18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Қадір түніне қатысты хадистер

Ораза

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Қадір түнін шын иман келтірген[1] әрі сауаптан үміттенген халде[2] өткізген пенденің бұрын істелген күнәлары кешіріледі».[3]

Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Тирмизи, Имам Әбу Дауд, Имам Насаи және Имам Ахмад риуаят етті.[4]

Әнас (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Рамазан айы кіргенде Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Сендерге Рамазан айы келді. Онда мың айдан да артық бір түн бар. Сол түннен мақрұм болған, барлық игіліктен мақрұм болғаны. Ал оның игілігінен тек ең бақытсыз жандар ғана мақрұм қалады»,-деді».[5]

Хадисті Әнастан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Ибн Мажәһ риуаят етті.[6]

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Қадір түні Жәбрәил (ғ.с.) періштелердің бір тобымен түсіп Хақ Тағаланы тұрып немесе отырған халде зікір еткен пенде үшін дұға етеді.[7] Кейін Алла Тағала айт күні періш-телерінің алдында пенделерін мақтаныш етіп: «Уа, періштелерім! Өз ісін атқарған қызметшінің өтеуі қандай?»,-деп сұрағанда, періштелер: «Уа, Раббымыз! Оның өтеуі – ақысын толық төлеу»,-деп жауап береді. Сонда Хақ Тағала: «Уа, періштелерім! Құлдарым оларға міндеттеген парызымды орындап, Маған дұға ету үшін айт намазына шықты. Құдіретілігім, ұлықтығым, жомарттығым, жоғары мәртебе және дәрежеммен ант етемін! Мен олардың дұғасын қабыл етемін!»,-деп, кейін пенделеріне: «Қайта беріңдер! Күнәла-рыңды кешіріп, жамандықтарыңды жақсылықпен ауыстырдым»,-дейді. Осыдан соң адамдар күнәлары кешірілген халде қайтады».

Хадисті Әнастан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Әл-Байһақи риуаят етті.[8]

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бізге Қадір түні қашан болатынын айту үшін шыққанында, екі мұсылман өзара айтысып жатқан еді. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Мен сендерге Қадір түні қашан болатынын айтайын деп шықтым. Алайда мына екеуі өзара айтысып жатқаны себебінен оның хабары есімнен шығарылды.[9] Мүмкін бұл сендер үшін жақсы да болар.[10] Осы себептен Қадір түнін тоғызыншы, жетінші және бесінші түні іздеңдер»,-деді».[11]

Хадисті Ғубада ибн Әс-Сомиттен (родиял-лаһу ғанһу) Имам Бухари және Имам Ахмад риуаят етті.[12]

Айша анамыз (родиял-лаһу ғанһа) айтады: «Мен: «Уа, Расулуллаһ! Мен Қадір түні болғанын білсем, не деп дұға етуім керек?»,-деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с.): «Уа, Тәңірім! Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені ғафу ет!»,-деп тіле»,-деді».[13]

Хадисті Айша анамыздан (родиял-лаһу ғанһа) Имам Ахмад, Имам Ибн Мажәһ, Имам Тирмизи, Имам Насаи және Имам Әл-Хаким риуаят етті.[14]

 

 

 

 



[1] яғни, намаз оқу, Құран оқу, зікір т.с.с. құлшылық түрлерін орындаумен. Хақ Тағала Қадір түні сауап нәсіп нәсіп ететіне сенген халде. («Тухфатүл-Ахуази»)

[2] яғни, көзбояушылық етпей, ықыласпен, Хақ Тағаланың разылығы мен сауап алу ниетімен. Хаттаби (родиял-лаһу ғанһу): «Үміттенген халде» сөзінің мәнісі: ықылассыз, қаламаған халде емес, бәлкім сауапты алу яқинімен (яқин – нақты сенім) және сергек жүрекпен өткізу»,-деген. Себебі қаншалықты сауап алғанға иман мен нақты сенім болса, құлшылық машақатына төтеп беру де соншалық дәрежеде жеңіл болады. Адам баласы Хақ Тағалаға қаншалықты жақындаса, құлшылыққа деген ықыласы да соған сай күшейе береді.

[3] ғалымдардың пікірінше, бұл хадисте кіші күнәнің кешірілуі жайында айтылған. Себебі Құранда үлкен күнәнің кешірілуіне қатысты: «Тек шын жүректен өкініп, тәубе еткен (яғни күнәдан қайтқан)»,-делінген. Осыған сүйене отырып ғалымдар бір ауыздан үлкен күнәлар тәубесіз кешірілмейтініне келісіп, күнәнің кешірілеуі жайында айтылған хадистің барлығын кіші күнәнің кешірілуімен байланыстырған. Негізі мұсылман күнәні кіші және үлкен деп айырмауы тиіс. Себебі, мұсылман пенденің күнә істегені жараспайды. Күнә істегеннің өзінде, ол тәубеге келмейінше тыным таппайды. Әрі уақыты келгенде, мәселен Қадір түні, мұсылман сауап алу үмітімен құлшылық етеді. Мұндай жағдайда ол істеген күнәлары үшін ұялып, өздігінен тәубеге келеді. Тәубе – өткен күнәлары үшін ұялу, әрі болашақта оны қайталамауға нақты ниет ету. Осы себептен біреу үлкен күнә істеген жағдайда Қадір түні немесе басқа бір дұғалар қабыл болатын мезгілде Жаратушысынан күнәлары кешірілуі үшін, шын жүректен тәубеге келіп, дұға етуі тиіс.

[4]«Әл-Жәмиғус-Сағир», «Тухфатүл-Ахуази», «Таһзибу сунәни Әбу Дауд», «Хашиятус-Санади ғалән-Насаи», «Риядус-Солихин», «Сунәнут-Тирмизи», «Сунәнун-Насаи», «Сунәну Әби Дауд», «Сунәнун-Насаи», «Сахихүл-Бухари», «Сахиху Муслим би шархин-Науауи», «Сахиху Муслим», «Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари», «Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиғис-Сағир», «Канзүл-Ғүммәл», «Муснадүл-Имами Ахмад», «Субулүс-Саләм», «Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах»,  және «Нәйлүл-Аутар».

[5] расында да Қадір түнінің жақсылықтан мақрұм болған жанның бақытсыздығында қандай күмән бар? Қаншама қызметкер тиін-тебен үшін түнімен көз ілмейді. Ал сексен жылдық сауап үшін бір айдың түнін құлшылықпен өткізудің не қиындығы бар?! Ақиқатында жүрегімізде ықылас болса оның бір емес, жүз түн ұйықтамаған болар едік. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Хақ Тағаланың уәдесіне кәміл сену себебінен түнде аяқтары ісініп кететіндей деңгейде ұзақ намаз оқуының бір сыры осында! Біз Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) есімін атап, өзімізді Оның (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметіміз дейміз. Алайда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) істеген амалдарының мәнісін ұғынған жандар, оларды орындап, бүкіл үммет үшін өнеге болып кетті. Бұл мәселені жүрекпен ұғынған жөн. Шын ықылас болған жағдайда таудан бал өзендерін қазу қиынға соқпайды. Мәселен, Омар (родиял-лаһу ғанһу) құбтан намазынан кейін үйіне келіп, таң атқанға дейін намаз оқуына және Осман (родиял-лаһу ғанһу) күні бойы ораза ұстап, түнімен намаз оқуына не себеп? Осман (родиял-лаһу ғанһу) түннің бастапқы бөлігінде біршама көз ілетін. Түннің қалған бөлігінде намаз тұрып, бір рәкәғатында Құранды хатым ететін. «Шархүл-Их`йада» Әбу Толиб Макки (рохматул-лаһи ғаләйһи) мен бір топ табиғиндерден (рохматул-лаһи ғаләйһим) Осман (родиял-лаһу ғанһу) құбтан намазында алған дәретпен таң намазын оқитыны расталған. Хазірет Шаддад (рохматул-лаһи ғаләйһи) түнімен көз іле алмай: «Я, Аллаһ Тағала! Тозақтан болған қорқыныш ұйқымды қашырып жіберді»,-деп шығатын. Асуад ибн Язид (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазанда тек ақшам және құбтан намазының арасында аз ғана ұйықтап алатын. Сағид ибн Әл-Мусаййаб (рохматул-лаһи ғаләйһи) елу жыл бойы таң намазын құбтан намаздың дәретімен оқитыны жайында айтылған. Силәх ибн Аш`йам (рохматул-лаһи ғаләйһи) түнімен намаз оқып, таң атқанда: «Я, Аллаһ Тағала! Мен Сенен жәннатты тілегенге лайық емеспін. Менің бір ғана өтінішім бар. Мені тозақ отынан сақташы!»,-деп дұға ететін. Хазірет Қатада (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазан бойы әр үш түнде Құранды хатым етсе, соңғы он күндігінде әр түні бір рет Құранды хатым ететін. Имам Әбу Ханифа (рохматул-лаһи ғаләйһи) қырық жыл бойы таң намазын құбтан намаздың дәретімен оқыған. Бұған сенбеу – тарихқа сенбеу болып табылады. Имам Әбу Ханифадан (рохматул-лаһи ғаләйһи) түс мезгілде сәл ғана көз іліп: «Хадисте түсте ұйықтап алсын деп айтылған»,-дейтін. Оның (рохматул-лаһи ғаләйһи) тіпті ұйқысының өзі сүннәтті орындағанға жататын. Ал Құран оқығанда көп жылау себебінен көршілері оны аяйтын. Ибраһим ибн Әдһам (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазанның күндізінде де, түнінде де ұйықтамайтын. Имам Шафиғи (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазан айында алпыс рет Құранды хатым ететін. Бұл айтылғаннан тыс Хақ Тағаланың: «Мен жындар мен адамзатты Өзіме құлшылық етсін деп жараттым»,-деген аятқа сай («Әз-Зарият» сүресі, 56 аят) амал етудің жүздеген мысалы бар. Бұл дүниеден өтіп кеткен бабаларымыздың тіршілігінің көрінісі. Қазіргі күні олардың дәрежесіне жетпесе де, дегенмен өзінің шама-шарқына қарай солардың өнегесі болатын жандар баршылық. Бүгінгі күннің жан рахаты мен дүние тіршілігі олардың құлшылыққа деген ықыласына кедергі бола алмайды. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Хақ Тағала айтады: «Ей, адам баласы! Өзіңді Мен үшін босат! Сонда Мен сенің көкірегіңді уайымнан босатып, кедейлігіңді жоямын. Болмаса көкірегіңді уайымға толтырып, кедейліктен айырылмайсың». Күнделікті тәжірибе осының айғағы емес пе?!

[6]«Әт-Тарғиб», , «Зиядатүл-Жәмиғис-Сағир», «Сунәну Ибн Мажәһ» және «Канзүл-Ғүммәл».

[7] Жәбрәилдің (ғ.с.) періштелермен түсуі жайында Құранда айтылған. Мұны растайтын хадистер де бар. «Ғалиятүл-Мауағиз» кітабында Хазірет Абдул-Қадир Жиләнидің (рохматул-лаһи ғаләйһи) «Ғуния» кітабынан Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадис келтірілген. Онда: «Жәбрәилдің (ғ.с.) әмірі бойынша періштелер жан-жаққа тарап, онда әрбір мүминнің үйіне, орманға кіреді. Тіпті періштелер бармаған судағы қайық қалмайды. Сөйтіп ондағы мүминдермен қол алысады. Періштелер тек ит, доңыз, сурет немесе жүнуб болған (яғни жыныстық қатынастан кейін бастан-аяқ шомылмаған) халде зинақор бар үйге кірмейді»,-делінген. Сән үшін сурет іліп, өз-өзін Аллаһ Тағаланың рахметінен мақрұм етіп жатқан қаншама мұсылман бар. Суретті ілетін біреу. Алайда соның себебінен үйішінің барлығы үйге періште кіру нығметінен құр қалып жатады.

[8]«Әт-Мишкат» және .

[9] бұл хадисте ойланатын үш мәселе бар. Оның біріншісі, әрі маңыздысы: мұсылмандардың өзара айтысуы. Егер Хақ Тағала соның себебінен Қадір түнінің хабарын ұмыттырып жатса, демек бұл өте терең ойландыратын нәрсе. Тек сол жағдайда емес, бәлкім ұрыс-керіс үнемі береке қашудың себебі болады. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сахабаларынан (родиял-лаһу ғанһум): «Сендерге намаз, ораза, садақадан да абзал нәрсені айтайын ба?»,-дегенде, сахабалар (родиял-лаһу ғанһум): «Әрине, айтыңыз»,-деді. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Адамдардың арасын жарастыру. Себебі арадағы ұрыс-керіс пен қастық дінді ұстара шашты сыпырғандай жоқ етеді»,-деді. Ал қазіргі уақытта дүние құғандарды айтпағанның өзінде, тіпті қолдарынан тәспі түспей, өздерін діндар деп есептеген азаматтардың өздері ұрысып-керісіп жатады. Бұл мәселеге қатысты Хақ Тағала: «Өзара жанжалдаспаңдар! Болмаса әлсіреп, құттарың қашады»,-деген. («Әл-Әнфәл» сүресі, 46 аят) Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Үш күннен артық мұсылман бауырымен наразыласқан күйде жантәсілім болған адам тікелей тозаққа түседі»,-деген. Сонымен қатар, хадистің бірінде: «Әр дүйсенбі және бейсенбіде пенделердің амалдары Хақ Тағалаға ұсынылады. Сонда Аллаһ Тағала Өзінің мархаматімен мүшриктерден басқаның барлығын кешіреді. Кейін өзара наразыласқан екеуіне қатысты: «Олар өзара келіскенше оларды қоя тұрыңдар»,-дейді»,-делінсе, екінші бір хадисте: «Әр дүйсенбі және бейсенбіде пенделердің амалдары Хақ Тағалаға ұсынылады. Сонда әрбір тәубеге келушінің тәубесі мен истиғфар айтушылардың дұғасы қабыл етіліп, өзара наразыласқандар сол қалпында қалдырылады»,-делінген. Енді бір хадисте: «Бәрә`әт түні (15-ші шағбан) Аллаһ Тағала жаратқандарының амалдарына рақымдылықпен қарап, оларды болмашы жақсылықтары үшін кешірім етіп, тек екеуіне кешірім етпейді. Оның бірі кәпір болса, екіншісі жүрегінде біреуге өшпенділігі болған пенде»,-деп айтылған. Бір жерде намаздары басынан бір қарысқа да көтерілмейтін үш түрлі адам жайында айтылған. Соның бірі өзара наразыласқандар.

[10] Қадір түннің нақты уақыты беймәлім. Сырт көзге бұл мәселеде игілік жоқ тәрізді болып көрінуі мүмкін. Дегенмен бұл – Аллаһ Тағаланың қалауы. Осы себептен Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Сендер үшін осылай болғаны абзал болар»,-деді. Бұл ойланып, ғибрат алатындай жақсы дәріс болды. Ғалымдар Қадір түнінің мезгілі беймәлім болудың бірнеше пайдалы жақтарын айтқан. Біріншіден: Қадір түні нақты белгілі болған жағдайда біреулер өздерінің жалқаулығы себебінен басқа түні құлшылығын тастап қояр еді. Ал Қадір түнінің нақты уақыты беймәлім болған жағдайда: «Бүгін Қадір түні болар»,-деген үмітпен басқа түні де құлшылық ету мүмкіндігі туады. Екіншіден: күнә істемесе тұра алмайтындар бар. Егер Қадір түні мәлім болса еді, олар соны біле тұрып күнә істеуі өте қауіпті болар еді. Бір күні мешітке келіп, онда бір сахабаның ұйықтап жатқанын байқаған Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Әлиге (родиял-лаһу ғанһу): «Оны тұрғыз! Ол дәрет алсын»,-деп бұйырды. Әли (родиял-лаһу ғанһу) сахабаны тұрғызып, кейін Расулуллаһтан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ол өзі неге тұрғызбағаны жайында сұрады. Өйткені Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ізгі амалды өзі істейтін әдеті бар еді. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Құдай сақтасын! Егер Мен тұрғызып, ол тұрудан бас тартса еді, ол күпірлік еткен болар еді. Егер сен айтқаныңда тұрмаса, онда күпірлік болмайды»,-деп жауап берді. Дәл осы тәрізді Хақ Тағала Өзінің рақымдылығы себебінен пенделері Қадір түні біле тұра күнә істеуін қаламады. Үшіншіден: қанша түн Қадір түні талабында өткізілсе, соның әрбірінің сауабы болады. Төртіншіден: Хақ Тағала құлшылық еткен пенделерін періштелеріне мақтаныш етеді. Ал пенде Қадір түнін күтумен бірнеше түнді көз ілмей құлшылық еткен жағдайда оны мақтаныш етудің мүмкіндігі де ұлғая түседі. Осындай себептердің салдарынан болар Хақ Тағала маңызды нәрселерді сыр етіп қоятын заңдылығы бар. Мысал ретінде пенде үшін сыр болған «Исмүл-Ағзам» («Исмүл-Ағзам» – дұғаның түрі. Пенде бұл дұғаны айтып не тілесе де, міндетті түрде беріледі), жұма күні дұға қабыл болатын уақытын т.с.с. айтса болады.

[11] басқа риуаяттардың негізінде бұл күндер Рамазанның соңғы он күнінде екені анықталады. Алайда Қадір түнін анықтаудың бұдан да басқа жолдары жайында айтылған болатын. Ол: егер айдың бас жағынан есептелсе, онда Қадір түні соңғы он күндіктің 29-шы, 27-ші және 25-ші түндеріне сәйкес келеді. Егер кейбір хадистердің негізінде ай жиырма тоғыз күн болып, он күндік соңынан бастап есептелсе, Қадір түні 21-ші, 23-ші және 25-ші түндеріне, ал ай отыз күн болған жағдайда 22-ші, 24-ші және 26-шы түндеріне сәйкес келеді. Бұған қоса Қадір түнін анықтауда хадистер бір-бірінен ерекшеленеді. Негізінде Қадір түнін анықтауға қатысты елуге жуық пікір бар. Хадистердің арасында көп айырмашылық болуы себебінен ғалымдар Қадір түнін белгілі бір уақытпен байланыстырмаған. Әрі осы себептен олар: «Әр жылда түрлі уақытқа сай келеді»,-деген пікір айтқан. Мәселен Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өзі бір жылы Қадір түнін белгілі бір түні күтуін бұйырса, кейінгі жылдары басқа түндерде күтуін бұйырған болатын. Дәлел: Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Бір отырыста Расулуллаһқа (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Қадір түні жайында айтылған еді, Ол: «Бүгін қаншасы?»,-деп сұрады.

- Жиырма екісі.

Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Қадір түнін бүгін күтіңдер»,-деді». Әбу Зарр (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен: «Қадір түні Сіздің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) заманыңызда ғана бола ма?»,-деп сұрағанымда, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Қадір түні Қияметке дейін болады»,-деді.

-          Ол Рамазанның қай бөлігінде болады?

-          Бірінші немесе соңғы он күндігінен ізде.

Осыдан соң Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) басқа нәрсені айтып кетті. Мен ретін тауып: «Қадір түні он күндіктің қай түнінде болады?»,-деп сұрағанымда, Ол (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) маған қатты ашуланды. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сол кезге дейін және содан соң да маған олай ашуланбаған еді. Кейін: «Аллаһ Тағала қаласа айтар еді. Оны соңғы жеті түнде ізде. Әрі осыдан соң ол жайында сұрама»,-деді». Абдуллаһ ибн Масғуд (родиял-лаһу ғанһу): «Жыл бойы түнде ұйықтамаған адам Қадір түнін табады»,-деген болатын. Біреу бұл жайында Убай ибн Кәғбке (родиял-лаһу ғанһу) айтқан кезде, ол: «Ибн Масғуд (родиял-лаһу ғанһу) адамдар бір түнмен қанағаттанбауын көздеген»,-деп, кейін ант етіп: «Қадір түні Рамазанның жиырма жетінші түні»,-деді. Көп сахаба мен табиғиндердің (табиғин – Нәбимен с.ғ.с. жүздеспегенімен сахабалардың көзін көрген мұсылман) пікірінше, де Қадір түні жиырма жетінші Рамазанға сәйкес келеді. Жоғарыдан көріп тұрғанымыздай Убай ибн Кәғбтің (родиял-лаһу ғанһу) пікірі мен Ибн Масғудтың (родиял-лаһу ғанһу) пікірі екі түрлі. «Дурру Мансурдан» Ибн Масғуд (родиял-лаһу ғанһу) бұл сөзін Расулуллаһтан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) риуаят еткені мәлім. Имам Әбу Ханифа (рохматул-лаһи ғаләйһи) бір сөзінде: «Қадір түні жыл бойы, яғни жылдың кез-келген түнінде болады»,-десе, екінші бір сөзінде: «Рамазан түндерінде ауысып тұрады»,-деген. Имам Әбу Ханифаның (рохматул-лаһи ғаләйһи) екі әйгілі шәкірті Мухаммад (рохматул-лаһи ғаләйһи) пен Әбу Юсуф (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Қадір түні – Рамазанның ішіндегі бір түн. Алайда қайсы түн екені беймәлім»,-деген. Шафиғи мазһабын ұстанушыларда: «Қадір түні жиырма бірінші Рамазанға сәйкес келеді»,-деген пікір басым. Имам Малик (рохматул-лаһи ғаләйһи) және Имам Ахмад ибн Ханбалдың (рохматул-лаһи ғаләйһи) пікірінше, Қадір түні Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ түннің біріне сәйкес келеді. Әрі жыл сайын ол түн ауысып тұрады. Дегенмен ғалымдардың басым көпшілігі Қадір түні Рамазанның жиырма жетісіне сәйкес келеді деген пікірді ұстанған. Осы айтылғаннан мынадай тұжырым туындайды: Қадір түнін әркім шама-шарқына қарай жыл бойы күткен жөн. Оған шамасы жетпесе, онда Рамазан бойы күтсін. Бұл да болмаса, онда Рамазанның соңғы он күндігін күтуді игілік деп білсін! Бұған жағдайы келмесе, онда соңғы он күндігіндегі тақ түндерін құр жібермесін. Құдай сақтасын! Егер бұл да болмаса, онда ең болмағанда жиырма жетінші түні Қадір түнін күтуді мол жақсылық деп білсін!

[12]«Сахихүл-Бухари», «Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари», «Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиғис-Сағир», «Әл-Мишкат» және .

[13] көп дұға ету – Қадір түні істелетін мустахаб амалдардың бірі. («Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи») Ғалымдар бұл хадиске түсініктеме беріп былай деген: «Қадір түні осылай көп дұға ету – мустахаб. Сонымен қатар, Құран оқу, басқа да дұғаларды айтумен тілек ету де мустахаб амалына жатады». («Әл-Әзкәрун-Нәбәуийа») Сонымен қатар, Суфйан Сәури (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Құлшылықтың басқа түрімен шұғылданғаннан гөрі бұл түнді дұға етумен өткізген абзал»,-десе, Ибн Ражәб (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Тек дұға ету емес, бәлкім басқа да құлшылық түрлерін орындаған жөн. Мысалы Құран оқу, намаз, дұға т.с.с. Себебі Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) осының барлығын істеген»,-деген. Екі пікірдің осы пікірі дұрысқа жақын.

[14]«Әл-Әзкәрун-Нәбәуийа», «Тухфатүл-Ахуази», «Риядус-Солихин», «Сунәнут-Тирмизи», «Канзүл-Ғүммәл», «Муснадүл-Имами Ахмад», «Субулүс-Саләм», «Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи»,  және «Нәйлүл-Аутар».

 

Бөлісу: