Кедей мұсылмандар үшін ауызашар беретін футболшы

Кедей мұсылмандар үшін ауызашар беретін футболшы

Ислам жұлдыздары

Мұсылман футболшылар туралы жазу ниетіміз пайда болғанда, қос әлем – Батыс пен мұсылман жұртшылығының «сүйіктісі» Зиданды айналып кетуіміз мүмкін емес еді…

Франция құрамасының атақты жартылай қорғаушысы Зинедин Язид Зидан 1972 жылы 23 маусымда Францияның Марсель қаласында дүниеге келген. Әкесі Исмаил 1953 жылы Алжирден Францияға қоныс аударған кәбил ұлтының өкілі. Кейін Мәлика атты қызға үйлеген Исмаилдың отбасында Ләйлә атты қыз, Жамил, Фариддин, Нұраддин деген ұлдардан кейін өмір есігін ашқан Зинединнің футбол жұлдызына айналатынын әрине, кішкентай кезінде ешкім ойлаған жоқ. 

Зидан – мұсылман

Француз футболының көшбасшысына айналған Зиданның мұсылмандығы басылым беттерінде ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Салмақты, сабырлы Зинединнің өзі мұсылмандығын немесе намаз оқитынын айтып, жарияға жар салған емес. Жасыл алаңда да өзін өте қарапайым ұстайтын футболшы журналистер дініне қатысты сұрағанда ғана: «Иә, мен – мұсылманмын. Бүкіл жаратылысты жаратқан бір Құдайға сенемін. Жан дүниемдегі сенімімді жоғары бағалаймын», – деп жауап берген болатын. 

Франция көшелерінде кедей мұсылмандар үшін ауызашар береді

Бапкерлері ол туралы: «Зидан көп сөзді жақсы көрмейді. Ақылыңды тыңдайды, сосын оны іспен көрсетеді», – дейді екен. Маған Зиданның мұсылмандығы да солай секілді көрінеді. Ол: «Мынаны істедім», - деп ешқашан айтпайды. Бірақ халық оның нағыз мұсылманға сай өмір сүретінін іс-қимылынан біліп отырады. Ол жарлы-жақыбайға көмек ретінде табысының көп бөлігін садақа етеді. Туған қаласындағы жас футболшыларға қамқорлық танытып, олардың қаржылық жағдайының барлығын өзі көтереді. Алжирдегі балалар емханасына көмектеседі. Түскен қаржысы Африкадағы аштықтан зардап шеккен жандарға кететін жолдастық кездесулерді ұйымдастырып, өзі де соған қатысады. Және ең кереметі, соңғы бірнеше жылда Рамазан айы келгенде Францияның түкпір-түкпірінде кедей мұсылмандар үшін ауызашар өткізуді әдетке айналдырыпты.

«Ешқашан ішімдік ішпеген, темекі атаулыға да жоламаған»

Футболсүйер жастардың кумиріне айналған Зиданның ішімдікке көзқарасы туралы батыс басылымдарында түрлі қауесет бар. «Бір рет есінен айрылғанша ішіп көрген Зидан қатты ауырып, содан кейін қайтадан алкоголь атаулыға жоламаған екен», - деп жазады олар негізінен. Футболшының немере ағасы Рабах болса: «Маған Зизудың жеке өмірінен көп нәрсе мәлім. Бірақ оның барлығын сіздердің алдарыңызға жайып тастай алмаймын. Бір айтарым, ол ешқашан ішімдік ішпеген, темекі атаулыға да жоламаған»,  – дейді басылым беттеріне берген сұхбатында. Соңғы сөз дәлелді, әрі ақиқат сынды. Расымен, мұсылман отбасында дүниеге келіп, мұсылманша тәрбие алған адамның ішімдікке жолауы мүмкін бе?

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: