Асылан Қуанышұлы: Қоғамды оңдырмаған Абайды әлі оңдырмадық

Асылан Қуанышұлы: Қоғамды оңдырмаған Абайды әлі оңдырмадық

Мақалалар
Жарнама

Қазақ маңдайына пайғамбар бітпесе де, ақын Абай біткен. Маңдайға сыймай кетті. Жастайымыздан жаттап өстік, бірақ түсінбедік, жүрекке терең бойлатпадық, бойлату керек екенін де білмедік.

Ақынды білмейтін қазақ жоқ шығар, бірақ, түсінетіні қаншаға тең екен. «Абай ескірмей, қазаққа ес кірмейді», - дейді А.Сүлейменов. Сол енді есті кіргізетін кім бар, кім ескіртеді? Дарияның жазғанын кім қорытып береді?!

Бір ғасырдың орта ширегіне жетті, әлі тани алмай келеміз. Абайды танысақ, адами болмысымызды танимыз. Ортайған жүрек орнығар.

Жан аурасы қозғалмаған қоғам, митің жүрісімен әлі ақсап келеді.

Көз соқыр болған қорқынышты емес, көкірек көз соқыр болған қорқынышты. «Адамның төбесінде үшінші  көз бар», - дейді Тыныштықбек.

Ең қарапайым жол – Абай арқылы ашу. Абайды оқысақ ашыларына кәміл сенімдімін. Жаратылысты түсінсең, өзіңді де түсінерсің. Қоғам да орнығар. Ит тағдыр жойылар. Ит тірлік қалар. Уланған сана оянар...

 «Қай жерде ақындар жайынан, я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім», - депті А.Байтұрсынов. Ал, біз әлі көп ақындар арасына қосып келеміз. Өлеңін жатқа оқып өзгеге жауыр қылғанға мәзбіз. Тереңдемейміз.

Абай атындағы мектеп, я университет бар. Абайтану сабағы да бар. Бірақ сабақты өзі түгел Абайды танымайтындар (болмысын) өтеді. Абайтану университетін ашу қалай жүзеге аспай жүр. Жүрекке оралғымыз келсе Абайтануға кірісу керек. Абайды жіліктеп «ескіртетіндерді» сол университтен түлек қылып ұшырып, мектептерге аттандырса игі қоғам орнайды.

ҒҰЛАМАНЫ әдебиет беттеріндегі «түрмеден» шығарып, көкірекке «тұтқын» қылып, тоғыту керек.

«Пайғамбардай жігіттер бар, мінерге есегі жоқ,

Есектей жігіттер бар малының есебі жоқ» , - демекші Абайды байдың баласы, уайымсыз болған соң кемелге жетті деп жатады кейбірі. Бірақ осы байлықты көтере алмайтын адам болады емес пе?!

Сондықтан Абай жөні бөлек.

«Ердің көкірегі жүкті болмай анадан дана тумайды» (Р.Тоқтаров ), Құнанбайлар көбейсе, Ұлжандар Абайға жүкті болады.

«Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,

Мүмін болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ», -  өз дәуірінде аса білімді болған Абай өлеңдері Алла жолына шақырады.

Расымен өлеңдеріне қарап отырсақ дүниенің бос екенін үстейді.

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дейді хәкім. Бұның мағынасы бұл дүние қалар, бірақ адам жаны  мәңгілік екенін көрсетеді. Өлімнен кейін өмір барын айтып кетеді.

Пендеміз ғой, кейде адамдарды алалап жатамыз. Абай атамыздың мына өлеңі жанды жылытып жібереді «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй хақ жолы деп әділетті».

Абай атамыздың өлеңдері адамды иманға келтіретін озық механизм. Тек тетігін тауып, пайдалана білсек болғаны.

Ермекбай Асылан Қуанышұлы,

Қожа Ахмет Яссауи университеті,

Түркістан қаласы.

Бөлісу: