Ел іші
ІІ республикалық имамдар форумының үндеуі жарияланды

ІІ республикалық имамдар форумының үндеуі жарияланды

«Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен «Ислам және өркениет» атты ІІ Республикалық имамдар форумында «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы мен «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы бекітіліп, Үндеу қабылданды.

«Біз, дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы», сондай-ақ «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» Тұжырымдамасын мақұлдай отырып, дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын насихаттау, ХХІ ғасыр имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық қағидаттарды ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету, Қазақстан мұсылмандарын бірлікке, татулыққа, әдет-ғұрыптарды сыйлауға, зайырлылық қағидаттар мен рухани құндылықтарды құрметтеуге шақыру бастамасын қолдаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу, радикалды көзқарасқа «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, бас бостандығынан айырылған азаматтарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру, өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау қажеттігі жөнінде тапсырмалар жүктеді. Осы орайда, Жолдау жүктеген міндеттерді сапалы орындау мақсатында діни экстремизмнің алдын алу, тұлғаларды оңалту және оларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жан-жақты білімді, білікті және мемлекеттің мүдделерін қорғай алатын, өзекті діни мәселелер бойынша терең ғылыми ізденістер жасай алатын имамдар корпусын жетілдіру қажет деп санаймыз. Біз, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар Исламның бірлік пен бейбітшіліктің, ғылым мен өркениеттің діні екенін тағы да паш етеміз. Асыл дініміз ғылымды жоққа шығармайды, ол – заманауи ғылымның негізі, іргетасы. Сондықтан Ислам – бүкіл адамзат өркениетінің көшбасшысы. Бүгінгі заманауи өркениет, ғылым қашан да Ислам құндылықтарына қарыздар деп санаймыз. Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген соңғы иләһи дін – Ислам адамзат баласын Құранға сүйенумен қатар, логика мен ғылымды пайдалануға үндейді. Осы қағидат бүгінгі күнге дейін түрлі саладағы ғылымның дамуына негіз қалап келеді. Біз, Қазақстандағы діни конфессиялардың көшбасшылары барша халықты бірлік пен бейбітшілікке, береке мен татулыққа, ғылыми ізденістер жасауға шақыра отырып, ел азаматтарын деструктивті идеологияларға қарсы тұруға, радикалды көзқарасқа мүлде төзбеуге үндейміз».

Астана қаласы 19 сәуір 2017 жыл

165 рет оқылды