Ел іші
ҒҰМЫРЫ ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ

ҒҰМЫРЫ ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ

Қазіргі қазақ қоғамы ел мен жерге жанашыр, ұлттың болашағы үшін әркез қам жейтін, осы жолда жан аянбай, бүкіл ғұмырын сарп ететін қайраткер тұлғаларға мұқтаж. Ғарифолла Есім ағамыз – осындай дара тұлға.

Ғарифолла ағамыздың есімі ел жадында әуел бастан ғылым саласында жарқыраған-ды. Ғылым, баршаға белгілі, халықтың, ұлттың, елдің болашағы баянды болуы үшін аса маңызды сала. Қазақстан Ғылым академиясының академигі Ғ.Есім философия ғылымы бойынша тәлімді, тағылымды, мазмұнды еңбектер жазған көрнекті ғалым. Ілгергі баба ғалымдардың сара жолын жалғастырған Ғарифолла Есім бірнеше саланы тең ұстаған тұлға деп білемін. Бұны ғалымның хәкім Абай атамыздың терең таным-түсінікті, биік сана талғампаздығын талап ететін философиялық даналықтарына ой жүгіртіп, қалам тартқанынан анық аңғарамыз.

Сонымен қатар, ардақты аға есімін мәдени-әлеуметтік мәселелерді қамтыған 300-ден аса публицистикалық, ғылыми-танымдық мақалалардың авторы ретінде де кең танимыз. Әсіресе, философиялық новелла, эссе жанрындағы қарым-қабілеті кім-кімді де таңдандырмай қоймасы хақ.

Ғарифола Есім – қазақ руханиятына сүбелі үлес қосуымен де абыройы асқақ жан. Бас қаламыздың «Нұр Астана» орталық мешіті елорда халқының рухани ордасы ретінде көптеген үлкенді-кішілі мәдени-рухани шараларды өткеріп келеді. Міне, осы іс-шара, жиындардың бел ортасында дәстүрлі дін насихатының жұршылыққа кең насихатталуына үлес қосатын да Ғарифолла аға. Ғарифолла ағамыз «Нұр Астана» орталық мешіті жанынан құрылған Ақылдастар алқасына бірнеше жылдан бері төрағалық етеді. Осы жылдар аралығында ел ішіндегі, бас шаһар руханиятындағы маңызды мәселелер мен түйткілді тақырыптарды оңтайлы шешуде ағамыздың атқарар рөлі айрықша екеніне уақыт өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Қазақ дүниетанымына қапысыз бекіген рухани діңгегіміз – асыл дінімізді халықтың өз тілімен, өз таным-түсінігімен, қайнар көзімен, ауыз әдебиетімен, құнды дәстүр, ғұрыптарымен жеткізе білетін ғалымның хас шебер һәм шешендігі бізді әрқашан тәнті етеді.

Өнегелі өмір жолын еңбексүйгіштікке, қоғамның мызғымас тұрақтылығына,  елдің ынтымақ-бірлігіне арнаған Ғарифолла Есімді қазақ халқы нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға деп біледі, таниды. Саналы ғұмырында қызметтің қиын да күрделі салаларында атқарған абырой-беделінің шоқтығы биік.

Көрнекті қоғам қайраткері, академик, ғалым Ғарифолла аға Есімді биылғы асқаралы асуымен, мерейлі жасымен шын жүрек, ізгі ниетпен құттықтаймын. Қадірлі аға, қоғам игілігіне арналған ерен еңбектеріңіздің еліміздің нығаюында үлесі зор. Осынау игілікті істе қаламыңыз мұқалмасын, қажыр-қайратыңыз қашанда арта берсін деп тілеймін! Алла Тағала өзіңізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке нәсіп қылғай!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының наиб мүфтиі,

Астана қаласының бас имамы

және мешіт жанындағы

Ақсақалдар кеңесінің мүшелері.

480 рет оқылды