Ел іші
Астана қаласы мешіттері имамдарының дәстүрлі
«НҰРЛЫ МІНБЕР-2016» атты байқауын өткізу ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы жағдай
1.1 «НҰРЛЫ МІНБЕР-2016» атты байқау (ары қарай – Байқау) Астана қаласы имамдарының ашық білім байқауы болып саналады;
1.2 Байқау сыртқы және негізгі болып екі кезеңнен тұрады;
1.3 Сыртқы кезең 2 айналымнан, негізгі кезең 6 айналымнан тұрады;
1.4 Байқау 2016 жылдың қараша айының 23-ші жұлдызы күні, сағат 14:00-де Астана қаласы, «Комфорт Отель Астана» қонақ үйінің мәжіліс залында өтеді.
2 Байқаудың мақсаты мен міндеттері
2.1 Дәстүріміз бен мәдениетіміздің діңгегі болған асыл дініміздің құндылықтарын кеңінен насихаттау;
2.2 Бұқара халық арасында имам беделінің артуына ықпал ету;
2.3 ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының алға қойған мақсаты болған – байырғы қоғамдағы бәсекеге қабілетті имам келбетін қалыптастыру;
2.4 Имамдардың эстетикалық қабілетін шыңдап, өзіндік білім жетілдіруіне жағдай жасау.
3 Байқауға қатысу талаптары
3.1 Байқауға қаладағы «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан», «С.Ғылмани», «Әлжан Ана», «Әл-Ғани», «Кунта қажы», «Төлебай», «Әс-Сәлам» мешіттерінің имамдары қатыса алады;
3.2 Әр мешіт байқауға қатысатын имам туралы мәліметті ү.ж. 6-шы қарашасына дейін «Нұр Астана» орталық мешітіне жазбаша ұсынуы қажет.
4 Байқаудың өту тәртібі
4.1 Сыртқы кезең:

Байқауға қатысушы имамдар сыртқы кезеңнің І-ші айналымында ү.ж. 11-ші қарашасы күні ҚМДБ-ның кестесіне сай «Арақ - атадан қалған ас емес» тақырыбында жұма уағызын жүргізіп, уағыздың видеоға жазылып, өңделген нұсқасын ү.ж. 14-ші қарашасына дейін «Нұр Астана» орталық мешітіне жолдайды;

Ұсынылған видео-уағыз www.ummet.kz ресми сайтына жарияланып, 15-20 қараша күндері аралығында бұқара көрерменнің назарына дауыс беруге ұсынылады. Байқаудың негізгі кезеңінде көрермендердің дауыс беру бағасы есепке алынады;

Байқауға қатысушылар сыртқы кезеңнің ІІ-ші айналымында байқау күні (23.11.2016) әділ-қазылар алқасына өздерінің жеке портфолиосын (жеке іс-парағы, алғыс хаттары, жетістіктері, жазған кітаптары т.б.) және 2016 жылы ҚМДБ-ның төрт бағыты аясында атқарған жұмыстарының есептік-суреттерін слайд-шоумен (PowerPoint бағдарламасымен әзірленіп, 15 беттен аспауы тиіс) ұсынып, ауызша баяндайды.

4.2 Негізгі кезең:
І айналым – «СӘЛЕМ – СӨЗДІҢ АТАСЫ» (8 сайыскер);
ІІ айналым – «БӘЙГЕ» (8 сайыскер);
ІІІ айналым – «ПОЛИГЛОТ» (8 сайыскер);
ІV айналым – «ЖЕТІ ЖАРҒЫ» (6 сайыскер);
V айналым – «ИМАМ МІНБЕРІ» (4 сайыскер, имамның шешендік өнері, жамағатты өзіне қарата алу қабілеті);
VІ айналым – «ПІКІР-САЙЫС» (2 сайыскер).
5 Жеңімпаздарды марапаттау:
5.1 Байқауда оза шауып, жеңіп шыққан имам Умра-қажылығы сертификатымен, «НҰРЛЫ МІНБЕР-2016» кубогы, арнайы сыйлықтармен марапатталады;
5.2 Байқауға қатысушы барлық имамдарға арнайы сыйлықтар беріледі.
Қосымша мәліметтер алу үшін: + (7172) 44-58-48, 8-701-236-45-45, This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it..
1586 рет оқылды