Ақылсыз адам – жетім

Мақалалар
Жарнама

Ақыретін ұмытқан адамның, жалт-жұлт еткен пәни дүниенің қызығына беріліп, ақыретке дайындығын ұмытқан адамның мысалы жыртқыш аңнан қашып келе жатқан, бір ағаштың бұтағына өрмелеп шыққан кісі тәрізді.

Әлгі кісі төменге қараса шұңқырды көреді. Оған құласа – бітті, ішінде аузын айқара ашып, жұтуға әзір ірі жыланды байқайды. Содан соң, жоғары жаққа зер салып, өзі ілініп тұрған бұтақтың түбіне қараса, қара және ақ түсті екі тышқанды көреді. Ол екеуі бұтақты үздіксіз кеміруде. Енді жан-жағына айналып бұрылса, қол созым жерде балға толған араның ұясы тұр. Балдан ауыз тиеді. Балды ұнатқандығы соншалықты өзін-өзі тежей алмай жегеннің үстіне жей түсіп, өзін жұтып жібергелі тұрған жыланы бар шұңқыр мен түбіне жетер екі тышқан естен шығады, тарс ұмытты.

Бұл мысалдағы шұңқыр адамды күтіп тұрған қабірі, ал ақ және қара түсті екі тышқан адамның өмірін азайтып, күндерін кеміріп, тауысқалы жатқан күн мен түн. Ұядағы бал осы дүниенің ләззаты екен. Ал, парасатты адам шахуаттарға берілмей, атойлаған нәпсісін тізгіндеп ақылы мен арының алдында есеп береді.

Алла Тағала адам баласын жаратқан сәтте оны ақыл нығметімен ерекшеледі. Жанқұтты шешен: «Ақылсыз адам жетім», – дейді.  Міне, осы ақыл-ой мен сана-сезім, парасат-пайымдылық біздерге көптеген жамандықтарды айналып өтіп, жақсылықтарға қол жеткізуге себеп болады.

Шәддад ибн Әус (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.):

عَنْ شَدَّادِ بْنِ أَوْسٍ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْكَيِّسُ مَنْ دَانَ نَفْسَهُ وَعَمِلَ لِمَا بَعْدَ الْمَوْتِ ، وَالْعَاجِزُ مَنْ أَتْبَعَ نَفْسَهُ هَوَاهَا وَتَمَنَّى عَلَى اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ

Нағыз ақылды – әрдайым өзін-өзі есепке тарта отырып, ізгі амалдар жасап, өлімнен кейінгі өмірге қамданған адам. Ал нағыз бейшара – тойымсыз нәпсінің қалауына ерік беріп, соған қарамастан (о дүниеде ізгілермен бірге болармын деп) Алланың мейірімінен үміт еткен адам – деп айтты» – деген. (Тирмизи, ибн Мәжә, Ахмад  риуаят еткен).

Әуелі, жоғарыдағы хадисті бізге жеткізген сахабаға тоқтала кетейік. Әбу Яғла Шәддад ибн Әус (Алла одан разы болсын) Бани наджар әулетінен шыққан ансарлық, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айрықша сахабаларының бірі. Ол сахабалардың ішінде өзінің парасаттылығымен, ұшқыр ойымен, зеректілігімен танылған кең пейілді  жан еді.

Шәддад ибн Әус (р.ғ.) Шам елінде өмір сүріп хижраның 58-ші жылы 75 жасында Палестина шаһарында дүниеден озған. Алла Елшісінің (с.ғ.с) елуге тарта хадисін жеткізіп, оның хадистерін имам Бухари мен имам Мүслим де риуаят еткенін ескерер болсақ, Шәддад ибн Әустің қаншалықты ілім игерген ғалым екеніне көз жеткіземіз.

Шын мәнінде әркез ақылға жүгінетін адам әр ісіне байыппен қарап, ой сарабынан өткізіп, оның нәтижесі мен салдарын ойлап, барынша қырағылық танытатыны хақ.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадисінде:

«Қиямет күнi төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды: өмiрiн қалай өткiзгендiгi, жастық шағын қалай өткiзгендiгi, мал-дүниесiн қалай тауып, қайда жұмсағандығы, бiлiмiмен қалай амал еткендiгi»,- делінген. (Хадисті имам Тирмизи риуаят етті).

Ал, Әнәстан (р.ғ) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с):

حُفَّتِ الْجَنَّةُ بِالْمَكَارِهِ وَحُفَّتِ النَّارُ بِالشَّهَوَاتِ

«Жәннәт – қиындықтармен қоршалған, тозақ – әуестік-құмарлықтармен (шахуаттар) безендірілген», - дейді. (Имам Мүслим риуаят етті).

Демек, жұмаққа жету жеңіл жол, оп-оңай олжа емес! Осы жолда нәпсі қаламайтын қиындықтар, әлбетте, жетерлік. Шынайы бақыт ізгі амал мен салихалы істер жасаумен, тер төгіп, сынақтарға сабыр қылумен бұйыратын бақ.

Имам Байһақи «Әз-Зуһду әл-кәбир» кітабында Аъмир ибн Аббас әл-Һамдани әз-Заһид бұл дүниені өзінің өлең шумақтары арқылы төмендегідей мысалмен келтірген: 

عَامِرُ بْنُ الْعَبَّاسِ الْهَمْدَانِيُّ الزَّاهِدُ :

" إِنَّمَا الدُّنْيَا إِلَى الْجَنَّةِ وَالنَّارِ طَرِيقٌ

وَاللَّيَالِي مَتْجَرُ الإِنْسَانِ

وَالأَيَّامُ سُوقُ " .

«Анығында қу дүние жәннәт не тозаққа апарар жол, түндері оның сауда, күндері базар ол».

Ата-бабаларымыз қамшының сабына теңеп, осы өмірдің тым шолақтығын меңзеген. Шал ақын Тілеуке Құлекеұлы бабамыз өлең шумақтарында:

Бұл дүниенің мысалы

Ұшып өткен құспен тең.

Өмірде көрген жақсылық

Ұйықтап өткен түспен тең.

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Нұрлан Рамазанов

Бөлісу: