Ел іші
Бас мүфти ислам институты имамдарына куәлік табыстады (ФОТО)

Бас мүфти ислам институты имамдарына куәлік табыстады (ФОТО)

2016 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында оқыған имамдар бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Моңғолия Мұсылмандар Одағының төрағасы  Батырбек қажы Хадысұлымен кездесті. Кездесу барысында Ержан қажы Малғажыұлы имамдармен пікірлесіп, сұхбаттасты.

 

Кездесу соңында  бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы  «қазан-желтоқсан 2016» оқу легін бітірген имамдарды куәлікпен және "Халал  стандарт" курсынан өткенін растайтын сертификатпен  марапаттады.

ҚМДБ  жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты 2001 жылдан бері еліміздің және шетел имамдарының білімі мен біліктілігін шыңдап келеді. Ислам институтында өткізілетін сабақтар ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің шешімімен бекітіледі. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ислам институтына оқуға келетін әр оқу легі имамдарымен кездесулер өткізіп отырады. Ұстаздар қатарында институт директоры Кенжеәлі Мырзабаев, тарих ғылымының докторы, профессор, академик Берекет Кәрібаев, теология ғылымының докторы Мұхитдин Исаұлы, Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, доктор Қайрат Құрманбаев енген. 

2016 жылы Ислам институтында Қазақстан, Моңғолия және Ресей мемлекеттерінен 200 имам оқу курсынан өтті. Жалпы, ислам институты ашылған уақыттан бері 1500-ден аса имам оқу курсын бітірді.

Осы жылы институт директорының бастамасымен білімге аса ынталы, алайда әлеуметтік жағдайы келмейтін шалғайдағы имамдарға 20 оқу гранты бөлінді. Сондай-ақ, институтқа білім алуға келген барлық имамдардың әлеуметтік жағдайы институт тарапынан ескеріліп отырды.  Айта кетер болсақ, 2016 жылы 16 имамға әлеуметтік көмек ретінде 500 мың теңгеге жуық көмек көрсетілді. Оның ішінде Моңғолия және Ресейден келген шетелдік имамдар жол шығынымен қоса тегін оқу гранты, жатақхана және тегін тамақтанумен қамтамасыз етілді.  

Islam2

Islam3

Islam4

Имамдардың білімін жетілдіру

ислам институтының баспасөз қызметі

114 рет оқылды