Жақсы сөз – жарым ырыс

Мақалалар
Жарнама

Араб даласында білікті саясаткер һәм дипломат болған Амр бин Ас (р.а.): «Сөз – дәрі іспетті. Азайтсаң пайдасын көресің, ал көбейтіп жіберсең өлтіреді», - деген екен. Қазақта: «Сөз – тас жарады, тас жармаса – бас жарады», - деген сөз бар. Расында, жөнімен айтылған сөз жүйесін табады. Ал, жөнсіз сөз түбірде иесінің басын жарады.

Құран Кәрімде:

إِلَيْهِ يَصْعَدُ الْكَلِمُ الطَّيِّبُ وَالْعَمَلُ الصَّالِحُ يَرْفَعُهُ

«...Көркем сөз Алла құзырына көтеріледі. Сондай-ақ ізгі амал ол сөзді көтереді...[1]», - деген. Сахаба Әнас бин Мәлик (р.а.) мынадай әңгімені риуаят етеді: «Бір кісі келіп: Маған жәннатқа кіргізетін амал үйретіңіз, - деп өтінді. Сонда, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұртты тамақтандыр, дауыстап сәлем бер, сөзің жақсы болсын, жұрт ұйқыда жатқанда намаз оқы, міне сонда аман-есен жәннатқа кіресің[2]», - деген екен. Сөз адамның ойы мен ниетін білдіретін құрал. Сондықтан қазақта «ойнап айтса да, ойындағыны айтты» деген мәні терең нақыл бар. Сөз бейне бір адамның түйген және жинақтаған тұжырымының жемісі. Сол арқылы адамның мінезін, өмірлік ұстанымын аңғаруға болады. Жалпы, адамның кім екенін сөзі ашып бере алады.

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта:

إِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ رِضْوَانِ الله، لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا، يَرْفَعُهُ الله بِهَا دَرَجَاتٍ، وَإِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ سَخَطِ الله، لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا، يَهْوِي بِهَا فِي جَهَنَّم

«Пенде Алланың ризашылығына бөлейтін бір сөз айтады, бірақ оған көңіл аудармайды, алайда сол сөзбен көптеген дәрежеге көтеріледі. Сонымен қатар, пенде Алла Тағаланың қаһарын шақыратын бір сөз сөйлейді де, оған назар аудармайды, сол сөз кесірінен тозақтың түбіне қарай құлдырайды[3]»,-делінген. Данышпандар: «Қажетсіз сөзден сақ бол, ондай сөз сенің қате-кемшілігіңді әшкере етеді және дұшпаныңның басылған ашу-ызасын қоздырады», - деген екен.

Ғұламалар: «Құдай адамға бір тіл, екі көз және екі құлақ берген. Мұның сыры көріп һәм еститіні сөйлейтін сөзінен көбірек болсын дегені», - деп айтқан екен. Қазақтың «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» деген сөздің төркіні осында жатыр. Қай жерде не сөйлеу керек екенін білу мәдениет, ал қашан үнсіз болып тіс жармау керегін білу даналық. Мұны үйренген адам қате-күнә жасаудан тиылады. Жиған сауабын желге шашудан сақтанады», - деген екен.

Әбу Әсуад Дуали баласына: «Балам! Көпшілік ортасында отырғанда өзіңнен биік адамның сөзімен сөйлеме жұрт ішінде қызғаныш оятасың. сондай-ақ, өзіңнен төмен адамның деңгейінде сөйлеме жұрт менсінбейтін болады», - деген екен. Расында, сөздің ең жақсысы туралықты нұсқап, қателікті көрсететін сөз. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен:

لا طِيَرَةَ وخَيْرُها الفَأْلُ قيلَ: يا رَسولَ اللهِ، وما الفَأْلُ؟ قالَ: الكَلِمَةُ الصَّالِحَةُ يَسْمَعُها أحَدُكُمْ

«Құс ұшырып, істің жақсы немесе жаман болуын жору діннен емес. Алайда, жақсы ырым – жақсы,-дейді. Сонда: Уа, Алла елшісі! Жақсы ырым дегеніңіз не?,-дегенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер еститін жақсы сөз[4]»,-деген екен. Міне, жақсы сөз, жарым ырыс деген осы.

 Ғалымдар: «Надандармен отырғанда сөйлеме, үнсіздік сақта. Даналармен отырғанда да үндесе, сөйлеуші болма. Надан отырған жерде сөйлемеуің сенің салмақтылыңды арттырады, ал даналар алдын сөйлемеуің сенің біліміңді арттырады», - деген екен.

Лұқман Хәкім баласының үйіне қонақ боп келеді. Баласы қой сойып, ет асады. Дастарқанға ет келгенде әкесі: «Балам! Еттің ең дәмді жерін берші», - дейді. Хәкімнің ұлы: малдың тілін кесіп тарту етеді. Біраз үндемей отырып, соңыра: «Ең ащы жерін берші», - дейді. Баласы тағы да тілді тарту етеді. Данышпан Лұқман мұның сырын сұрағанда ұлы: «Әке! Адамның көңіліне демеу болатын жақсы сөз де тілден шығады, бір елді дауға қалдыратын ащы сөз де тілден шығады», - деген екен. Расында, асығыс жауап беріп жаңылған тілден жаманы жоқ. Лұқман Хәкімнің: «Тастан да қатты тиетін, инеден де қатты тесіп өтетін, сабырдан да ащы тиетін және шоқтан та ыстық болатын сөз бар», - деген ғажайып сөзі соның айғағы.

Ең жақсы сөз ретінде ділмар шешендер: «Жеткізетін ақиқаттан, әшкерелейтін жалғаннан, жұртқа насихат ететін даналықтан және Алланың берген нығметін жалықпай айтудан басқа уақытта тіліңді тый», - деген екен.

Хатим Асам: «Егер сұлтанның (басшының) қызметкері жаныңызда жүріп әрбір аузыңыздан шыққан сөзді жазып жүретін болса, әр сөзіңізді ойлап айтар едіңіз. Алайда, әр күні сіздің сөзіңізді Алла Тағала құзырына алып шығатын періштенің жазып жүргенін біле тұра неге сақтықпен сөйлемейсіз», - деген екен.

Фудайл бин Ғияд (р.а.): «Нағыз білімді адам тілін Алладан қорқып сөйлететін және де тілін Алладан қорқып үнсіз ететін адам...», - деген екен.

Абдулла ибн Масғұд (р.а.): «Сенің тілің – өткір қылыш, ол бірінші сені кеседі. Ал, сөзің тесіп өтетін жебе, айналып өзіңе келеді. Сондықтан, айтар сөзіңде орта жолды ұстан, адамдардың көңіліне тиетін сөзден сақ бол», - деген екен. Түйіндей айтқанда, адамның қадір-қасиетін сөзінен байқауға болады. Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра деген нақылдың айтпағы да осы болар.

Ербол АБДУАХИТҰЛЫ

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы


[1] Фатыр сүресі, 10-аят

[2] Ахмад, Хайсами

[3] Бұхари

[4] Муслим

Бөлісу: