Ел іші
Жаман түстің кесірі тиюі мүмкін

Жаман түстің кесірі тиюі мүмкін

Түс көру сыры – әлі толық ашылып бітпеген ерекше құбылыс. Түстің кейбірі есімізде анық қалса, енді біреуі мүлде есте сақталмайды. Ғалымдардың пайымдауынша, мида адам баласы дүниеге келгелі бергі барлық ақпараттар мен деректер бар көрінеді. Ақыл-ойы дұрыс дамыған деген адамның өзі ми қызметінің 3, әрі кеткенде 4 пайызын, тіпті ғұламалардың өзі 6 немесе 7 пайызын ғана пайдалана алады деседі. Түстің үш түрлі болатыны туралы хадистерде айтылған.

Ол жайлы ислам ғұламалары былай дейді:  

1. Рахмани түстер көрген адам көтеріңкі көңіл – күймен сергек оянады.  

2. Шайтани түстер – адам түсінде биік жерден құлауы, итке талануы, шым-шытырық нəрселерді көруі, құбыжықпен арпалысып, шошып оянуы сияқты шайтанның əсерімен болатын зиянды түстер.  

3. Қияли түстерді адам күні бойы бір нәрсені ойланғаннан, уайымнан, біреуге ренжіп немесе ашуланып жүрсе, стресс, депрессия кезінде, ауырып жүрсе көреді. Түстің әртүрлілігі біздің қалай жатқанымызға, өміріміздегі болып жатқан оқиғаларға, денсаулығымызға да байланысты.  

ТҮСІҢІЗДІ ЖАҚСЫ АДАМДАРҒА АЙТЫҢЫЗ 

Егер көрген түсіңізді біреуге айтқыңыз келсе, онда оны жақсы, салиқалы намаз оқитын, күнәдан аулақтау адамдарға айтқаныңыз абзал.  Ал жаман түстерді ешкімге айтпаған жөн. «Жақсы түс көрген адам дереу Аллаһу та’алаға хамд-шүкіршілік етсін! Жаман түс көрген болса, Аллаһу та’алаға сиынсын, түсін ешкімге айтпасын! Сонда оған түстің зарары тимейді.» [Дара Құтни]   

ЖАМАН ТҮСТІҢ АДАМҒА КЕСІРІ ТИЮІ МҮМКІН  

Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын)  «Жаман түс көрген адам оны ешкімге айтпасын, шайтаннан да қорғауы үшін Аллаға жалбарынсын.» [Муслим]

«Жаман түс көрген адам оянған соң сол жағына үш рет түкіріп, шайтанның жамандығынан сақтауы үшін Аллаға сиынсын. Сонда түс оған зиян келтірмейді.» [Муслим]  «Түсінде қуанышты нәрселер көрген адам түсін көкірегі ояу, адал, салих кісіге айтсын! Ол да түсті жақсылыққа жорсын!» [Байхаки]

«Түс қалай жорылатын болса солай шығады. Сондықтан түсіңізді насихат бере алатын кісілерге немесе ғалымдарға айтыңдар!» [Хаким]

Дегенмен, шариғатта түс жорудың арнайы ғылымы жоқ. Мысалы, «жылан көрсе мынадай болады», «ит көрсе мынадай болады», «мысық көрсе мынадай болады» деп бекітілген арнайы түсіндірмелері айтылмаған. Демек, сіз көрген түсіңізге байланысты амал етіп, оған арнайы жоспар жасап, алдағы уақытта өміріңізге бір ұстанымдар құруға болмайды. Осыған байланысты ата-бабаларымыз «түс – түлкінің боғы» деп, бір ауыз сөзбен қорытқан.   

БАСТЫРЫЛЫП ҚАЛҒАН ЖАҒДАЙДА  

Түнде бастырылып, жаман түс көріп, шошынудан аулақ болу үшін, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде келген мына амалдарды: «Фатиха», «Ықылас», «Фәлақ», «Нәс» сүрелерін, «Аятул- Күрсиді» оқып, содан соң 33-рет «Субхан-аллаһ», 33-рет «Əл-хамдулиллаһ», 33-рет «Аллаһу Əкбар» деп тəсбі тартып оң жақпен жатқан жөн.  

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕСТЕР

Ұйықтар алдында жақсы көңіл-күйде болыңыз. Ұйықтар алдында теледидарды көру уақытын азайтыңыз. Аяғыңызды жылы суға малыңыз. Бір кесе сүт ішіңіз. Бойыңызды еркін ұстап, күні бойғы жұмыс немесе басқа да қысымдарды ұмытыңыз.  Түс – күндізгі тұрмыстың сағымы тектес. Бәлкім тұрмысыңызда сәтсіздіктер болуы мүмкін, сондықтан, осындай мәселелерді қайта-қайта ойға алып, өзіңізге кедергілер жасамаңыз. Оларды жеңуге деген сеніміңіз болсын. Ұйықтау әдетін дұрыстаңыз. Кей адамдар етпетінен немесе басын бүркеп, екі қолын кеудесіне қойып ұйықтағанды жақсы көреді. Осындай ұйықтау әдеті де жаман түс көрудің бір себебі болуы мүмкін. Сондықтан, ұйқы уақытындағы жату әдісіңізді өзгертіңіз. Өйткені, бұл ұйқы әдеттері ми мен жүрекке оттегі жетіспеуінің себебі болуы мүмкін.    

Сіз жатқан бөлме жабық және үйдің іші ыстық болуында ұйқыңыздың бұзылуына себеп болады. Сіз жұтып жатқан ауаның құрамында оттек азайғандықтан елестеушілік (галлюцинация) бола бастайды. Яғни, миға оттегінің жетіспеушілігінен болуы мүмкін.  Үйіңізге жиі-жиі тазалық жұмыстарын  жасап тұрыңыз, үйіңіздің ауасы  таза және жылы болсын, әрқашан жақсы ойлар ойлаңыз. Физикалық тұрғыда  шаршауыңыз керек. Ұйқы уақытын да мөлшерімен, жеп-ішу гигиеналық жағынан таза және мөлшермен болуы керек.

 

 

Дереккөз: Asylarna.kz

402 рет оқылды