25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Ақылы мен дінінде кемшілігі бар әйелдер

Ақылы мен дінінде кемшілігі бар әйелдер

Мақалалар

Абдуллаһ бин Омардың (р.а.) айтуынша Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Ей, Әйелдер қауымы! Садақа беріңдер! Көбірек кешірім сұраңдар! Өйткені тозақтағылардың көпшілігі әйелдер екенін көрдім» деген.

Сонда олардың арсынан бір әйел тұрып:

- Уа, Алланың Елшісі! Біз тозақта көп болатындай не істеппіз? - деді. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Сендер қарғысты көп айтасыңдар, күйеулеріңе қарсы келіп, күпір айтасыңдар. Ақылы мен дінінде кемшілігі бар адамдардың, ақылды кісілерді жеңгенін көрмедім» деді. Сонда әлгі әйел:

- Уа, Алланың Елшісі! Ақылы мен дінінде кемшілігі бар дегеніңіз қалай? - деп сұрады. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): Ақылдың кемдігіне келер болсақ екі әйелдің куәлігі бір еркектің куәлігімен тең. Ақылдың кемдігі осы. Әйелдер бірнеше күн намаз оқымайды, Рамазан айында да бірнеше күн ораза тұтпайды, діндегі кемшілігі дегенім осы» - деп жауап берді (Бұхари, Хайыз 6; Мүслим, Иман 132).

Хадиске түсініктеме:

Айналасындағылардың бәріне қарғыс айту араб әйелдерінің әдеттерінде бар еді. Кейіннен уақыт өте келе осы жағымсыз әдет кең етек алып, тіпті еркектер де осы дертке шалдықты. Олар ұнатқан адамдарына да қарғыс айтуды әдетке айналдырды.

Мысалы: «Пәленше қандай керемет ақын, Алла оған қарғыс айтсын» дейтін. Осыншама жиіркенішті адамдарды құлан таза айықтырып, адамдықтың қағидаларын үйреткен Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдардың тозақ отына түсуіне себепші болатын басты нәрсе тіл екенін білдірді. «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деп, тіл тұрғысынан үмбетіне әсіресе әйел затына ескерту жолдаған. Қарғыс айту мен берілген нығметке шүкір етпей қарсы келу адамның тозаққа түсуіне себепші болатындықтан бұл екеуі күнәлі істер қатарына жатады. Хадистегі ақылы мен дінінде кемшілігі бар деп айтылуы әйел затын жамандау үшін емес. Өйткені, ондай кемшілік олардың жаратылыстарында бар. Ақылы мен дінінде кемшілігі бар деп сипатталғанын еркектерді олардың бүліктерінен сақтандыру үшін деп түсіну керек. Бұлай дейтініміз кейбір әйелдер кемшіліктері бола түра еркектерді басынғысы келеді. Олардың мұндай әрекеттері үлкен ағаттық болып есептеледі. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) олардың осындай қылықтарына таңданатындығын хадисте ашып айтқан. Осы хадисте ақыл мен дінінде кемшілігі бар деп барлық әйел затын меңзеген. Бірақ, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Дүниедегі әйелдердің мына төртеуі саған жеткілікті олардың орны ерекше. Атап айтар болсам: Имранның қызы Марям, Перғауынның әйелі Асия, Хуайлидің қызы Хадиша, Мұхамедтің қызы Фатима» деп оларды ерекше атаған. Бұл хадистерден мынадай тұжырым шығаруға болады: «Бір нәрсеге жалпылама үкім берілсе, сол нәрсенің ішіндегілердің барлығына тиісті болмайды». Яғни, әйелдердің көпшілігінде ақыл мен дінінде кемшілік бар десе де, кейбір әйелдер көпшілік еркектерден әлдеқайда артық. Ақыл жағынан да, діндарлық жағынан да еркектерді басып озатын әйелдер де бар. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) қиямет қайымға дейін болатын барлық нәрсені теледидардан көріп тұрғандай үмбетіне айтып берген. Мұны өздігінен емес Алланың білдіруімен айтқан. Яғни, тозақ пен жұмақты көруі әрі тозақтағылардың көшпілігінің әйелдер екендігін көруі соның нәтижесі. Сондықтан да мұсылман әйелдерді садақа беруге, қайырлы іс істеуге, кешірім сұрап жалбарынуға шақырған.

Сонымен қатар берілген нығметке шүкір етпей қарсы шығу мен қарғыс айтудың үлкен күнә екенін білдіріп, мұсылман әйелдерді мұндай істерден тыйған. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Кімде-кім бір нәрсеге қарғыс айтса сол қарғыс аспанға көтеріледі, аспанның қақпалары жабылады. Содан кейін жерге түседі де қарғысты қабылдамайды. Кейіннен қарғыс оңды-солды жүреді. Тұрақты орын таппағандықтан қарғыс айтылған адамға барады. Егер ол адам қарғысқа лайық болса сонда қалады. Егер лайық болмаса қарғыс, қарғысты айтқан адамның өзіне барады» деп жөн-жосықсыз сөйлеуден және де қарғыс айтудан барша мұсылмандарды, соның ішінде әйелдерді тоқтатқан. Қазақта «айтылған сөз атылған оқпен тең» демекші әрбір сөйлеген сөзімізге ерекше мән бергеніміз жөн.

материал «Әйелдер жайлы 40 хадис» кітабынан алынды,

ummet.kz


 

Бөлісу: