29
Жұма,
Наурыз

һижри

Сәресі ішу мәселесі

Ораза

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Аллаһ Тағала және Оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді».[1]

Хадисті Ибн Омардан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Табарони, Имам Ахмад және Имам Ибн Хиббан риуаят етті.[2]

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Сәресiнi[3] iшiңiздер! Өйткенi сәресiде береке бар».[4]

Хадисті Әнас ибн Маликтен (родиял-лаһу ғанһу) Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Тирмизи, Имам Насаи және Имам Ибн Мажәһ риуаят етті.[5]

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Бiз бен Китабилер[6]оразаларындағы айырмашылық – сәресi iшу».[7]

Хадисті Ъамр ибн Әл-Ъастан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Муслим, Имам Ахмад, Имам Әбу Дауд, Имам Тирмизи, Имам Насаи және Имам Ибн Мажәһ риуаят етті.[8]

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке[9] жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу,[10] сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою».[11]

Хадисті Әбу Дардадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Табарони риуаят етті.[12]

 

 

 



[1] оразаның құрметіне ауыз бекітердің алдында жейтін сәресіні мұсылмандар үмметі үшін сауапты іс еткен Аллаһ Тағаланың жомарттығы мен рахметі шексіз. Ғалләма Ъайни (рохматул-лаһи ъаләйһи) жетпіс сахабадан (родиял-лаһу ъанһум) сәресі ішудің құндылықтарына қатысты хадистерді риуаят еткен. Ғалымдар бірауыздан сәресі ішуді мустахаб деген. Алайда адамдардың көбі өздерінің жалқаулығы себебінен сәресінің сауабынан құр қалып жатады. Біреулер сухурдың уақыты түннің жартысынан басталады десе, «Кашшафтың» қаламгері сухур уақыты түннің алтыншы бөлігі деген. Яғни түн уақытын алтыға бөлсе, соңғы бөлігі сухур уақыты болады. Мәселен, Күн бастақаннан таң атқанға дейінгі аралық он екі сағат болса, соңғы екі сағаты сәресі ішетін уақыт болады. Сонымен қатар, сәресіні түннің соңғы бөлігінде таң атқанға жақын уақытта ішкен абзал. Бұл жағдайда таң атып кетпеуін қадағалаған жөн. Хадистің бірінде: «Сәресіні ішіңдер. Себебі сәресіде береке бар»,-делінсе, екінші бір хадисте: «Үш нәрседе береке бар: жамағат, сарид және сәресіде»,-делінген. Бұл хадистегі «жамағат» сөзі жалпы мағынада айтылған. Мәселен, намаз немесе бір іс үшін жиналған мұсылмандардың жамағаты. Себебі: «Хақ Тағаланың жәрдемі – жамағатта». Сарид – ішіне нан тұралып салынған ет сорпасы. Сәресі мәселесіне келер болсақ, Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) біреуді сәресіге шақырса: «Кел! Береке тамағын ішейік»,-дейтін. Хадистің бірінде: «Сәресі ішіп қуаттаныңдар. Түннің соңғы бөлігінде тұру үшін түсте ұйықтап өздеріңе көмектесіңдер»,-деп айтылған. Абдуллаһ ибн Харис (родиял-лаһу ъанһу) сахабаның бірінен былай деп риуаят еткен: «Ол келгенде Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) сәресі ішіп отыр екен. Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) оған: «Бұл – берекелі ас! Хақ Тағала сендерге нені нәсіп еткен болса, соны алыңдар»,-деді». Осы тәрізді Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) сәресіні ішкенге көп нұсқап, егер жейтін еш нәрсе болмаса, тіпті бір құрма жеуді немесе бір ұрттам су болса да ішуді деп бұйырған. Осы себептен ауыз бекіткен адам тамақ та ішіп, соның себебінен сауап та алғанға ерекше мұқият болу керек. Өйткені сәресіні ішу – тән рахаты және сауап. Сонымен қатар, әр нәрседе өзінің шегі бар екенін ұмытпаған жөн. Осы себептен құлшылықта әлсіз болатындай аз да жемеу керек. Сонымен қатар, күні бойы жеген асын қортамай кекіріп жүрмеу үшін тым көп те жемеген жөн. Рамазан айында басқа уақытқа қарағанда аз жеген абзал. Себебі ауызашар мен сәресіде қарынын тыңқитқан адамның оразасынан не пайда?! Тақуалар мен құдайшылдардың оразасына келер болсақ, «Шархүл-Их`йада» Сәһл ибн Абдуллаһ Тустаридің (рохматул-лаһи ъаләйһи) оразасы жайында баян етілген. Ол әдетте он бес күнде бір рет тамақтанса, Рамазанда бір түйірін ғана жейтін. Әлбетте әркүні сүннәтқа сай сумен ауыз ашатын болған. Хазірет Жүнәйн (рохматул-лаһи ъаләйһи) үнемі нәфіл ораза ұстайтын. Алайда оған өзі тәрізді ізгі досының бірі келген жағдайда, ол ауыз ашып: «Мұндай достармен бір дастарханда отырып тамақ жеу, нәфіл оразаның сауабынан кем емес»,-дейтін. Ілгеріде дүниеден өткен ізгілердің осы тәрізді мыңдаған мысалы бар. Алайда тамақты аз жеудің бір шарты бар. Ол: тамақты аз жеудің басқа құлшылықтарға нұқсаны болмау керек.

[2]«Әл-Жәмиъус-Сағир», «Тухфатүл-Ахуази», «Шарху муснади Әби Ханифа», «Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари», «Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир», «Канзүл-Ъүммәл», «Әт-Тарғиб», «Фадаил-аъмәл», «Мажмаъуз-Зауаид», «Муснадүл-Имами Ахмад», «Субулүс-Саләм», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах» және «Нәйлүл-Аутар».

[3] араб тілінде сәресіні «сухур» деп айтады. Ал «сухур» деп таң атудан бұрын тамақтануды айтады. Ораза ұстайтын адамның сәресі ішуі мустахаб, яғни шариғат оң көрген амалына жатады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында ихтиләф, яғни келіспеушілік жоқ. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир») Сонымен қатар, сәресіні таң атқанға таяу ішу де мустахабқа жатады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[4] Имам Әл-Ъирақи айтады: «Берекеден мақсат: сауап». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир») Яғни, сәресі ішу берекелі іс. Мұның себептері мәселесіне келер болсақ, ол: қазақ «Ас – адамның арқауы» демекші, сәресі оразашыны қуаттандырып, күні бойы дәм татпай жүрудің машақатын жеңілдетеді. Тілек қабыл болатын тәһәжжүд намаздың уақытында тұрып дұға етуді нәсіп етеді. Сәресі ішкен адам Пайғамбарымыздың с.ғ.с. сүннәтін тірілткен болады. Сәресі құлшылыққа деген ықыласты пайда етеді. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[5]«Әл-Жәмиъус-Сағир»,«Тухфатүл-Ахуази»,«Тахрижү әхәдисил-Их`йа»,«Хашиятус-Санади ъалән-Насаи», «Риядус-Солихин», «Сунәну Ибн Мажәһ», «Сунәнут-Тирмизи», «Сунәнун-Насаи», «Сахихүл-Бухари», «Сахиху Муслим би шархин-Науауи», «Сахиху Муслим», «Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари», «Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир», «Кәшфүл-Хафа», «Муснадүл-Имами Ахмад», «Субулүс-Саләм», «Нәйлүл-Аутар», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи» және «Канзүл-Ъүммәл».

[6] шариғатта «Китаби» деп Таурат, Забур және Інжіл түсірілген қауымдарды айтады.

[7] себебі Китабилер оразаларында сәресі ішпейді. Ал мұсылмандар үшін сәресі ішу мустахабқа жатады. («Сахиху Муслим би шархин-Науауи»)

[8]«Әл-Жәмиъус-Сағир»,«Тухфатүл-Ахуази»,«Таһзибу сунәни Әбу Дауд», «Хашиятус-Санади ъалән-Насаи», «Риядус-Солихин», «Сунәнут-Тирмизи», «Сунәнун-Насаи», «Сунәну Әби Дауд», «Сахиху Муслим би шархин-Науауи», «Сахиху Муслим», «Ъаунүл-Маъбуд» шарху «Сунәни Әби Дауд», «Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари», «Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир», «Бидәятүл-мүжтәһид уә ниһаятүл-муқтасыд», «Субулүс-Саләм» және «Канзүл-Ъүммәл».

[9]яғни, пайғамбарларға тән әдетке.

[10] ханафи мазһабы бойынша Күн батқаннан кейін алдымен ауыз ашып, кейін ақшам намазын оқу – мустахаб. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[11] ханафи мазһабы бойынша намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою – сүннәт. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[12]«Әл-Жәмиъус-Сағир»,«Тухфатүл-Ахуази»,«Мажмаъуз-Зауаид», «Насбур-Райа», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах» және «Канзүл-Ъүммәл».

Бөлісу: