25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Алламен тілдескен сахаба

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Абдуллаһ ибн Амр (р.ғ.) Ұхұд соғысында алғаш шәһит болған һәм Алламен тілдескен ардақты сахаба. Бұл кісі Бәни Сәләмә тайпасының алдыңғыларынан болғандықтан екінші Ақаба антына қатысуға Бәра ибн Марур деген сахабамен бірге ұсыныс алады. Сондай-ақ, Меккелік мүшріктермен болған Бәдір соғысына да қатысқан.

Ұхұд соғысы басталардан бұрын саңлақ сахаба Абдуллаһ өзінің жалғыз тұяғы Жәбирді қасына шақырады. Оған Ұхұд соғысында алғашқы шәһиттерден болуды қалайтындығын жеткізеді және артындағы алты қызына әкедей қамқор болуын тапсыра келіп, мойнындағы қарыздарын өтеуін өсиеттейді.

Ұхұд соғысының енді ғана басталған сәтінде-ақ ардақты сахаба Абдуллаһ ибн Амр (р.ғ.) жау қолынан шәһит болады. Өмірде дін бауырласы, ажырамас досы Амр бин Жамуһ та осы соғыста қатар жүріп қаза табады.

Аласапыран сәт... Ұхұд соғысында қаза болғандарға кебін мен қабір жетіспей жатты. Жәбир әкесінің жан досы Жамуһтың денесін Мәдинаға алып кетпек болып, түйе жетектеп келеді. Алайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ұхұд соғысында қаза тапқан шәһидтердің қаза болған жерінде жерленетіндігін ескертіп: «Амр бин Жамуһ пен Абдуллаһ бин Амр дүниеде бір-бірін жақсы көретін жандар еді. Сондықтан ол екеуін бөлмей, бір қабірге жерлеңдер», - дейді. Шәһит болған қос сахаба осылайша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуымен бір кебенге оралып, соғыс алаңындағы бір қабірге қойылды.

Соғыстан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбирдің көңілін аулау үшін оның үйіне келеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) келгенін естіген Жәбирдің қарындасы әкеге деген сағынышынан еріксіз дауыстап жылап жібереді. Қамқор әкеден айырылу Жәбирге де оңай соқпады. Мұны байқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ұхұд соғысында алғаш шәһит болған Абдуллаһтың балаларына және сонда отырған барша мұсылмандарға сүйінші болған мына хабарды жеткізді:

«Алла Тағала осыған дейін ешбір құлымен пердесіз тілдеспеген еді. Тек қана әкелерің Абдуллаһпен тікелей сөйлесіп, оған құдіретін көрсетті. Абдуллаһ: «Ей, Раббым! Мені қайта тірілтіп, дүниеге жібер. Тағы да сенің жолыңда күресіп, шәһит болайын. Алла жолында жан тапсырудың қаншалықты ерекше екенін дүниедегілерге жеткізейін», - дейді. Алла Тағала оған: «Мен бұған дейін шәһиттер кері қайтпайды деп үкім еткен болатынмын», - деп жауап қатты. Осы оқиғаға байланысты мына аят түсірілді: «Алла жолында өлтіргендерді өлі деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі». («Әл-Имран» сүресі, 169-аят) Алла Елшісі (с.ғ.с.) осы аятты оқып болып: «Шәһиттер өлген жоқ, олар ешқашан өлмейді», - деп айтты. (Байхақи, Дәлаилун-Нубууә, 3/298) 

Осы жерде айта кететін тағы бір жайт Ұхұдтан алдыңғы болған «Бәдір» соғысына да қатысты мынадай аят түсірілген екен: «Алла жолында өлтірілгендерді (шәһиттерді) олар өлі демеңдер, олар тipi, бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар». («Бақара» сүресі, 154-аят)

Бір білетініміз, Алла Тағаланың ардақты сахаба Абдуллаһпен дәл осылай пердесіз тілдесуінің маңызы мен сырын түсіну еш мүмкін емес. Өйткені, бұл жағдай қабір әлемімен тығыз байланысты дүние. Дегенмен, сахабаның осы оқиғасы мен аталған аяттар Алла жолында шәһит болған кісілердің «өлі» емес, қабірлерінде шын мәнінде тірі болатындығына дәлел болуда. Ал, мына болған жағдай сізді де таңқалдырады.  

 Арада қырық алты жыл өткенде нөсер жауыннан сел көтеріліп, Ұхұд соғысында қаза болған сахабалардың қабіріне су жетеді. Соғыста шәһит болғандардың сүйегін басқа орынға ауыстыру үшін қабірлерді ашқанда, мына дүниеде бір-бірімен ажырамай бауыр болған қос сахаба Амр бин Жамуһ пен Абдуллаһ бин Амрдың денелері еш шірімей, жаңа жерлегендей қалыпта тұрғанын көрген екен. (ТДВ Ислам энсиклопедиси, Абдуллаһ бин Амр бин Харам)

 

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

Дінтанушы

Бөлісу: