Ел іші
Хасан Басри – тәлімі терең табиғин

Хасан Басри – тәлімі терең табиғин

Хасан Басри (Алла оны рахметіне бөлесін) хижраның 21-ші жылы Мәдина қаласында дүниеге келген. Осман ибн Аффан, Талха ибн Убайдулла (Алла олардан разы болсын) сынды сахабалармен қатар өмір сүрген, көптеген сахабалардың көзін көріп, олардан тікелей ілім үйренген табиғин, ахли суннаның ең көркем ғұламаларының бірі. Сол кісінің айтқан тәлімі терең, мағынасы зор өсиеттерін ұсынамыз:

Дүние–ұйқыдағы түс немесе ауып кетер көлеңке тәрізді, ақылды адам бұл нәрселерге алданбайды.

Харамнан қашып халалдың да көбінен бас тартқан адамнан тақуалық қашпайды.

Екі нәрсе ешқашан бірге жүрмейді: қанағат пен қызғаныш. Екі нәрсе бір-бірінен ешқашан ажырамайды: ашкөздік пен қызғаныш.

Біреудің әңгімесін саған тасығаннан абай бол, себебі ол сенің айтқаныңды да басқаға тасиды.

Уағызды сөзбен айтпа, ісіңмен көрсет!

Әй, Адам баласы! Расында сен күндердің бір жиынтығысың, егер бір күнің кетсе– бір бөлігің кетті.

Адамның үміті жеңсе ісі асқақтайды.

Әй, адамдар! Істеріңді кейінге қалдырудан сақ болыңдар! Кей салихалы адамдардан мынаны естідім: «Біз тәубе етпестен өлгіміз келмейді, сөйтіп өлім келгенше тәубе етпейміз.»

Алла Тағаланың әрбір жан иесіне ризығын өлшеп, нәсібін алдына  жеткізуге кепіл бергенін тоқсан жерден көрдім. Және бір жерде «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады» дегенді көрдім. Осылайша тоқсан жерде келген шынайы уәдеге күмәнмен қарап, бір ғана жерде келген шайтанның айтатын өтірік сөзіне сеніп қалдық...

Уа, Адам баласы! Ақыретің үшін дүниеңді саудаға сал, екеуінде де пайдаға кенелесің. Дүниең үшін ақыретіңді сатпа, екеуінде де қасыретке ұшырайсың. Мұнда тұрақтау мезгілің – шортақ, ал ақыретте – шексіз ұзақ.

Ешбір амал жасамастан жәннатты қалау – күнә.

 

 

Дайындаған: Айбек Әбдіқадыр

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

425 рет оқылды