Ел іші
Жұмақ іздеп желікпе, туған жерің барында

Жұмақ іздеп желікпе, туған жерің барында

Кез келген дiннiң жоғары мағынасы адам мен адамзатты жоғалтып алған жетiлу жолына қайтару болып табылады.

Дiннiң тұтастығы елдiң тұтастығы: дiни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Күн сайын құбылып тұрған бүгiнгi дүниенiң ахуалы адамзатты түрлi сынақтарға салып және де сол адамзат баласының басына түрлi қауiп пен қатерiн де төндiрiп тұр. Ақылы мен парасаты бар және де ғылымы мен техникасы сәт сайын жетiлдiрiлiп жатқан дүние ғаламының адамы әлi де соғыс пен түрлi қарулы қақтығыстардан көз аша алмай келе жатқандығы, әрине, өкiнiштi-ақ. Келiсе алмай, керiсiп жатқан бүгiнгi дүниенiң бейбiт тыныштығы қашан орнар екен деген алаң көңiлдiң орнына түсер күнi туар ма екен?!

Сонау Африка құрлығы мен Таяу Шығыс елдерiнен бiр жандарына тыныштық iздеп, ашық теңiзбен қолдарына түскен қалт-құлт еткен қайыққа мiнiп, шыбын жандарын қатерге тiгiп, Еуропа құрлығына лап қойған босқындар ендi сол Еуропа мемлекеттерiнiң өздерiн саяси, әлеуметтiк-экономикалық тығырыққа тiреп отыр. Бұл жағдайға, яғни халықтың босып кетуiне Африка мен Азияның жекелеген мемлекеттерiндегi жекелеген тайпааралық және дiни көзқарастардың қарулы қақтығыстарының созылмалы жағдайы себепкер болды.

XXI ғасыр да адамзат баласының үмiтiн екiұдайлы қылмақшы ма? Алайда, бұл ғасырдың да қаупi мен қатерi аз болмайтындығын Қазақстан Республикасының Президентi–Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев сан мәрте айтумен болған-ды. Елбасы 2015 жылғы 30 қарашада «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсiм, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлем тұрақсыз бола түстi. Жетекшi державалар бiр-бiрiне қарсы санкциялар енгiздi. Олардың арасындағы сенiм күрт төмендеп кеттi. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстiк және Орталық Африка өңiрлерiндегi тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбiр күн террорлық актiлер мен ондаған адамның қаза тапқандары туралы хабарлар жеткiзуде. Бүгiнде халықаралық терроризм әлемге елеулi қатер төндiрiп тұр» деп атап көрсетiп, заманның бүгiнгi сипатын дәл анықтап айтқан-ды.

Қазiргi уақытта әлемдi толғандырып отырған экстремизм мен дiни радикализм мәселесi бiздiң елiмiздi де шет айналып өтпесi анық. Өйткенi, геосаяси орналасу жағдайы мен әлемдiк қоғамдастықтағы, соның iшiнде экономикалық әрi стратегиялық жағынан алар маңызды орны бар елiмiздiң көпэтностық пен көпконфессиялық ерекшелiгiн өздерiнiң терiс пиғылды әрекеттерiне пайдаланып қалғысы келетiн сыртқы да, iшкi де күштердiң табылмай қалмасы анық. Бүгiнгi күнi өз Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығының кезеңiнде тұрған Қазақстанды әлемдегi тыныштық пен бейбiтшiлiктiң аралы деп айтар болсақ, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың iшкi және сыртқы саясатты адал да көрегендiкпен, заманның тынысын алдын ала сезiп, болашақты дұрыс бағдарлай бiлерлiк алғыр ойының жемiсi деп санаймыз. Көпдiндi және көптiлдi Қазақстанның бүгiнгi әлемдiк абыройын сақтау және жүздеген ұлысқа құтты мекен болып отырған өзiмiздiң туған елiмiздiң тыныштығы мен береке-бiрлiгiн нығайту, Елбасы алдымызға тартып отырған Ұлт Жоспарын орындау мәселесiнiң де, мiндеттердiң де ең маңыздысы болып саналады.

Заманның желiкпе желiмен желпiнiп те, желiгiп те, алды-артын ойламастан азғырынды бiр жолға түсiп кетiп жатқан өз отандастарымыздың кейбiр әрекеттерi мен қылықтарына налисың, тiптi, соған жаныңның да ауыратыны бар. Әсiресе, жекелеген азаматтарымыздың жалған «жиһадты» желеулеткен терiс идеяның жетегiне ерiп, адам қаны судай шашылып жатқан Таяу Шығыстағы Сирияға барып жатқандықтары алаңдата түседi. Өйткенi, қазiргi уақытта Қазақстанның арнайы қызмет органдарының мәлiметi бойынша бiздiң елiмiзден Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар жүрiп жатқан соғыс ошағына аттанған азаматтардың саны 400-дi құрап отыр, олардың 250-i әйелдер мен балалар екен.

Ал ендi жалған «жиһад» жариялап, ислам атымен сол Сирия жерiнде лаң салып отырған Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ ұйымының (ескерту: ДАИШ ұйымының ИГИЛ-ден («Исламское государство Ирака и Леванта») ешбiр айырмашылығы жоқ және арабшаға «ad-Dawla al-Islamiya lil-Iraq wa ash-Sham» (ДАИШ) болып аударылады.) исламмен еш байланысы жоқ екендiгiн дiни қайраткерлер де, әлем саясатшылары да айтып әрi дәлелдеп отыр. Расында, жекелеген топтар мен жекелеген дiни экстремистердiң бүгiнгi әрекеттерiн, олардың жүргiзiп отырған саясаттары мен адам баласына қастандық жасауға негiзделген амалдарын исламмен жанастыруға ешқандай негiз жоқ. Мұны «ислам» сөзiн пайдалану арқылы өз идеологиясын таратып, өздерiнiң қатарына жақтас адамдарды тартудың бiр жолы ғана деп бiлген абзал.

Дiни уағызбен елдiң санасына билiк жасау оңай болса керек. Сондықтан да, сананы жаулайтын әдiстiң бiрi – дiннiң атын жамылу арқылы, әсiресе, әлi ой-санасы мен көзқарасы толық қалыптасып болмаған жастарды тура жолдан адастырып, оларды иманынан жаңылдыру елiмiздегi iшкi тұрақтылыққа қауiп төндiрерiн де ойлағанымыз абзал. Жалған «жиһадтың» желеуiмен жазығы жоқ адам баласын қыруға жол беретiн террорлық әрекеттердiң ешқайсысы да ешқандай бiр дiнге де, идеологияға да қатысы жоқ. Тек олар дiн мен идеологияны өздерiнiң адам баласына қарсы жасалып жатқан жауыздық әрекеттерiн ақтап алу үшiн ғана пайдаланатындығын бiлгенiмiз жөн.

ДАИШ содырларының қаншама жазықсыз жандардың өмiрлерiн қиып, небiр қанiшерлiк әрекеттерге барып жүргендiктерi жайлы деректi мәлiметтердi бұқаралық ақпарат құралдары айтып та, жазып та жатыр. Түркияның астанасы Анкара қаласында күнi кеше жанкештiлердiң халық көп жиналатын автобус аялдамасының жанында жарылыс жасауы адам қанын жазықсыз шашу мен адам баласының бейкүнә өмiрiн жауыздықпен қию емес пе? Бұл қай дiнге, қай иманға, қай заңға сыяды?! Әрине, Анкарадағы бұл жарылысқа ДАИШ содырларының қатысы да жоқ болар. Дегенмен, ислам атын жамылған ДАИШ сияқты мұндай ұйымдардың және де кез келген «жиһадшыл» жанкештiлердiң әрекеттерi мен олардың ұстанымдарын барша адамзат баласына, оның түрi мен түсiне де, тiлi мен дiнiне де қарамастан, тек iзгiлiк пен жақсылық қана тiлейтiн, әлемде тек бейбiтшiлiк болуын ғана көздейтiн ислам дiнiмен жанастырудың еш қисыны жоқ қой деп ойлаймыз. Жалпы, ислам дiнi мен лаңкестiк әрекеттердi бiр сатыға қойып, бiрге жiктеу, болмаса ислам мен лаңкестiк әрекеттер арасында әлдебiр байланыс бар деудiң өзi жаңсақ пiкiр болар едi.

Қазiргi уақытта Қазақстанда дiни наным-сенiм бостандығы Конституциямен қамтамасыз етiлiп отыр. Соған орай көптеген ұлттар, ұлыстар мен конфессиялардың өкiлдерi өзара келiсiм мен мәмiлегерлiкте, ынтымақта өмiр сүрiп жатыр. Қазақстан аумағында заңды түрде тiркелген барлық дiни бiрлестiктер заң аясында еркiн қызмет етуде. Елiмiзде мемлекет құраушы қазақ ұлтының және басқа да бiрқатар мұсылман ұлттарының ата дiнi болып табылатын ислам дiнiн ұстануға, ғибадаттарын орындауға, дiни мерекелерiн тойлауға барлық жағдай жасалған. Мұндай жағдай өзге де жетекшi дiндердi ұстанушыларда да бар. Және де Елбасының Жарлығымен мұсылмандардың Құрбан айт және православиелiк Рождество мейрамдарының алғашқы күндерiнiң демалыс күнi болып белгiленуiнiң өзi елiмiздегi әр дiнге деген зор құрметтi көрсетсе керек.

Жалпы, Қазақстанда барлық дәстүрлi дiндерге деген зор құрмет бар. Мұны әлем мойындап отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тiкелей бастамасымен және ұйымдастыруымен Астана қаласында 2003 жылдан бастап әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң съездерi өткiзiлiп келедi. Бұл – XXI ғасырдың аса ауқымды оқиғаларының бiрi!

Қазақ елi және оның Президентi адамзат дамуының бүгiнгi аса маңызды кезеңiнде әлемдiк және дәстүрлi дiндердiң лидерлерiнiң басқосуларын бес рет өткiзуi бұған дейiн әлемнiң бiрде-бiр мемлекетiнiң және ешбiр мемлекет басшыларының қолынан келмеген iс болатын. Елбасының конфессияаралық үнқатысу мен лаңкестiкке қарсы әрекет жасауды ұдайы жалғастыру жөнiндегi бастамасын одан әрi жүзеге асыру мақсатында қазiргi уақытта Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы, Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерi съезi Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшiлiгiмен биылғы жылдың 31 мамыры мен 1 маусымы күндерi Астана қаласында «Дiн – терроризмге қарсы» тақырыбымен халықаралық конференция өткiзуге дайындық жұмыстары жүрiп жатыр.

Қазақстан Республикасының «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заңының преамбуласында ханафи бағытындағы ислам дiнiнiң елдiң рухани дамуындағы тарихи рөлiнiң танылатындығы да және орны да бар екендiгi атап көрсетiлгендiгiн бiлуiмiз керек. Бұл қазақ мемлекеттiлiгiнiң және оның рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына ертеден негiз болғандығымен қатар, қазақ ұлтының және Қазақстан жерiндегi көптеген этностардың ата дiнi болып табылатын исламның ел халқының өмiрiндегi рухани-мәдени маңызын айғақтай түседi.

Мiне, өз елiмiзде, өзiмiздiң ежелгi қазақ жерiнде ислам дiнiнiң дамуына жасалып отырған осындай ауқымды да жан-жақты жағдайлардың да, елiмiздегi бейбiт өмiрдiң бағасын да бiлмей, соңғы уақытта тым көбейiп кеткен түрлi дiни жат ағымдардың ықпалына ерiп, елiктеуге бейiм жастарымыздың қанды қырғынға оранған Сирия жерiне шекара асып барып жатқаны, әрине, өкiнiштi жағдай. Ал ендi жиһадшылардың жалған жарнамасына елiккен де жаңылған, әлi жеткiлiктi бiлiмдерi де аз жастардың арасында өз бастарын қауiп пен қатерге тiккен қыздарымыздың болуы, онан да өкiнiштiсi жас балаларымызды да қасапты қырғынға алып бару тiптi де обал емес пе? Ойланайық!

Бiз ендiгi арада тұтас қоғам болып, өз азаматтарымызды, әсiресе, соның iшiнде жастарымызды, қыздарымыз бен балаларымызды ДАИШ зұлматының апатынан, өзге де жат пиғылдағы дiни ағымдардың ықпалынан арашалап қалуға жұмылуымыз керек. Ол үшiн ең әуелi елiмiзде қолға алынып, iске асырылып отырған ақпараттық-түсiндiру жұмыстарына қарқын бере түсiп, ағарту жұмыстарын жандандыруға тиiстiмiз. Бiз жастарымызды жалған құндылықтардан бойын аулақ ұстауға үйретiп, оларды отансүйгiштiкке, мейiрiмдiлiкке, адамгершiлiкке баулып, дәстүр мен ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген рухы биiк, намысты азаматтар етiп тәрбиелеуiмiз қажет. Бұл үшiн қоғам мүшелерiнiң дiни және дiнтанулық сауаттылығын арттырып қана қоймай, азаматтық белсендiлiгiн күшейту, отансүйгiштiк сезiмдерiне ой салу, ғасырлар бойы қалыптасқан дiни таным мен рухани құндылықтарды жаңғырту, мәмiлегер, бейбiтсүйгiш мiнездерге қозғау салу қазiргi таңдағы идеологиялық бағдарымыздың негiзгi өзегiне айналуы тиiс.

Терiс пиғылды әрi жалған дiни ағымдар мен түрлi сипаттағы экстремистiк және террористiк ұйымдардың әрекетiне бiрлесiп қарсы тұратын шеп құру бiздiң барлығымыздың ортақ мiндетiмiз болуы тиiс деп санаймын. Өйткенi, экстремистiк идеялар халықты өзiнiң ертеден келе жатқан бай рухани құндылықтары мен салт-дәстүрiнен бас тартқыза отырып, азаматтардың ұлттық, тарихи, мәдени, рухани санасын жоюды көздейтiндiгi де жасырын емес. Ал тап мұндай идеология кез келген мемлекетке, сондай-ақ, Қазақстан үшiн де аса қауiптi екенi күмәнсiз. Бiр сөзбен айтқанда, өзiмiздi өзiмiзден безiндiру елiмiздiң iшкi тұрақтылығына да елеулi қатер төндiретiндiгiн есiмiзде ұстайық.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев өзiнiң «Қазақстан–2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Бүгiнде бiздiң халқымыз үшiн дәстүрлi емес дiни және жалған дiни ағымдар мәселесi өткiр тұр. Жастарымыздың бiр бөлiгi өмiрге осы жат, жалған дiни көзқарасты көзсiз қабылдайды, өйткенi, бiздiң қоғамның бiр бөлiгiнде шеттен келген жалған дiни әсерлерге иммунитет әлсiз», деп атап көрсетуi бiздiң қоғамның сақтық жұмыстарын одан әрi жандандыру мәселесiн ешқашан назардан қағыс қалдырмауға мiндеттеп тұрғандығын тереңiрек зерделегенiмiз абзал.

Өзiнiң тәуелсiздiгiн жариялаған күннен бастап өзiн зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырған Қазақстанның Ата Заңы мен дiн туралы заңнамаларында экстремизм мен радикализмнiң барлық көрiнiстерiне, азаматтардың құқықтарына қысым жасауды көздейтiн әрекеттерге қарсы тұру толыққанды қарастырылғанымен, бiз ендiгi арада дiни экстремизм өршiп тұрған қазiргi уақытта көптеген ұлт өкiлдерi мекендеп, көптеген конфессиялар қызмет атқаратын ел үшiн ұлтаралық және дiнаралық татулықты сақтаудың одан әрi маңызды бола түсерiн айтар едiк.

Дiни экстремизм белгiлерiнiң алдын алу және терроризм қаупiне жол бермеу арқылы адамның, қоғам және мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталып, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекiтiлген «2013-2017 жылдарға арналған дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл туралы» мемлекеттiк бағдарламаның елдiң бiрлiгi мен ынтымағын және дiни ахуалды қалыпты ұстап тұрудағы маңызы айрықша екендiгiн уақыттың өзi нықтай түсуде. Соған сәйкес жұмыстар жүргiзiлуi тиiс екенi де айтпаса да түсiнiктi. Осы орайда дiн саласына қатысы бар мемлекеттiк органдардың жұмыстары жүйелi деңгейдегi жолға қойылса, нұр үстiне нұр болмақ. Қысқасы, осы бағыттағы жұмыстар әлi де ширатылса түссе, ұтарымыз көп.

Әлемдi алакөңiл қылып алаңдатып, қоғамымызға iндет болып жабыса бастаған ДАИШ-ке қатысты жағдай саясаткер және қаламгер азамат ретiнде менi де бейжай қалдырмағаны анық. Жат пиғылдағы дiни ағымдардың жымысқы әрекеттерiн әшкерелеу мақсатында «Жан шырылы» атты драмалық шығарма жазып шықтым. Бұл пьесамда ел iшiне дендеп енiп келе жатқан жат дiни ағымдардың жетегiндiлердiң айтқандарына ерiп, шындық iздеп шырғалаңға түскен адамдардың, өз ата-анасынан, өзiнiң салты мен дәстүрiнен, ақыр соңында өз туған жерiнен безген жандардың қайғы-қасiреттерi, шетелдiк содырлардың қолдарына түскеннен кейiнгi алданып, арбалғандардың өзектерiн өртеген өкiнiштерi, сансыз соқпақтың арасынан жол таппай аңырған, туған елдерiне жете алмай санасы сансырап, шырқыраған жандардың жан шырылы айтылады.

Осы драманы жазу барысында көптеген жайларды зерттедiм, мамандармен пiкiр алмасудың барысында қазiргi жастардың өз ата-аналарын, туған жерлерiн тастап, «жиһадқа» барып мағынасыз өлiмге бас тiгулерiнiң басты себебi дiни сауатсыздықтан және фундаментальдi бiлiмдерiнiң жетiспеушiлiктерiнен болып жатқандығын аңдадым. Ал радикалды ұйымдар болса, өз қатарларына жастарымызды тарту үшiн олардың осы бiр осал тұстарын тиiмдi пайдаланып қалып жатыр. Дiни радикалдар болса «нағыз ислам мемлекетiнiң» Сирия жерiнде екенiн айтып, жастарымызды елiктiрiп, «тамаша, адал да таза өмiрдiң» сонда екенiне, ол жерде жан тапсырған адамның жұмаққа баратынына сендiрiп, шала сауатты жастарды сол жаққа хижра жасауға желiктiрiп жүр.

Алайда, дiни-экстремистiк ұйымдардың негiзгi мақсаты – ел iшiне лаң салу, бүлiк тудыру, дiндес адамдардың араларын арандату, бiр-бiрiмен соғыстыру, сол арқылы аттөбелiндей аз ғана топтың материалдық мүддесiн көздейтiндiктерi қазiр айдай әлемге белгiлi болып қалды. Сондықтан да қазiргi жастарға дiни экстремизм мен лаңкестiк әрекеттердiң түпкi мәнi мен мақсаттарын тереңiрек түсiндiрiп, ненiң бұрыс, ненiң дұрыс екенiн ажырата бiлулерiне күш салуымыз керек. Жастарымыздың iзгi мұраттағы дiннен дұрыс бiлiм алуларына айрықша көңiл бөлiнгенi жөн. Терiс пиғылды жат ағымдардың өз мүдделерi үшiн әдейi бұрмалап, әсiре пайдаланып жүрген кей ұғымдарының исламдағы шынайы мәнiн тереңiрек ашып, ұғындыруға дiни қызметкерлерiмiз мен теолог ғалымдарымыз белсендi атсалысулары керек.

 

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы,

Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi,

Парламент Сенатының депутаты. «Егемен Қазақстан».

519 рет оқылды