Ел іші
Қазақстандық мұсылмандар үшін жаңа киім үлгісі жасалмақ

Қазақстандық мұсылмандар үшін жаңа киім үлгісі жасалмақ

Қазақстанда жақын арада мұсылманның ортақ киім үлгісі пайда болады. Қыз-келіншектерді дәстүрден озбай, діннің талаптарына сай киінуін діни басқарма өз мойнына алды. Қазақы киімнің басты міндеті қыздарымызды қара жамылғыдан арылтып, ақ жаулық, кең етек көйлекті қайтару. Қауға сақал, қысқа балақпен де күрес күшейеді. Бұдан былай кімдер және қандай түр-сұрпат заңға келте келуі мүмін?

Президент, айта-айта әбден жауыр болған қауға сақал мен қара жамылғы дауына соңғы нүкте қоюға пәрмен берді. Тіпті болмай жатса, заңмен тыюды қарастырыңдар деп қатаң айтты. Назарбаевтан күні кеше тапсырма алған дінге жауапты министрлік іске кірісіп те кетті.

Бақытжан Құлекеев, ҚР Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

-Сапсиған сақал, қысқа балақ арқылы мұсылманның сипаты насихатталғанда - бұл қоғамды үрейлендіреді. Мұсылмандық туралы қалыптасқан құндылықтар жойылады. Бұл жерде сөзсіз ұлттық қауіпсіздікке нұсан келеді. Сондықтан бұл үрдісті тоқтатар нақты шаралар қабылдануы керек.

Шараның бірі мұсылманның сырт келбеті. Енді қап-қара боп алабөтен болған қыздардың киімі енді ашық түсті орамал, көйлекпен алмастырылмақ. Ең бірінші медресе шәкірттеріне тігілетін мұсылмандық киім үлгілерін қоғам құптаса, көпшілікке ұсынылады.

Ағабек Қонарбайұлы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі:

-Дәл қазіргі уақытта медреседе оқып жатқан қыздарымызға, шәкірттерімізге ашық түсті, көк түсті киім үлгілерін дайындап жатырмыз. Ол киім үлгілері шариғатқа да сай, дәстүрімізге де сай, жалпы қоғам алдында оғаш көрінбейтін киім үлгісін дайындап жатырмыз.

Мұсылман киімін бүтіндеуден бөлек, молдалар алдында тұрған одан зор міндет бар. Жамағатты ұйыта алмайтын, сөзі өтімсіз имамдарды мемлекет басшысы сынады. Бұдан былай шариғаттан аса алмайтын, сыңаржақ дүмше молда дін ісінен шеттетілуі мүмкін.

Досай Кенжетай, дінтанушы:

-Тыйым деген мәселе сыртқы көріністегі мәселелерді сен зорлықпен алып тастауың мүмкін. Зорлықпен сақалын қырып алып тастауың мүмкін. Бірақ ішкі жан дүниесі, рухы, ділі, сенім мәселесіне біз ешқашан тыйым сала алмаймыз. Олардың бәрі шаблондар, құндылықтар. Сырттан келіп жатқан біз үшін құнсыз құндылықтар.

Дінтанушы құнсыз құндылықтан арылмақ керек дейді. Ал қай құндылықтың бізге бөтен екенін президент өзі тарқатып берген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Соңғы кезде өрімдей жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесіп келеді. Бетін тұмшалап, бүркеп, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Әрине әркімнің не киемін десе, өз еркі, бостандығы деген сөз ғой. Ол басқа нәрсе. Мынау әдейілеп тұрып, бізге қарсы шығатын қазақты бөлетін. Құдай деген адамның жүрегінде болуы керек емес пе?

Президенттен пәрмен алған Дін істері министрлігі мүфтиятпен бірігіп дереу іске кірісті. Мешіттер жамағаттың жүрегіндегі Құдай туралы түсінікті түзесе, министрлік мұсылманның сырт-пішінін, керек болса жыл соңына дейін бекітеміз деп бекініп отыр.

 

 

Дереккөз: Baq.kz

581 рет оқылды