29
Жұма,
Наурыз

һижри

Жасырып жасаған сауап іс

Ислам жұлдыздары

Ардақты сахаба Әбу Бәкір (р.ғ.) өмірдегі ұстанған қарапайымдылығын халифа болғаннан кейін де жоғалтпаған. Жиған малын да, Құдай берген жанын да исламның таралуына жұмсаған тұлға. Өзгелерден оқ бойы тұратын игі амалдары оны көз тірісінде-ақ жәннатпен сүйіншіленшілетті. Осынша қуанышты хабар бола тұра бұған марқайып, асып-тасымады. Баяғы алған бетінен қайтпай, «күш-жігеріммен хақ дінді халыққа жеткізем» деп мақсат ете білді. Мұның барлығына жетелеген жалғыз нәрсе – Хақ Тағаланың разылығына бөлену еді.

Жәй халықтың көріп жүрген жақсы амалдарынан тысқары барлық сахабалардың Алла мен өзараларында сыр болып сақталып, айналасына беймәлім күйде жасаған сауапты істері болған. Ал, олардың саны қаншама десеңізші?! Сол секілді хазіреті Әбу Бәкірдің (р.ғ.) ел көзінен таса жүріп, жасырып жасаған сауапты амалын досы хазіреті Омар (р.ғ.) жеткізбегенде біз оны қайдан білер едік?! Ол оқиға былай болған.

Хазреті Әбу Бәкір (р.ғ.) халифа болып тұрғанда, күніге кешкілік жұмыстан соң, жаяулатып қала сыртына шығып кетеді екен. Қасына ешкімді ертпейді. Қайда баратынын да, не істейтінін де тірі жанға айтпайды. Бірде оны досы Омар  (р.ғ.) аңдиды. Сөйтсе Әбу Бәкір (р.ғ.) қала сыртындағы жаман лашыққа кіреді. Ет пісірім уақыттан соң шығып, қалаға қайтып кетеді. Ол кеткен соң әлгі лашыққа Омар (р.ғ.) кірсе, өзі ауру, көзі соқыр қарт ана мен бір-екі бала ойнап отыр. Амандасып болған соң, Омар (р.ғ.):

– Апа, қалай күнелтіп жатырсыз? - деп жағдай сұрайды. Сонда ауру қарт ана:

– Шырағым, көріп отырсың, тұрмыс ауыр. Әйтеуір бір мұсылман күнде келіп, азын-аулақ азық әкеліп, тамақ пісіріп, ыдыс-табақ, кір-қоңымды жуып кетіп тұрады. Оған Алла разы болсын, айналайын, - депті. Мұны естіген Омар (р.ғ.):

– Уа, Әбу Бәкір (р.ғ.) сен бізге шектен тыс меже қойыпсың. Енді қайтіп біз сенен артық сауап жинаймыз, - деп көзіне жас алған екен.

Халифа Әбу Бәкір (р.ғ.) жасаған мына істі ешкім дөп басып қайталай алмас. Оның бұл амалы – тақуалықтан туындаған жеміс. Дегенмен, дәл солай болмасақ та, ұқсап бағуда керек бізге. Аспандағы жұлдыздар секілді әрбір адам баласына имандылықтың бағдарын нұсқаған саңлақ сахабалардан үйренеріміз өте көп. Ал, біз өз деңгейінде үйреніп жатырмыз ба?!

 

 «ummet.kz» рухани ақпараттық порталы 

Бөлісу: