Ел іші

"Жібек" қыз келіншектер клубы

 

1 ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1.1 «Жібек» қыз-келіншектер клубы (бұдан әрі – Клуб) осы Ережемен белгіленген мақсаттарды іске асыру үшін өз еріктерімен біріккен, азаматшалардың бастамасымен құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады;

1.2 Клуб заңды тұлға болып табылмайды, өз қызметін ҚР Заңнамаларына, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (бұдан әрі – ҚМДБ) Жарғысына, Мешіт Ережесіне және ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігінің тапсырмалары мен ҚМДБ-ның Жастар ісі бөлімінің қыз-келіншектер секторымен бірлесіп әзірленген жұмыс жоспарына сәйкес іске асырады;

1.3  Клуб атауы: «Жібек» қыз-келіншектер клубы».

1.4 Клубтың қызметі еріктілік, тәуелсіздік, заңдылық, барлық мүшелерінің теңдігі, өзін-өзі басқару және жариялылық қағидаларына негізделеді.

 

2  КЛУБ ҚЫЗМЕТІНІҢ МӘНІ  МЕН МАҚСАТТАРЫ

2.1  Клуб қызметінің мәні – қыз-келіншектердің ағартушылық, өзін-өзі қалыптастыру істеріне қатысу. Қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен  ұштастыра  білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін, шынайы қазақтың иманды да ибалы, саналы да парасатты қыз-келіншектерінің бейнесін қалыптастыру, олардың сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын ортасын құру.

2.2  Клуб қызметінің мақсаттары:

  • Адами қасиеттерді, отбасылық құндылықтарды насихаттау;
  • Ене мен келін, ана мен қыз институттарын дамыту;
  • Қыз-келіншектердің рухани иммунитетін күшейтіп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеу;
  • Қыз-келіншектерді адастырушы ағымдардан сақтандырып, ата баба дәстүріне негізделген дәстүрлі Исламды насихаттау;
  • Түрлі діни, теологиялық, өмірлік сұрақтарына жауап беру;
  • Түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастыру арқылы қыз-келіншектерді ұйымдастыру;
  • Сұлулық пен денсаулықты сақтаудың, саламатты өмір сүрудің басты қағидаларын ұстануды насихаттау.

2.3 Клубтың жұмыс бағыттары:

  • Қоғамдық;
  • Мәдени;
  • Қайырымдылық.

2.4 Клубтың ұстанымдары:

  • Отанды сүю - иманнан;
  • Қызым саған айтам, келінім сен тыңда;
  • Жақсы әйел ері ұялар іс қылмайды;
  • Береке келіннен, нан егіннен.

2.5 Клубтың жұмыс жүргізу тәсілі:

Сырласу, ұжымдасу, пікірлесу, талдау, дөңгелек үстел, шебер-сынып, ақыл-кеңес, мәдени кештер.

 

3 КЛУБТЫҢ  БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ

3.1 Клубтың басқару органдары:

3.1.1 Клубтың жоғары басқару органы – ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкіл имамы және ҚМДБ-ның әйелдер-қыздар секторы болып табылады. Олар клуб кызметінің кез келген мәселелері бойынша шешімдер кабылдауға құқылы;

3.1.2 Клубтың атқарушы органы – Жетекші. Ол клубтың Ережесінде қарастырылған клуб кызметінің ағымдағы басқаруын жүзеге асырады. ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкіл имамы және ҚМДБ-ның әйелдер-қыздар секторының алдында белгіленген тәртіп бойынша есеп береді. Жетекшіні ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі тағайындайды; 

3.1.3 Үйлестіру органы – «Нұр Астана» орталық мешіті.

3.2 Клубтың атқарушы секторлары:

3.2.1  Клуб қызметінің әлеуетін арттыру мақсатында клубтың бекітілген жылдық жоспарын төмендегі секторлар іске асырады:

Қоғамдық шаралар секторы;

Мәдени шаралар секторы;

Қайырымдылық шаралар секторы.

3.2.2 Клуб секторларын үйлестіруші органның келісімімен жетекші бекітеді.

 

4 КЛУБ ИДЕЯСЫ

4.1 "Мәңгілік ел. Қияметке дейін бірлігі жарасқан, парасатты мәңгілік елдің баласын парасатты әйел тәрбиелейді. Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететі".

 

5 КЛУБҚА МҮШЕЛІК

3.1 Клубқа ҚР-ның кәмелетке толған азаматшасы болып саналатын "Нұр Астана" орталық мешітінің кез-келген шәкірті жазбаша анкета толтыру арқылы мүше бола алады;

3.2 Клуб мүшелігіне қабылдау немесе шығару жазбаша немесе ауызша өтініш арқылы жүргізіледі.

3.3 Мүшелікке қабылдауды Клуб атынан Жетекші жүргізеді.

3.4 Клуб мүшелерінің құқықтары:

Клуб қызметіне қатысуға, оның қызметі бойынша өтініштер мен ұсыныстар енгізуге;

Клуб шараларына, семинарларына, жиналыстарына қатысуға.

3.5 Клуб мүшелерінің міндеттері:

Осы Ереженің талаптарын сақтауға;

Жүктелген тапсырмалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге;

Клуб құқығын іске асыру кезінде, өзгелердің құқығын бұзбауға және Қазақстан Республикасы заңдарының нормаларын сақтауға.