Сенімді қайнар – хақ білімнің кепілі

Сенімді қайнар – хақ білімнің кепілі

Мақалалар
Жарнама

Күллі түркі әлемінің мақтанышы Махмұд Қашқари: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», - десе, Шал ақын: «Білімің болсадағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей, - дейді. Келелі білімнің халыққа тигізер  пайдасы бар дегенді меңзесе керек.

Оқып, білімнің мол мұрасына кенелем деген жанға қай салада да мамандар даярлайтын оқу орындары жеткілікті. Тәуелсіздігімізбен бірге жанданған дінтану ғылымының өзіндік ерекшеліктері, озық тәжірибесімен қатар қоғамдағы өзекті мәселелері де айқындала түсті. Сол себепті діни білім алуға елімізде жан-жақты мүмкіндік қарастырылған. Нақты айтар болсақ, алты жоғары оқу орнының арнайы кафедраларында дінтанушы мамандары даярланады. Оларға діндер тарихы мен теориясы, мемлекеттік-діни қатынастар, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелері жан-жақты оқытылады.

Елімізде «Дінтану», «Теология» және «Исламтану» мамандығына мемлекет тарапынан грант бөлініп, оқыту үдерісі жолға қойылған. Мәселен бір ғана Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті – жоғары білімді имамдар, исламтану, дінтану, теология, екі шет тілі (араб-ағылшын, ағылшын-араб тілдері) мамандарын дайындайтын бірегей жоғары оқу орны. Орта есеппен алғанда, 2018-2019 оқу жылында елімізде 367 дін маманы бітірген, оның ішінде дінтанушы – 172, исламтанушы – 179, теолог – 16.

Тіпті, еліміздегі дәстүрлі діндер жөнінде мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы туралы ақпараттар жалпыға бірдей білім беретін орта мектептен бастап, барлық білім беру мекемелерінде қоғамдық пәндер аясында оқытылып келеді. Сонымен қатар, «Дінтану» пәні таңдау курсы ретінде еліміздің барлық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген.

Ислам діні ғылымға және оны оқып-үйренуге, адамның ой-пікірі мен ішкі-жан дүниесін байытуға ерекше мән береді. Бірақ дінге жаңадан бет бұрушылар кез келген ақпаратты талғамай, талдамай қабылдай беретіні бар. Мәселенің мәні – білімнің таяздығына, адами түсініктің аздығына  келіп тіреледі. Интернет әркімге ұстаз бола алмасы белгілі. Ең дұрысы білімді әрі сенімді ұстаздардан мәлімет алған дұрыс. Әйтпесе, жас ұрпақ басын жарға соғып, жүрісінен жаңылуы мүмкін. Ақпаратқа толық қанығып, терең білім алмағандықтан да адасушылар қатары азаймасы анық.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) үмметінің білімге деген ынтасын арттыру үшін былай деген: «Кім де кім білім үйренгісі келсе, Алла ол адамға жұмаққа баратын жолды жеңілдетеді. Періштелер оның әрекетін ұнатқандықтан, үстіне қанаттарын кереді. Аспан мен жердегі тіпті, судың ішіндегі балықтар да ғалымдар үшін Алладан кешірім тілейді. Ғалымның жәй құлдардан артықшылығы, айдың өзге жұлдыздардан артықшылығына ұқсайды. Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары. Пайғамбарлар алтын мен күмісті мирасқа қалдырмайды, тек қана білімді мирас етіп қалдырады. Ол мирасты алған адам молшылыққа кенеледі».  

Бүгінгі күнге дейін шет елдерге барып діни білім алған қазақ жастарының арасында оқып жатқан діни бағытының дұрыс емес екенін түсініп, елге қайтқандар да бар. Сондай-ақ, кейбір азаматтарымыз «әр елдің салты басқа» демекші, өздері білім алған елдің салт-дәстүріне бой үйретіп келгендер. Шетелге шығып, қазақылық қасиеттен ажырау – абырой емес. Шетелде діни білім алып, ұлттық дүниетанымнан ажырап келген кейбір азаматтардың уағыздары қоғамда түрлі көзқарас тудырғанын мамандар тарапынан талай мәрте айтылып келеді. Олар айтқан уағыз-насихаттарымен қоғамның сынына ұшырады.

Сонымен қатар шет елден тәлім алып, білікті маман деңгейінде елге оралып, жемісті еңбек етіп жүргендер де баршылық. Білімді адамның білгенін үйретуі – ең үлкен жақсылықтың бірі. Елімізде өз саласын жетік меңгерген дінтанушы ғалымдар қатарының толысып келе жатқаны көңіл қуантады. Олардың халықты діни тұрғыдан сауаттандырып, білім үйретуі – қоғамның дұрыс бағытқа өзгеруі мен тәрбиенің кепілі.

Дұрыс, хақ білім – адам баласының шамшырағы. Ұлттық құндылықтар мен дүниетанымды бойына сіңірген әрі өз саласын терең меңгерген ғалымдарымыз  көбейген сайын ел ішінде насихат тереңдейтіні сөзсіз. Білімділер қатары артқан сайын елімізде белең алған деструктивті діни ағымдардың келеңсіз әрекеттері де жойыла бастайды. Осылайша жақсылық салтанат құрады. Тіпті жат ағымның жетегінде кеткендер де ақиқатқа мойын бұрады деп сенеміз.

Тұрар ӘБУОВ,

дінтанушы-сарапшы

Бөлісу: