дүниемен қош айтысты.

788 рет оқылды