Таным терапиясы

Таным терапиясы

Мақалалар
Жарнама

Расында, дін – нәзік сала. Өйткені, адам баласы иманға жүрек қалауымен келеді. Ашығын айтқанда, дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі бейнебір археологтардың жұмыс бағытына сәйкес келетін аманаты үлкен сала.

Нәзік саланың мамандары,  яғни археологтар мен имамдар жерді белден қазып, жұмысты өндіріп жасайын десе, топырақ астындағы тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алатыны ақиқат.

Рухани мұраны аршып-алуға сабыр мен төзім, ұқыптылық пен тиянақтылық қажет. Адам санасын оңалту да осындай: жылдармен жинақталған түйсіктегі теріс діни түсінікті күндермен, яки айлармен түзете алмайсың.

Имамдармен жиі болатын жеке кездесулерімде «деструктивті ағымдағы азаматтарға түсіндіру жұмыстарында терапевтің тәсілін қолданыңдар» деп бағыт-бағдар беретінім сондықтан. Расында, сана түзелсе – адам түзеледі.

Діни салада бірнеше жыл еңбек өтілі мен тәжірибесі бар азамат ретінде айтайын: оңалту жұмыстарындағы тиімді тәсілдің бірі де бірегейі – оның қуанышты және қиын сәттерінде бірге болу. Сұхбаттасу тәсілі достыққа жетелейді.

Мұны психология ғылымы «сұхбаттасушының жағдайына ену» деген ұғыммен түсіндіреді. Ал Ислам діні бұдан да биік көркем амалға үндейді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмін өзіне қалаған игі жақсылықты өзге бауырына қаламайынша шынайы иманмен қауыша алмайды», – деген.

Қостанай облысында бас имам болып қызмет етіп жүргенде деструктивті ағымға алданған азаматтарға моралдық һәм материалдық тұрғыдан жүйелі түрде көмек көрсеттік. Жанашырлық сезім нақты амалмен үйлеспесе – нәтиже бермейді.

Имамдардың тілеулестік ниетін таныған сол азаматтар қатарымызға қосылып, радикалды райынан қайтты. Осылайша, сұхбаттастық – достыққа, достық қатынас бауырмалдық байланысқа ұласты. Мұндайда «Кісі өз досының дінінде» деген пайғамбар тәлімі ойға оралады.

Бүгінде білімі мен тәжірибесі толысқан имамдардың жанқиярлық жұмыстарының арқасында елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізбен қауышып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күнделікті сан-салалы қызметі барысында басты 4 бағыт бойынша жұмыстарының бірі ретінде деструктивті ағымдарға түсіндіру шараларын бір сәтке де тоқтатпайды.

Оңалту шараларына қатысты тағы бір тәсіл – тарихпен тәрбиелеу. Тарих дегеніміз – адамзатттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар: «Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят», – деген тәлімді сөз айтқан.

Діни басқарма «Дін және тарих тағылымы» игі бастамасын одан ары жаңғыртып, жамағатты тарихтан алар сабақтармен сусындатып келеді. Салт пен тарихи санаға, әдет пен ғұрыпқа шекеден қарап, теріс көзқарасқа алданған діни ағымдар үшін арнайы жобаны қолға алдық.

Мақсатымыз – деструктивті ағым өкілдерінің тарихи әрі киелі жерлерге сапарын ұйымдастырып, тарихи санасын жаңғырту. Жуырда Ақтөбеден арқа төсіне келген бір топ жамағатпен жүздесіп, бірнеше сағат сұхбаттастым. Елдік мұрат, тарихи сана, бірлік пен бейбітшіліктің қадірі туралы дәріс оқыдым. Емен-жарқын әңгіменің нәтижесінде олар да өз ойын ортаға салып, пікірлеріміз бір арнаға тоғысты.

Шынтуайтына келгенде, кешегі батырлар мен ізгілердің ізін басқан ұрпақ ата салтын сақтап, дәстүрлі діннің құндылықтарын өмірінің темірқазығы етеді. Сондықтан болар, имандылық бастауы болған ұят, ар-намыс, обал, сауап, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет сынды ұғымдар халқымыздың өмір салтында ғибратты ғұрыпқа айналды.

Осы ретте ақсақалдар институтының рөлін күшейту – маңызды мәселе. Біз – қарияның дуалы сөзіне қарсы уәж айтпаған халықпыз. Бұл – санаға сіңген салтымыз. «Қой дейтін қожа» бола білген қаншама қариямыз жат ағымға кеткен жастарға насихат айтып, тәрбиесін түзеп келеді. Осы бағытта облыстық мешіт жанындағы Ақсақалдар алқасы мен ауыл, аудандағы билер кеңесі игі іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Біз үшін тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары, әл-Фараби бабамыз айтқандай, жарық дүниенің есігін ашқанмен бірдей болса, қазір ересек өмірдің табалдырығын басып отырмыз.

Мемлекетті құрайтын ұлт болса, сол ұлттың жан-жақты білімі, жан дүниесінің тазалығы, рухани байлығы – аса маңызды мәселе. Әйгілі ойшыл Рудакидің:

«Өмір – теңіз,

Жүзем онда демеңіз,

Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген сөзінде үлкен мән жатыр.

Егемен елдің бүгінгі азаматтарына жүктелген міндет – бірлікке ұйысып, халыққа қызмет ету. Өйткені, Алла Тағала: «Бір-бірлеріңе игі істерде көмекші болыңдар», – деп әмір еткен. Бірлікке болысып, берекелі істердің басы-қасында жүруді нәсіп еткей! Әмин!

«Мұнара» газеті, №4, 2019

Бөлісу: