Ел іші
ЖАС МАМАНДАР МЕКТЕБІ ТУРАЛЫ
ЕРЕЖЕ

I Жалпы ережелер

1.1. Жас мамандар мектебі Астана қаласы мешіттеріндегі жас дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесінің құраушы бөлігі болып табылады.

1.2. Жас мамандар мектебі өз қызметін Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы, ҚМДБ-ның Жарғысы негізде және «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» мен «Имамның тұлғалық келбеті» атты құжаттары (2015 жылдың 19 ақпанында ҚМДБ имамдарының «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І форумында қабылданған) аясында атқарады.

1.3. Жас мамандар мектебі жас дін қызметкерінің біліктілігін көтеру жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және еңбек өтілі 5 жылдан аз жоғары діни немесе арнаулы орта діни білімді жас мамандарды біріктіреді. Жас мамандар мектебінің құрамын жыл сайын ҚМДБ-ның өкіл имамы бекітіп отырады.

1.4. Жас маман мектебі - бұл жас діни мамандардың тұрақты жұмыс істейтін тәлімдік бірлестігі.

1.5. Жас маман мектебінің жұмысын іс-тәжірибелік жұмыс өтілі бар жетекші-маман ұйымдастырады.

II Негізгі міндеттері мен мақсаттары

2.1. Мақсаты:

жас мамандарға діни тәлімгерлікті ұйымдастыру;

жас мамандарға оқу-ағарту, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, құжатпен жұмыс жасау үрдісін қалыптастыруға, мешіт жұмыстарынан тыс іс-шараларды әзірлеуге көмек көрсету.

2.2. Міндеті:

жас мамандардың кәсіби құзыретін дамыту;

жас маманның мешіт істері жұмысына бейімделу үдерісін жылдамдату, жамағатпен тығыз байланысып кетуіне қолдау көрсету;

жеке басын кәсіби жетілдіру үшін жағдай жасау;

Қазақстандағы діни білім берудің даму тенденцияларымен, білім беру жүйесі қызметінің құқықтық және нормативтік негіздерімен таныстыру;

жас мамандарды діни қызметтегі тәжірибелік дағдыларға баулу, оқу-ағарту мен уағыз-насихат саласындағы дәстүрлі және жаңа технологияларды игерулеріне жағдай жасау;

еліміздегі және қаладағы тәжірибелі дін қызметкерлері мен білікті имамдардың уағыз-насихат пен оқу-ағарту жұмысында, әкімшілік басқарудағы шеберлігін кеңінен тарату (насихаттау);

діни оқу-ағарту мен уағыз-насихат үдерісіндегі кәсіби, әдістемелік мәселелерді анықтау, оларды шешуде жас мамандарға көмек көрсету.

діни оқу-ағарту мен уағыз-насихат жұмыстарына диагностика жасау мен өздік диагностиканы жүргізу дағдыларын қалыптастыру.

ІІІ Жұмыс бағыттары

3.1. Оқу-ағарту мен уағыз-насихат мазмұнын, формасын, әдістерін және құралдарын жетілдіру бойынша жас мамандардың жұмысын ұйымдастыру.

3.2. Жас маманның оқу-ағарту, уағыз-насихат саласындағы жеке жоспарларын әзірлеуде көмек көрсету.

3.3. Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңдары мен діни-сенім, діни қызмет саласындағы әр түрлі деңгейдегі нормативтік актілерімен танысу.

3.4. Оқу-ағарту мен уағыз-насихаттағы жаңа технологиялар мен заманауи тәсілдерді енгізуде жас маманға жәрдем беру.

3.5. Әдістемелік семинарлар, мастер-кластар, көрмелер, конференциялар өткізу.

3.6. Оқу-ағарту, уағыз-насихат жұмыстарына мақсатты түрде өзара қатысу, нәтижелерін талдау.

3.7. ҚМДБ тарапынан шығатын жаңа діни-әдістемелік әдебиеттермен танысу және зерделеу.

3.8.  ҚМДБ тарапынан шығатын түрлі құжаттарды түсіндіріп, талдау.

3.9. ҚМДБ-ның түрлі БАҚ-тары мен басылымдарына тақырыптық мақалалар жариялау.

IV Жас мамандар мектебі қызметінің жұмыс тәртібі

4.1. Жас мамандар мектебінің отырысы қажеттілігіне қарай ай сайын өткізіледі.

4.2. Жас мамандар мектебіне еңбек өтілі 5 жылдан аз жоғары діни немесе арнаулы орта білімді жас мамандар кіреді.

4.3. Жас мамандар мектебі бекітілген жылдық жоспар бойынша жұмыс жүргізеді.