Ел іші
Мырзатай Жолдасбеков: Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің

Мырзатай Жолдасбеков: Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің

Расында да қатты ойланатын кез келді. Қа­зақ болып тұтаспасақ, ұлт болып ұйыспасақ, мына аласапыран заманда көшке ілесе алмай қалуымыз мүмкін.

Береке-бірлікке, ынтымақты тірлікке, жа­ра­сымды жақсылыққа ұйытатын қасиетті Рамазан айында өзегін таза ұстауды қажет ететін дің – дініміз, алтын арқаулы сан-салалы дәстүріміз туралы белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Мырзаға, сіз бір сөзіңізде «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып» деген едіңіз. Осы сөздің астарында үлкен ұғым, ұлттың келешегі мен болашағы жатқан секілді.

– Расында да қатты ойланатын кез келді. Қа­зақ болып тұтаспасақ, ұлт болып ұйыспасақ, мына аласапыран заманда көшке ілесе алмай қалуымыз мүмкін. Қазіргі біздің басты бай­лы­ғы­мыз – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік алдымен қа­зақ­қа керек. Қазақтың болашағы – қазақтың қо­лында. Қазақтың жерінің де, тарихының да, дәстүрінің де иесі – өзіміз. Әрине, ортақ мүд­де­ге біріккен көпұлтты мемлекет екеніміз де рас. Дегенмен, қазақ алдымен өзін-өзі тануы керек, менталитетін, кісілігін түсінуі қажет. Біз опық жесек, алауыздықтан опық жеген халық­пыз. Мұны біз тарихтан жақсы білеміз. Сон­дық­тан да, ең алды­мен, бізге керегі – ағайын­ның ынтымақ-бірлігі. Онсыз тарих көшіне ілесе алмай қаламыз. Ұлы бабаларымыздан қал­ған аманат осы. Шүкір, жиырма жылдан бері жұ­дырықтай жұмылған сол бірлігіміздің ар­қа­сында биікке көтерілдік, әлемге танылдық. Ендігі жерде оны өміріміздің мұра­ты­на айнал­ды­ру, жалғастыра беру үлкенімізге де, кі­шімізге де парыз. Бізге қазақ болып тұтаса түсу, ұлт болып ұйыса түсу қажет. Сөйтіп, өзіміз сыр­ты­­нан қызығатын елдердің дәрежесіне жетуге тиістіміз. Ол үшін алдымен өзімізді-өзіміз сый­лай, қадірлей білуіміз керек. Өзіміздің жақсы қасиеті­міз­ді сақтап, терең тамырлы тарихы бар іргелі, ке­ле­шекті ел екендігімізді өзгелерге таныта түсуі­міз керек. Теріс пиғыл, жарамсыз әдеттерден, кері тар­татын, елдің шырқын бұзатын жағымсыз мінездерден арылуымыз керек. Солай да болып жатыр.

Тәуелсіздік алған бас-аяғы жиырма-ақ жыл­дың өзінде көз алдымызда адам айтқысыз өз­ге­ріс­тер болды: заман өзгерді, қоғам өзгерді, адам өзгерді. Ұлы Дала төсінде бүтіндей жаңа мемлекет орна­ды. Оны әлем танып-мой­ын­дады, есіктегі басы­мыз төрге шықты, жер бетіндегі жұрт бізбен есептесе бастады. Астана қазақтың елордасы ғана емес, әлемнің ық­палды қала­сы­на айналды. Құдайға шүкір, ын­ты­мақты елі­міз­дің тұғыры да бекіді, туы да асқақ­тап желбіреуде. Ұзына бойы тарихында Орда сал­маған қа­зақ­тың Ақордасы да әлем саясатының бей­біт кіндігіне айналды. Тәуелсіздікті баянды ет­кен, байтағын бүкіл дүниеге танытып, мойын­дат­қан; Елордасын да, Ақордасын да салып, ел­ді­гі­нің байрағын көкке желбіреткен Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де әлем­дік тұл­ға­ға айналды. Осыншама дәу­летті, осын­ша­ма сал­танатты қазақ бұған дейін басынан кешкен жоқ. Ендігі жерде мұнша бақытты көте­ріп кете алатын бізге қуат, са­быр, ақыл, парасат керек. Шү­кір, бұл да біздің халқымызда бар­шылық.

Ақорданы ашарда қазақтың ата салтымен Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақтың көшбасында жүрсіздер» деп үш кісіні алып, үстімізге шапан кигізіп, қатарына тұрғызған еді. Олар: Әбіш Кекілбайұлы, Ақселеу Сейдімбек және мен. Бұл ата-салт, ұлттық дәстүр жолымен атқарыл­ған іс еді. Бәріміз де қатты толқыған едік. Сол күні Ақорданың дастарқанынан алғаш дәм таттық. Сонда Мәртебелі Нұрекеңнің:

– Шүкір, осыған да жеттік. Жылқы мінезді халықпыз ғой, тарихта кешкен шырғалаңдар­ды, азапты, қасіретті ұмытып кетпесек болға­ны. Бағымыз – Тәуелсіздік, дініміз – Ислам, бірақ біз ата жолынан, бабаларымыздың ақ жолынан таймауымыз керек, – деген еді тебіреніп. Біз әрқашан мұны жадымыздан шығар­мауға тиіспіз.

– Осы идея ел тәуелсіздігін жарияла­ған­нан бері темірқазық бағдар болып келе жатыр емес пе?

– Солай. Мен айтпасам да діннің қасиетті екенін осы күні жұрттың бәрі біледі. Дін – кісіні парасаттылыққа, адамгершілікке, қайырым­ды­лыққа, төзімділікке, ұстамдылыққа, қадір­лесу­ге, сыйласуға, ел мен елдің арасын жақындатуға, та­быстыруға қызмет ететін үлкен құдіретіміз. Құдіреттің құдіреттілігін біле алмасақ шатысамыз.

Елбасының тізгін алған алғашқы күнінен бергі табанды жүргізіп келе жатқан елдік саясатына ризамын. Мен ол кісінің қасында көп жүрген адаммын. Елбасы ұлттық саясат­тың тұғыры – ұлт тағдыры болу керек, қазақ ұлтының келешегі – ұлттық саясатта деді. Осының бәрін ақыл-парасатынан өткізіп, өзі жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың құла­май­тын тұғыры етіп алды. Бұған қоса, бүкіл қазақ елін мекендеп отырған ұлт пен этнос­тардың ынтымақ-бірлігін ту етіп көтерді. Жер бетінде адам адам болып жаралғалы, дін дін болып таралғалы бірде-бір патша, бірде-бір басшы дәстүрлі, әлемдік дін өкілдерін біздің Елбасындай бір шаңырақтың астына жинай алған жоқ. Назарбаевтың біз әлі жеткізіп айта алмай жүрген бір құдіреті, ерекше қасиеті осында жатыр деп білемін. Астанада үш рет әлемдік діндер съезі өтті. Дін өкілдерінің басы бірігіп отырсын, ақылдасып отырсын, бір-бірімен керіспей, келісіп, ынтымақта болсын деп Бейбітшілік және келісім сарайын салып берді. Сол құтханада төрткүл дүниенің азуын айға білеген дін басылары басқосып, келелі кеңес құрып келеді. Осы арқылы да беделіміз артты, Мемлекет басшысының абыройы асты. Адам болып жаралғалы, дін болып өркен­дегелі, келістіре алмай келе жатқан бір мәселе бар. Ол – Ресейдің патриархын, Рим папа­сын бір дастарқанның басында отырғызу. Бұл да көптен бері сөз болып келеді. Мен осы мәселе де Нұрекеңнің бас­тауы­мен шешімін табады деген сенімдемін. Біздің елімізді төрткүл дүние бүгінде діндердің де ынтымақты мекені деп білетін болды. Осы арада ойыма мына бір оқиға оралып отыр. Өткен ғасырдағы бес жылға со­зылған сұрапыл соғыста немістер Еуропаның көптеген мемле­кетінің ойранын шығарғаны белгілі. Бірақ Швейцарияға тиген жоқ. Себебі, бүкіл әлемнің қаржысы сонда жинақталған еді. Мен ойлай­мын, жаман айтпай жақсы жоқ, бір қиын қыс­тау кезең бола қалса, біздің Астана­мызды әлем­дік діндердің орталығы деп кие тұтатын­дар да табылады. Астанаға ешкім қолын көтере алмайды. Мен Президенттің осындай алыстан ойлайтын терең ойына әркез қайранмын. Бізді ұстап келе жатқан да Елбасының осындай өмір­шең саясаты. Неше түрлі пәледен құтқара­тын да осы саясат деп білемін. Жұртқа белгілі, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз сияқты елдігін алған мемлекеттер өзара қақ­ты­ғысып жатты. Жоқты іздейміз деп жүріп бары­нан айырылып қалды. Тіл-көзден сақтасын, біздің халқымыздың сол кезде табаны тайған жоқ, еліміз әбіржіген жоқ, дүрліккен жоқ, берік ын­тымағын сақтап қалды. Бұл жерде миллион­дар­ды ұйытқан діннің де рөлі аз емес деп ойлаймын.

– «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алма­саң – қасіретің» дейсіз. Шынында, қа­сиетті қасіретке айналдырудан сақтасын. Бұл туралы сіз әңгімелеріңізде де, мақа­лаларыңызда да жиі айтып жүрсіз.

– Иә, шыны да солай. Дін – ұстай алсаң қа­сиетің, ұстай алмасаң қасіретің болады. Қасие­тін қадірлей алмаған ел қасіретке ұшырайды. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Дін – біле білгенге рухани азық, білмегенге – от, оттан өрт шығады. Біз кеше тоталитарлық заманның сұмдықтарын көрдік, басымыздан кештік. Қазақпын деп те айта алмадық. Ана тілім – қазақ тілі деуден  жасқандық. Қазір тіліміз туралы да, еліміз жайлы да еркін айта аламыз. Жаңа заман келді. Осындай күнге жетеміз деп ойладық па? Тілеуіміз оң, тәлейіміз зор болды ма, Тәуелсіздіктің арқасында осын­дай бақытқа бөленудеміз. Осы күнді Алаш арыстары қаншама аңсады. Осы күнді әдебие­тіміздің ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезов, академик Әлкей Марғұлан да, қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев та көре алмады. Тәубемізден жаңылмайық. Жоғарыда да айттым, жылқы мінезді халықпыз ғой. Тез өзгере қалатын да мінезіміз бар. Содан құдай сақтасын.

Алғаш Тәуелсіздік алып, еркін ел болғанда жұрттың бәрі қуанды. Қорыққан да, қуанған да бір дегендей, қуаныштан жұрттың есі шығып кетті. Неше түрлі қозғалыстар пайда болды, ше­рулер өтті, әр түрлі діншілдер де шыға бас­та­ды, артық-кем сөз де айтылып жатты. Дін өрт­тей қаулады. Өзді-өзі былай тұрсын, жігіттер несібесінен құр қалғандай, жаппай балала­рын да дінге баули бастады. Оны айтасыз, күні кеше үлкен қызметте болған кей бауырлары­мыз да дін туралы ақыл айтатын болды.

Мен Иран Ислам мемлекетінде біраз жыл елші болған адаммын. Әлгі маған уағыз айтқан азаматтар сол Иран еліндегі ашура туралы сөз қоз­ғайды, сонда осы ашураның мағынасы қа­лай десем, әркімнен естігенін алға тартады. «Ашура» Мұхаммед пайғамбардың баласы Әзі­реті Әлінің баласы Хусейннің азапты өліміне арналған ғой. Сондай сәтте менің ойы­ма атам қазақтан қалған «мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деген сөз оралады. Кейде әсте-әсте жүріп жетейік демейміз, бірден қопарып тастаймын, бірден дүниені өзгертіп жіберемін немесе бірден жоямын дейтініміз бар. Бұл дамудың жолы емес, төңкерістің жолы. Қазір үлкендер былай тұрсын, талпына бастаған баланың ба­сына тақия кигізетінді шығардық. Оны қажы­ның тақиясы дейміз. Бір азамат ұлының басына шүберектен тіккен ақ тақияны кигізіпті, «Шы­рағым, атың кім?» дедім. Атын айтты. «Мынау не?» дедім, баланың басындағы шүберек тақия­ны көрсетіп. «Аға, Аллаға шүкір, ислам біздің санамызға келді, арманымыз еді, арманымызға жеттік» деді әкесі. Құптадым. «Бірақ баланы 18 жасқа келгенге дейін еркінен айырмасаң қайтеді, бала бала болып өсу керек қой» деп едім, қасындағы жары менің сөзімді қолдап, ерінің есе бермей жүргенін айтып шырылдап сала берді. «Шырағым, бұл бейкүнә бала, өз жолын ертең өзі табады, ел ілгерілейді, сен баланы қазірден ноқталама. Еркінен айырма. Тақияны басы көтереді ғой, бірақ бұл тақияның салмағы өте ауыр» деп едім, әлгі азамат бірден келісті. Мен әлгі жігітті жолдан тайдырайын дегенім жоқ, баланың ақылы то­лып, есі жетілген соң өз бағытын өзі таңдасын, соған мүмкіндік берейік дегім келді.

Алла дінді адам үшін жаратты. Дінді қастерлейтін де, қадір-қасиетін қашыратын да, берекесін кетіретін де – адам.

«Естімеген елде көп», «жүре берсең, көре бе­ресің» дегендей, осы күндері жасына жетпей ата сақалы беліне түсетіндерді де, жап-жас басымен уағыз айтатындарды да көріп жүрміз. Тіпті, әйелдер де елге уағыз айта бастады. «Үл­кен отырып, кіші сөйлегеннен без» дейді қазақ. Мен өзім осы уақытқа дейін үлкеннің алдында бала-шағаның, әйел затының уағыз айтқанын естіген емес едім. Мұны да көруге тура келді.

Қайда барсаң да уағыз айтатындардың өлім туралы зарлап жатқанын көресің. Түбінде өлетінін әркім-ақ біледі ғой, соншама елге үрей тудырудың керегі не? Сонда біз жас ұрпақты «сен өлесің» деп тәрбиелеуіміз керек пе? Бақытты, мағыналы өмір сүр, еліңнің айтулы азаматы бол, жақсы кісі бол деуіміз керек емес пе? Ес кіре бастағанынан балаға «өлесің» деп отырсақ, оған өмірдің не керегі бар? Ақыры өледі екенмін ғой деп ол бала ажалынан бұрын пәлеге ұшырауы мүмкін.

Осы күндері әкелі-балалы екеуі отырып бір үйде, бір дастарқаннан дәм татпайтындар да шығып жатқан көрінеді. Дін әке мен баланы өйтіп бөлмесе керек еді. Көп­теген отбасы дін­нен зар илеп, запыран құсып отыр. Ис­ламның жолы бұл емес еді ғой. Осының бәрін екшеп ақылға салмай болмайды. Пайғамбарымыздың өзі де бір хадисінде: «Дінге шектен тыс беріл­меңдер» деген екен ғой. Қасиетті Пайғам­бары­мыздың ақылына ден қояйық. Абай болайық, ағайын!

– Қазақ ислам дінін ежелден ұстап келе жатқаны белгілі. Оған адалдығына еш шүбә кел­тіре алмаса керек. Өзіңіз Хантәңірге бала­ған Мұқағали Мақатаев: «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен, Өлмейтін, өшпей­тұғын күнін білем. Таппайтын күнде ты­ным, түнде тыным, Мұсылман Мұхаммед­тің үмметімін» деуі де содан болса керек.

– Иә, Мұқағали ақын Алланың қазаққа берген сыйы ғой. Ол өзің мысалға келтірген өлеңінің соңын былайша түйіндейді. «Дін – ғылымның анасы, Дін – ғылымның әкесі, Ғылым – діннің баласы, Дін – ғылымның көкесі» дейді. Исламды біздің халық баяғыдан-ақ бағалаған. Шынында, кейде саясаттың адас­тыр­ғаны болмаса, Ислам дінін жоғары бағала­ған жұртпыз. Біз кеше түгел ислам дінін ұста­ған заманды көрдік. Бес уақыт намазын, 30 күн оразасын қаза қылмаған аталарымызды, әке­ле­рімізді, әжелерімізді білеміз. Дін бізге бір күнде келіп, бірден дари қойған жоқ. Ислам қазақ шығарған дін емес. Халқымыз исламнан да бұрын дінді ұстанған. Баяғыда үлкен кісілер: «Иә, Тәңірім, қолдай гөр, жарылқай гөр!» деп отыратын. Иә, олар Тәңір дініне сиынған еді.

Ислам Отанды сүюге, туған халқын қадір­леу­ге, ата салтын әспеттеуге, ата-анасын сый­лау­ға, ардақтауға үндейді. Осы жолдан айнуға болмайды.

– Қазір Отанымызда ислам дінін насихаттау мәселесі жеке адамдардың арасында көрініс таба бастаған сияқты. Сіз бұған не дер едіңіз?

– Мен жоғарыда Елбасының дін туралы байлам-пайымдарын айттым. Осы таяу күндері «Егемен Қазақстан» газетінде Президенттің Жарлығымен құрылған Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы, білімді де білікті азамат Қайрат Лама Шәріптің сұхбатын оқып шық­тым. Онда діннің арғы-бергі тарихы да, бүгінгі хал-ахуалы да жүйелі сөз болған екен. Ислам діні бірлікті, бейбітшілікті, қайырымдылықты қалайтынын баса айтыпты.

Бұл дінді біз viii ғасырдан бері ұстанып келеміз. Оны ата-бабаларымыз өз салтымен, өз дәстүрімен, өз өрнегімен, өз мазмұн-мағына­сымен ұстаған. Біз де осыдан ауытқымауымыз керек. Сұрақта айтылған насихат мәселесіне келсек, менің қорқатыным – дінді ұстанған көптеген жастардың аузынан Отан, ұлт деген сөз шықпайды. Тек ислам дейді, керек болса осы дінді де дамытқан адамдар емес пе? Ендеше, дінді өзінің заманына қарай ыңғайлаудың еш артықтығы жоқ. Ойыма мына бір сәт түсіп отыр. 1995 жылы Иран Ислам Республи­касы­ның Президенті А.Х.Рафсанжани келді. Мен ол кезде Иранда елші едім. Екі мемлекет басшы­ларының жеке кездесуі өтті. Ол кездесуге екі елші қатыстық. Оңаша әңгіме үстінде Нұрсұл­тан Әбішұлы әріптесіне Алматыда Иса пайғам­барды насихаттаушылардың көбейіп отырға­нын айтып, сіздер ислам мемлекетісіздер, неге ислам дінін насихаттамайсыздар деп өзге дін насихатшыларының өріп жүргенін айтты. Х.Рафсанжани: «Ислам насихатты қажет етпейді. Ол тасты жарып шығып жатқан мөлдір бұлақ. Әр адамның жүрегіне жолды өзі табады. Исламға насихат жүрмейді» деді.

Қазір ислам дінін ақындар, өнер адамдары, өзгелер де насихат көзіне айналдырып жіберді. Мұның ар жағында саясат тұр. Дінді саясатқа айналдыруға болмайды. Біздің елімізде дінге мол мүмкіндік берілген. Соны шегінен асырып жібермеуге тиістіміз. Қажет десеңіз, дінге бай­ла­нысты мереке ұлттық мереке қатарына қосылды. Бұл өте дұрыс болды. Жақында Президент дін ахуалына байланысты үлкен кеңес өткізді. Сонда ол кісі исламға, өзге дінге қарсы емес екенін, алайда, экстремизммен келіспейтінін атап айтты. Дінді насихаттап жүргендер осыны әркез есте ұстаса екен дейміз. Оны ай­та­сыз, қазақ жеріне дінді әкелген адамдардың өзі дінді орынсыз, жөнсіз насихаттамаған. Мә­се­лен, Ұлбикемен айтысқан Майлықожа, Кү­деріқожа аузынан тікелей дінді на­си­хат­таған сөзді таппайсың. Олар өлең мен өнер­ді дінді насихаттайтын құрал деген жоқ, өнерді өлмейтін алтын тұғыр деп бағалайды. Иә, өнердің жолы бір басқа, діннің жолы бір басқа.

– Осы біз кейде дін мен дәстүрді шатыстырып алып жүрген жоқпыз ба?

– Сөзіңнің жаны бар. Дәстүр халықпен бірге туады, бірге қалыптасады, бірге дамиды. Ұлттың дәстүрі ұлтпен бірге жасасады. Дәс­түр­дің де озығы бар, тозығы бар. Ол заманына қарай жасарып, жаңарып отырады. Оған діннің де жасампаздығы әсер етпей қоймайды. Қазір біздің кейбір ағайындар дін мен дәстүрді шатастыра бастаған секілді. Кісі өлсе денесін суытпай жер қойнына бере салу керек дейді. Ал біздің ата-салтымызда өліктің де рухын қа­дір­леген, қастерлеген. Алыс-жақын, ел-жұрты жиналып, арулап жер қойнына берген. Ол – тірілердің дүниеден өткендерге жасайтын ең соңғы парызы. Осының өзінде үлкен мән-мағы­на жатыр, үлгі-өнеге жатыр. Тәубаңа кел, сен де осы дүниеге келген бір қонақсың деген ұғым бар. Адамнан асқан құдірет бар ма? Ал сол құдірет өмірден өткенде өлекседей көме сал деу санаңа сыя ма? Сыймайды. Ол аз де­сең, сол өлген кісінің «жетісін, қырқын, асын берме» дегендер де шығып жүр. Бұл не сонда? Бұл діннің ісі емес қой. Бұл ұлттың салт-дәстүрі емес пе? Баяғы заманнан бері келе жатқан әдет-ғұрпымызға қиянат болып есептелмей ме? Осылай кете берсек, салтымыздан адасып, қалпымыздан жаңылып қалмаймыз ба? Бұл – халықтың дәстүрі, оның дінге қатысы жоқ. Түрк дәуірі, түрк қағанаты – бұл қазақ қаға­наты деген сөз. Түрк қағанатының іргета­сын қалаған, оны құрған негізгі рулар мен тайпалар кейін қазақ халқын құрады. Содан бері жалғасып келе жатқан ата-салтымыздан бір мысал келтіре кетейін. Кейінгіге сабақ болсын. viii ғасырда Күлтегін батыр дүниеден өткенде басына ерлігінің куәсіндей ескерткіш орната­ды. Батырдың ерлігін өшпестей етіп тасқа қа­шап жазады. Бабалар аңыр тасқа ойып жазып кеткен сөздерге назар салыңыз: «Күлтегіннің асында оның төрт мың жылқысын, ірі қара малын, алтын-күмісін, дүние-мүлкін тұйғын­дар елге таратты» деп жазылған. Бұл діннің ісі емес, халықтық салтымыз ғой. Ендеше, халықтық салтымызды дінмен шатыстырып, қалың қауымды адастырмайық.

Осы арада менің көкейімнен кетпейтін бір сұрақ бар. Неге екенін қайдам, ислам мем­ле­кет­терінің ауызбіршілігі көп жағдайда байқала бермейді. Әне бір жылы үстем күштің Иракқа басып кіргенін теледидардан көрдік. Әрине, ішінде болғанымыз жоқ. Сол кезде Ирак ас­танасы Бағдад қаңырап бос тұрды. Кейін қа­ра­сам, сол қалада жұрт көшеге сыймай жүрді. Өздері де қиратып жатты, өзгелері де опырып жатты. Бағдад кешегі өмір тарихы аңызға ай­налған Мысырмен қатар аталатын мұсылман әлемінің қасиетті қаласы емес пе еді? Сол Бағдадты тас-талқан етіп жатқанда, қалған араб мемлекеттері неге үндемеді? Ешқайсысы бас көтерген жоқ. Ислам мемлекеті дейміз, ислам діні дейміз. Ендеше, неге араб әлемі сол ислам дінінің айналасына топтасып, біріне-бірі қорған болмайды. Араб әлемі бірігіп бір әдет, айбат көрсетті, күш көрсетті дегенді білмеймін. Әрине, бейбіт дінді ұстайтын мемлекеттер солай болуы да керек шығар. Әйтсе де, рухани құндылықты қиратып жатқанда бұл қалай деудің орны бар тәрізді. Иә, біреуге доқ болу­дың керегі жоқ. Бірақ сен ел екеніңді, сені ұс­тап тұрған дінің ислам екенін өзгеге мойын­дату да керек.

Ислам – ең соңғы, таза дін. Өзге діннің бар қасиетін бойына сіңірген дін екенін өмір дә­лелдеді. Бұл дін – бірліктің діні. Осы бірліктің дінін біз де әспеттеуіміз керек. Оны елдің бірлігіне жаратып, ала-құлалықтан арылуымыз қажет. Ол үшін дінді терең түсінуге тиістіміз. Дін деген не? Ғылым. Наным. Мәдениет. Оны халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі­нен, білім-білігінен, ой-санасынан, мәдениеті­нен, ғылымынан бөліп қарауға болмайды. Исламды насихаттап жүрген кейбір азаматтар осы жағына мән берсе екен деймін. Өзгенің ықпалына емес, өзіміздің ұлттық үлгімізге жүгінгеніміз жөн. Бір мысал айтайын, айтыс өнері қазақтың қанына сіңген, жан-дүниесіне жақын өнер ғой. Бостандық келгеннен кейін осы үлгі өрледі, өркендеді, заманға сай дамыды. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде осы өнерді де дін жайлап барады. Діндар болу үшін де білім керек. Сол дінді біздің ақындарымыз қаншалықты меңгерді? Қай дәрежеде біледі? Ол жағы белгісіз. Бір сәтте діншіл болып шыға келу көңілге күдік келтіреді. Діннің саясатқа айнала бастағанының бір мысалы осы. Дінді қолжаулыққа айналдырудың еш жөні жоқ.

Сақал қойғанның бәрін молда деп, ораза ұстап, бес уақыт намаз оқығанның, дінді насихаттап жүргеннің бәрін діндар деп айта ал­май­мын. Дінді бала жастан, ұзақ жылдар үй­рену, игеру керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңу керек. Дінді насихатқа айналдырып жүрген­дер­дің көбі Құранды оқи алмайды, бұзып оқиды. Еліктеушілер, ұрынушылар сондайдан шыға­ды. Оларды көріп кеңес дәуі­ріндегі шала сауат­ты үгітшілер есіңе түседі. Құранды Құранның өз тілінде оқу керек. Алламен әркім қасиетті Құран тілінде тілдесуі керек. Құранның қазақ тіліндегі аудармалары әлі де сын көтермейді.

Дін саясаты да заманына қарай ыңғай­ла­нуы, оңтайлануы керек. Орта ғасырлардағы діни ұғыммен бүгінде өмір сүру, елдің саясатын жүргізу мүмкін емес. Дін істері жөніндегі агент­тіктің де, Муфтияттың да, жер-жердегі имамдардың да халық алдындағы, дін жөнін­дегі жауапкершілігі арта бастады. Мұны олар дұ­рыс ұғынулары керек. Өйткені, діннің түп-төркінін білмейтіндік, терең жүрекпен сезінбеу, дінге жаппай көзсіз құлау елді саяси­ландыруға апарады.

– Дін мәселесінде сол діннің жетекшісі өзіңіз айтқан иамамдар екені белгілі. Ал олар­дың сауатты болуы ел ісі мен дінді қа­тар ұстап, жұртты таразы басында теңдей білуі де, уақытқа қарай өзін өзі түзеуі де үл­кен рөл атқарса керек. Осы арада қажы­лық, уағыз айту туралы да ой байла­мы­ңызды білсек деп едік.

– Мен қай дәуірде де Алланы аузымнан тастамадым десем, артық айтқандық болмас. Өйткені, дінді ой-санасынан бір сәт те шы­ғармаған үлкендердің көзін көрдік. Өнегесін де алып өстік. Күн сайын мешітке бармасам да бейсенбі, жұмада құтханамда Алладан ағынан тілеп отырамын. Адам исламды өмір бойы игеру керек. Заман түзелді, біз де сол заманға қарай тү­зе­луіміз керек. Қазір не көп, молда көп. Елге уағыз айтып жүрген молдалар білімімен та­нылуы тиіс. Бә­рі­міз молда болып кетуіміз міндет емес шығар. Кеудемізден Алланың ақиқатын шығармасақ болғаны. Қазір әр алуан әңгімеге арқау болып жүрген теріс пиғыл, теріс пікірлердің орын алуы, исламның ел ішінде тоқсан тарауға айналғаны білімсіздігімізден. Бір жарым миллиард халқы бар Қытайда 4 діни конфессия бар екен. Ал 16 миллион халық мекендеп жатқан Қазақ елінде 4 мың­нан аса діни бірлестік тіркеліпті. Бұл қай-қайсымызды да ойландыруы тиіс. Қазір барлық жерде мешіт салынып жатыр дейміз. Дұрыс-ақ. Бірақ сонда жүрген молдалар осы туралы ойла­нып көрді ме екен? Елді мекендердегі ала-құла­лыққа олар неге көз жұмып жүр? Елдің бірлігі, мемлекеттің мәңгілігі бәрімізге ортақ емес пе?

Қажылық туралы сұрадың. Иранда біраз жыл елшілік қызмет атқардым. Сонда бай­қағаным, қажыға жыл сайын 5-7 миллионға дейін адам барып, бес парыздың бірін өтеп қай­та­ды. Сол ирандардың басына тақия киіп, мен қажымын деп келгенін көрмеппін. Сөз сөй­ле­ген­де мен пәлен деген қажымын дегенін естімеппін. Ал біздің елде қажы көбейіп барады. Кім оларға қажысың деп куәлік берген? Қа­жылық – мұсылмандықтың бес парызының бірі. Өтеп қайтыпсың, қа­был болсын. Бұрынғы заманда қажы­лыққа барған аталарымыз пәлен жыл өзін оған дайындаған, ұзақ сапар шеккен. Қажылыққа небір қиындықтан өтіп жеткен. Қазір қажыға бару оңайлап кетті. Ұшып ба­рады, ұшып келеді. Содан кейін мен қажымын деп шіренеді. Қажылыққа ниет қылғанның бәрін қа­жы деуге бол­майды. Халықтың ұғы­мындағы Құнанбай қажы, Шәкәрім қажы дейтін қасиетті ұғымдар жоғалып барады. Қаптаған қажылардан ел қажи бастады.

Уағыз айту – үлгілік өнегесі. Біздің ата-бабаларымыз арысы ғұн, берісі кешегі түрік дәуірінде салтанат құрған діндерді дәстүрмен ұштастыра дамытқан. Оны мөлдір бұлаққа теңеген. Терең ұққан, алтын тұғырынан ауытқымау жолында болған. Олар да жиналған жерде уағыз айтатын болған. Басқа жерді қайдам, бала кезімізде уағызды білімі мықты, білігі зор адам ғана айтушы еді. Сондай адам мен білетін ғұлама Әбдірәсіл молда еді. Әкем өмірден өткенде басында құран оқыды. Оның оқыған құраны сүйегімді балқытып, жаныма дарып, қаныма сіңгені сонша, әкемнің өлгенін сол кезде ғана сезінген едім. Әбдірәсіл молда­ны өзгелер ұйып тыңдап отыратын. Уағызын ел тірлігімен, салт-дәстүрмен, әдеп-әдетімен ұштастырып отыратын. Қазір басына ақ орамал, ақ көйлек киген әйел, тақия киген бала да уағыз айта беретін болды. Бұрынғылар ата-салтқа сүйеніп, Пайғамбар жасына жетпеген еркек уағыз айтпайды деуші еді. Уағыз айту ақыл айту деген сөз. Ғибратты сөз айту. Ақыл айтатын адам өмірді көрген жасамыс, білімі бөлек болса керек еді. Ой өрісі де биік болуы қажет қой. Анасының құрсағынан шықпай жатып уағыз, ақыл айтатындар көбейіп кетті. Мұның өзі уағыз айтудың беделін түсіріп жібергендей көрінеді. Әйел, еркек демей, екінің бірі ертелі-кеш сарнай берсе, уағыздың қасиеті кетеді. Бір-бірімізге уағыз айтып жүргенде миссионерлерді көзден таса қылып алмайық. Олардың ішінде елді алатайдай бүлдіретіндер, бүлікшілер аз емес.

Бәрін де ақылға салуымыз керек. Қай істе де мемлекетіміздің баяндылығын, тәуелсіздігі­міз­дің орнықты болуын ойлауымыз керек. Елдік істе Елбасының қасынан табылып, өткен ұрпақтың жетпеген биігіне жеткенімізді қадір­лейік. Кейінгіге үлгі-өнеге көрсетейік. Соның бәрінде қазақ екенімізді, қазақ ұлтының ұланы екенімізді ұмытпайық. Өзгенің жылтырағына санамызды улатып, ұлттық әдет-ғұрпымыздан айырылып қалмайық. Мен бір мақаламда: «Әдеп­тен озбаған, босқа құлашты созбаған, қа­рап жүріп тозбаған жақсы. Дәулетсіз бақ бол­майды, қадірсіз тақ болмайды, жаңылмайтын жақ болмайды. Алладан сұрап, абайлап басып, анық сөйлеп жүрейік. Туралықтың туын ұстап, кісіліктің жолынан таймайық, ұлттық қа­сиетімізден, кісілік келбетімізден айнымайық; келешектің үмітін ақтайық, елдігімізді сақтайық» деген едім.

Қазақ халқының ардақты перзенті Дін­мұ­хамед Ахметұлы Қонаев ағамыз айтатындай, аспай-саспай, жаман жерді баспай жүрейік.

Үлкеніміз – үлкендіктің, кішіміз кіші­лік­тің жолын білейік. Бекзаттықтан ай­ны­майық, ағайын!

– Сабақ алар салиқалы әңгі­меңізге рахмет. 

Әңгімелескен  Сүлеймен МӘМЕТ

E-Islam.kz

1503 рет оқылды