18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Рамазан оразасының үкімі қандай?

Рамазан оразасының үкімі қандай?

Ораза

Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Рамазан оразасын мойындамаған мұсылман діннен шығады. Ал егер оның парыз екендігін мойындап, бірақ жалқаулықпен орындамаған болса, діннен шықпайды, бірақ күнәһар саналады. Оразаның парыздығына Құран мен хадистерде нақты дәлелдер бар.

Құран кәрімде бұл жайлы: «Әй, иман келтіргендер! Тақуалыққа жетулерің үшін бұрынғы үмбеттерге парыз етілгені сияқты ораза сендерге де парыз ретінде бекітілді»; «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушылар ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері өтесін» – делінген.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да ораза жайлы: «Ислам мына бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдайдың жоқ екеніне және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылыққа баруы», – деген.

Тағы бір хадисте: «Бір бәдәуи келіп: «Уа, Расулалла! Алла тағала маған ораза ретінде нені парыз қылғанын айтып бер», – дегенде, ол: «Рамазан айында ораза ұстауды...» – деп жауап берді.

Құранда айтылғандай, ораза да намаз секілді Адам атадан соңғы пайғамбар Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дейін барлық үмбеттерге парыз етілген құлшылық болып табылады. Дағфәл ибн Ханзаланың Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) риуаят етуі бойынша, христиандарға да жылына бір ай ораза ұстау парыз етілген. Алайда билеушілері ауырып қалған кезде, «жазылып кетсе, бұған тағы да он күн қосып ораза ұстаймыз» деп уәде береді. Билеушілері жазылады, бірақ аузындағы бір кесел жазылмай қалады. Христиандар «Егер бұл кеселі жазылса тағы да жеті күн ұстаймыз» деп оразаларын қырық жеті күнге толықтыратын етіп шешті. Билеушілері жазылып, қырық жеті күн ораза ұстауды бекітті. Ал одан кейін келген басшылары оразаны елу күнге шығарып, тұрақты көктем айында елу күн ораза ұстауды бекітті. Табиғин ғалымы Хасан Басри мен тәпсірші Судди христиандардың осылайша ораза ұстағандарын айтқан. Ал ғалымдардың көпшілігі христиандардың айда үш күн ораза ұстағандықтарына қатысты риуаятты дәлелдік жағынан күштірек деп есептеген.

Діндер тарихына көз жіберсек, Исламға дейінгі діндерде де оразаға ұқсас құлшылық түрінің болғанын байқаймыз. Мысалы, кельттердің ораза ұстағандығы, көне мексикалықтардың, перулықтардың, вавилондықтардың және ассириялықтардың оразаға ерекше мән бергендіктері айтылады. Сонымен қатар иудаизм мен христиандықта, индуизм, брахманизм, жайнизм және т.б. діндерде де уақыты, мақсаты мен формасы жағынан әр түрлі болса да ауыз бекітудің құлшылық ретінде орындалғанын көреміз. Яғни, бұл Жаратушы парыз қылып міндеттеген оразаның – адам баласын тақуалыққа, кемелдікке жеткізіп, рухани әлемнің сырларын бойлауға бастайтын ерекше құлшылық екендігінің дәлелі.

материал «Ораза – теңдессіз құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: