Ел іші
Намазда сәһу сәждесі қалай орындалады?

Намазда сәһу сәждесі қалай орындалады?

Сұрақ: Намазда қателесіп немесе ұмытқан жағдайда сәһу сәждесі қалай орындалады?

Жауап: Араб тіліндегі «сәһу» сөзі қазақ тілінде «қателесу, ұмыту» деген мағынаны білдіреді. Намаз оқушы кісі намаздың уәжіптерін кешіктіріп немесе ұмытқан жағдайда намаздың соңында сәһу сәждесі ретінде қосымша екі сәжде жасауы қажет. Осы сәждені орындау арқылы намазда болған қате-кемшіліктер жойылады.

Ханафи мәзһабында сәһу сәждесін жасайтын жағдай туындаса, бұл сәждені жасау уәжіп. Ал намазда кемшілік немесе артық іс жасағаннан кейін сәһу сәждесін жасамаса, намазы дұрыс болғанымен, әдейі орындамаған жағдайда күнә жазылады. Өйткені қателік сәждені жасау жайында сахих хадистер бар.

Намаз уәжіптерінің бірі немесе бірден көбі кешіктірілсе немесе қателесіп, ұмытып, орындалмай қалса, бір мәрте сәһу сәждесін жасау уәжіп болады.

Сәһу сәждесі ақырғы отырыста оң жаққа сәлем бергеннен кейін орындалады. Алайда сәлемнен бұрын жасауға да болады, бірақ мәкрүһ саналады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Әрбір қателікке сәлемнен кейін екі сәжде жасалады» деген. (Әбу Дәуд)

Намазды жеке оқыған адам намазда қателессе соңғы отырыста «әт-Тахиятты» оқығаннан кейін, екі жаққа сәлем беріп, қайта екі рет сәжде жасайды. Одан кейін қайтадан ақырғы отырысқа отырып «әт-Тахият» дұғасын және «салауат» пен «Рәббәнә әәтина» дұғасын оқып, екі жаққа сәлем беріп намазды тамамдайды. Ал егер намаз жамағатпен оқылса, имам уәжіптердің бірінде қателесіп кетсе, намаздағы сол қателігі үшін «әт-тахиятты» оқығаннан кейін тек бір жағына сәлем беріп, артынша сәһу сәждесін жасап, артынша қайтадан соңғы отырысқа отырып «әт-Тахият», «салауат», «раббана әтина» дұғаларын оқып сәлеммен намазды тамамдайды. 

 

 

Алау Әділбаев

Исламтанушы, Ph.D докторы

583 рет оқылды