Тіркеусіз миссионерлік қызмет – заң бұзушылық

Тіркеусіз миссионерлік қызмет – заң бұзушылық

Мақалалар
Жарнама

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңы  бойынша еліміздегі діни бірлестіктердің қызметі, миссионерлік қызмет, дінтану сараптамасы, ғибадат үйлерін салу, діни әдебиетті тарату секілді барлық қызметтердің тәртібі айқындалған.

Ғаламтордан миссионерлік туралы материал іздей жөнелсек, түрлі бағытта жазылған ақпараттарды кездестіруге болады.

Мамандардың айтуы бойынша миссионерлік латын тілінде «missio» сөзі – тапсыру, аманат ету деген мағынаны береді екен. Демек белгілі бір діннің аманатын арқалай отырып, сол дінді немесе діни ілімді насихаттаушы. Ол діни ілімді тарату үшін Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің атынан қызмет ете алады.

Миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тiркеудi уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне құжаттарын ұсына алады. Ресми тіркеу куәлігін алғаннан кейін барып, миссионерлік қызметін тек өзінің тіркелген аймағында ғана жүзеге асыра алады. Заңға сәйкес миссионерлер уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.

Миссионерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңының 8-бабының 1-тармағына сәйкес, діни ілімдерді таратуға бағытталған қызметті тек тіркеуден өткен азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жүргізе алады және олар Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктің өкілдері болуы тиіс.

Елімізде Заң бойынша өңірлердегі Дін істері басқармаларынан тіркеуден өткен миссионерлер ғана діни ілімдерді таратуға құқылы. Кез-келген азамат көшеде, қоғамдық көліктерде, аялдамада немесе басқа да қоғамдық орындарда (базарда, жатақханада, сауда-cаттық орталықтары және т.б.) қандай да бір діннің артықшылығы туралы уағыз насихат жұмыстарын жүргізе алмайды. Діни насихат жүргізген адам заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан болып, заң бойынша жауапқа тартылады.

Елімізде қанша миссионер бар?

Республикада 18 конфессияның 569 миссионері тіркелген. Тіркелген миссионерлердің арасында саны жағынан православиенің және католицизм дінінің миссионерлері басым.

Қандай жағдайда уәкілетті орган миссионерлік қызметті тіркеуден бас тартады?

Өңірлердегі Дін істері басқармасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 5 бабы 10 тармағына және Діни қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарың басшылыққа ала отырып «Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетеді.

Стандартты басшылыққа ала отырып төмендегідей себептермен миссионерлік қызметті тіркеуден бас тартады:

біріншіден, дінтану сараптамасының теріс қорытындысы;

екіншіден, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, тұрғындардың денсаулығы мен адамгершілігіне қатер төндіретін миссионерлік қызмет;

үшіншіден, мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда жазылған деректердің (ақпараттардың) дұрыс еместігін анықтау;

төртінші себеп, мемлекеттік қызметті алушыға қатысты қызметке немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға талап ететін қызметтің жекелеген түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болуы;

бесінші себеп, ақпарат және азаматтық қоғам саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін келісім туралы сұрау салуға берілген теріс жауабы, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;

алтыншы себеп, көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнайы құқығынан айырылуы негіз болып табылады.

Тіркеусіз миссионерлік қызмет – заң бұзушылық болып табылады. Қазақстан аумағында Заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан азаматқа ҚР ӘҚБтК-ның 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес Қазақстан азаматтарына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, ал шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға айыппұлға қоса еліміздің аумағынан шығарылып жiберілетін әкімшілік жауапқа тарту қарастырылған.

Елімізде діни қызмет атқару тек заңнама бойынша  жүзеге асуы керек.

Тұрар ӘБУОВ,

дінтанушы-сарапшы

Бөлісу: