Дәрет алған адамға берілетін сауап

Дәрет алған адамға берілетін сауап

Мақалалар
Жарнама

Дәрет алу - Ислам дініндегі аса маңызды құлшылықтардың бірегейі. Намаздың қабыл болуы, дәреттің дұрыстығына тікелей байланысты. Ал, намаз болса, мүминнің Аллаға жақындай түсуіне себеп болатын ғибадат. Осыған орай, дәрет алудың өз алдына бөлек Алла Тағаладан берілетін үлкен сауабы бар.

Сол сауаптарды тізбектеп, қарастырып көрсек.

1. Алла Тағаланың ризашылығына бөленеді. Дәрет алу мүминнің өз денесін тазалықта ұстауының бір түрі. Сондықтантаза жүрген мұсылманға Алла Тағала әрдайым разы болатыны ақиқат. Алла ондай құлдарын жақсы көреді. Бұл туралы Құран Кәрімде:

...إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ

(қазақша мағынасы) «Шәксіз Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді»[i], - делінген.

2. Дәрет алу жәннатқа кіруге себеп болады. Омар ибн Хаттаб (р.а.) риуаят еткен хадисте, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кім дәрет алса, дәретті жақсылап алса, содан соң «Мен Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың құлы әрі Елшісі екендігіне куәлік етемін. Уа, Алла! Мені тәубе етушілерден, әрі таза болушылардан қыла гөр», деп айтатын болса, онда оның алдынан (міндетті түрде) жәннаттың 8 есігі айқара ашылып, қалағанынан кіреді»[ii], - деген.

3. Дәрет алу дәрежені арттырады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге Алла Тағаланың не нәрсе арқылы күнәларды кешіріп, дәрежені арттыратыны туралы айтып берейін ба?», - деп сұрайды. Олар (сахабалар): «Йә, әрине, Алла Елшісі (айтып бер)!», - деп жауап қайырады. (Сонда) ол (Алла Елшісі): «Қиындыққа[iii] қарамастан жақсылап тұрып дәрет алу және намаздан кейін келесі намазды зор құлшыныспен күту. Міне осы сендерге «рибат[iv]»[v], - дейді.

4. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хауызынан шөл қандыру. Әбу Һурайрадан (р.а.) Алла Елшісі (с.ғ.с.) зират басында былай деп айтқандығы туралы риуаят етіледі: «Сендерге Алланың сәлемі болсын, мүмин қауым тұрғындары! Расында біз Алланың қалауымен сендерге барып қосыламыз. Мен бір кезде мұсылман бауырларымды көруді қалаймын». Сонда одан (Пайғамбарымыздан сахабалар) сұрайды: «Біз сіздің бауырларыңыз емеспіз бе?». Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендер мен сахабаларымсыңдар, ал, бауырларым болса, олар қазір әлі келмегендер. Мен хаудыда[vi] олардан бұрын боламын», - деп жауап береді. Одан: «Уа, Алла Елшісі! Сізден кейін кім келетіндігін қайдан білесіз?», - деп сұрайды. Сонда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабалардан сұрайды: «Егер бір адамда маңдайында ақ жұлдыз, аяқтарында ақ білезіктері бар аты болса, ол оны басқа қара аттардың арасынан танымас па еді?». Олар: «Йә, әрине танитын еді», - деп жауап береді. Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтады: «Ақиқатында, Қиямет күні олар маңдайларындағы және аяқтарындағы дәрет алғандарынан қалған іздермен (белгімен) келеді, ал мен болсам, хаудыда олардан бұрын боламын».

5. Күнәдан тазартады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім үйінде (жақсылап) дәрет алып, Алла парыз еткен амалдарының бірін орындау үшін, Алланың үйлерінің (мешіттер) біріне баратын болса, оның жасаған бір қадамы үшін күнәсі кешіріліп, тағы бір қадамымен дәрежесі артады»[vii], - деді. Бұл хадистен алатын ғибрат, мүминнің мешітке келген соң емес, мешітке баратын алдында дәрет алуы аса маңызды.

6. Толыққанды имандылық. Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен хадисте, Алла Елшісі былай деп айтқандығы келтіріледі: Тура жолды тапжылмай ұстаныңдар, алайда олай істей алмайсыңдар. Және біліп қойыңдар! Сендердің ең абзал амалдарыңның бірі ол – намаз. Үнемі дәретте тек толыққанды мүмин ғана бола алады»[viii].

7. Жатар алдында дәрет алу таупықты[ix] өліммен дүниеден өтуде себеп. Бәрра ибн Ғазибтен (р.а.) Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ұйқыға жатар алдын, намазға дәрет алған сияқты дәрет ал, содан соң оң жақпен жатып «Уа, Аллам! Саған жан-тәніммен берілдім, Саған өз ісімді тапсырдым, Саған талпынып, Сенен қорыққандығымнан тек Саған ғана сенім арттым. Сенен басқа, құтылатын және бассауғалайтын жер жоқ. Сенің жіберген Кітабыңа, Сенің жіберген Пайғамбарыңа иман келтірдім», де. (Сонда, дәрет алып, осы дұғаны айтқан соң) егер сол түні дүниеден өтіп кетсең, онда анадан жаңа туылғандай күйде дүниеден өтесің...»[x], - деп айтқандығы туралы келтіріледі.

8. Дұға қабыл болады. Муғаз ибн Жәбәлдан (р.а.) Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қандай да мұсылман дәреті толық болып, күндізгі уақытты өткізіп, тіпті түнде төсегінде әрі-бері аунап, Алладан осы дүние мен ақыреті үшін дұға етіп сұраған болса, Алла оған соны береді»[xi], - деген.

9. Он есе сауапқа ие болады. Омардан (р.а.) Алла Елшісі (с.ғ.с.) риуаят етіледі: «Кімнің дәреті толық болып, дәретін жаңартын қайтадан алатын болса, Алла оған 10 сауап жаздырады»[xii].

10. Алла Тағала оны құрметтейді. Сәлманнан (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Кім өз үйінде жақсылап тұрып дәрет алып, сосын мешітке келсе, онда ол Алланың қонағы болып табылады. Ал, қонақтың хақысы, оған құрмет көрсетілуінде»[xiii].

Міне, дәреттің аса маңызды болған 10 пайдасы туралы тізбектеп, хадистерден дәлел келтіре отырып, сіздерді, оқырмандарды хабардар еттік. Әрине, дәреттің пайдасы мен артықшылығы осы 10 ерекшелікпен шектелмейді. Дәреттің біз біле бермейтін, Алланың құзырында мәлім болған басқа да сырлары бар. Олай болса, біз де дәретті дұрыс, әрі толық орындаушылардан болып, Алланың ризашылығына бөленейік!

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ


[i] «Бақара» сүресі, 222-аят.

[ii] Имам Тирмизи.

[iii] Дәрет алуға кедергі келтіретіп, қиындық тудыратын  жағдайлар.

[iv] Рибат - шекараны бекіту. Яғни, мұсылманның өз нәпсісімен үнемі күрес жүргізу. Жақсылыққа жақын болып, нәпсінің қалауларынан, шайтанның уәсуасынан абай жүру дегенді білдіреді.

[v] Имам Мүслим.

[vi] Хауд дегеніміз – су қоймасы. Сахих хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) хауд туралы сипаттап былай деп баян етеді: «Менің хаудым (су қоймасы) бір ай уақыт жүретіндей көлемді алады. Оның суы сүттен аппақ, оның жұпар иісі мускустың иісінен де күшті. Оның маңайындағы құмырандардың саны соншалық, аспандағы жұлдыздардың санындай. Кім хаудыдан ішсе, еш шөлдейтін болмайды».

[vii] Имам Мүслим.

[viii] Ибн Мәжәһ.

[ix] Таупық (араб. «тауфиқ») – синонимдері: әділ; игі; қиянаты жоқ; тақуа; тура.

[x] Имам Бұхари, Имам Мүслим.

[xi] Имам Әбу Дәуіт.

[xii] Имам Тирмизи.

[xiii] Имам Табарани.

Бөлісу: